«Доллардың орнына – дәнді-дақыл». Санкция құрсауындағы елмен қалай бизнес жасауға болады?

498
Adyrna.kz Telegram

Шағын және орта бизнес жасауда санкция құрсауындағы Иранмен сауда байланысының ерекшелігі қандай? Осы елге сапарлап қайтқан қазақстандық кәсіпкер Мұхит Қарсыбаев өзінің көрген-түйгендерімен бөліседі.

Бұл күндері Иранның азаматтық қоғамы осыдан тура 2 жыл бұрын «хиджабы толық болмағаны үшін» полиция қолынан зардап шегіп, қаза тапқан Махса Әминиді еске алуда. Ол 2022 жылы 16 қыркүйекте полиция бөлімінде құлап, ауруханада опат болды. Осы оқиғадан соң Иранда хиджабқа қарсы қозғалыс басталып, тұтас елде наразылық акциялары ұйымдастырылды. Махса Амини адам құқығын қорғаудың, әйел теңдігінің сиволына айналды. Бірнеше айға созылған наразылықта кемінде 476 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды. Осы оқиғаға дейін де халықаралық санкцияға ұшырап үлгерген Иран хиджабқа қарсы қозғалысты басып, жаныштағаннан кейін осы ел билігіне қарсы қысым мен санкция одан сайын күшейе түсті.

Қазақстан мен Иран сауда байланысы әртүрлі кезеңді өткерді. Соңғы жылдары сауда айналымы ептеп өсе бастады. Мәселен, 2020 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 238,1 млн долларды құраса, 2021 жылы 84,8 пайызға ұлғайып, 440,1 млн долларға жеткен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 521,4 млн долларға дейін артқан. Былтыр Тегеран қаласында өткен Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 19-отырысында екі ел арасындағы өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға жеткізу керектігі айтылды. Екі арадағы сауда Иранға салынған санкциялар кесірінен және коронавирус пандемиясы кезінде қатты құлдырап кеткен. Қазір қайтадан жандана бастағаны байқалады. Санкциядан көз ашпаған Иранмен шағын және орта кәсіпкерлік деңгейінде қалай байланыс жасауға болады? Таяуда осы елге сапарлап қайтқан жеке кәсіпкер Мұхит Қарсыбаев не дейді?  

- Иранмен бизнес саласында жұмыс істеудің қандай ерекшеліктері мен кемшіліктерін айта аласыз?

- Ерекшелігін айта кетсем логистика жылдам, сонымен қатар, визасыз 14 күн жүре аласың. Тамақтары халал, заттары бағасына сай сапалы. Екі аптада бір, аптаның бейсенбі күндері Алматы-Тегеран бағытында тікелей ұшақ ұшатыны ыңғайлы. Тағы бір артықшылығы – шекараның қолайлылығы. Қазақстан мен Иран шекарасы ашылғандықтан, 80 пайыз заттарға мемлекеттік салық салынбайды. Оның орнына қосылған құн салығын төлеп кіре беруге болады.

Иран мемлекеті ішкі нарығын өз өндірісінің өнімдерімен толтырып тастаған. Қазір өнімдерін сыртқа шығаруға әрекет етіп жатыр. Бірақ, оларда бұл бағытта тәжірибе өте аз сияқты сезілді. Мұндағы өндіріс зауыттары экспортқа әлі бейімделмеген. Ішкі нарықта өнім шығаратын кейбір компаниялардың сыртқа әлі шығып көрмегені аңғарылады. Бұл салада  бұрын шетелдермен байланыс орнатқан үлкен компаниялар ғана жұмыс істеп жатыр.

Сөйте тұра тауарды тек тапсырыс арқылы жасайтыны кішігірім қиындық туғызады. Өйткені тапсырысты айтылған уақытта дайын етіп бере алмай жатады. Одан бөлек, саудаласу, келіссөз жүргізу жағынан да қиындықтар туындауы мүмкін.

- Иран – көптеген халықаралық санкция құрсауына алынған ел. Жеке өзіңіз осы елге сапар барысында санкция салқынын сездіңіз бе?

- Санкция салдарынан банк карталары істемейтін (VISA, master cart) көрдім. Интернетті VPN арқылы пайдаланасың. Ақшаны доллармен алып барып, қонғаннан кейін ауыстырып аласың.

Иран мемлекеті санкцияның әсерінен долларды сыртқы елдерге жарата алмайды. Сол себептен бір компания бастығының «доллардың орнына Қазақстаннан дәнді-дақылдар әкелсеңдерші» деп айтқан кезі де болды. Бұл жерде өздерінің ақшаларының құны өте төмен. Соның салдарынан бәрі арзан көрінеді.

- Санкция шағын және орта бизнеске әсер ете ме екен, нақты не байқадыңыз?

 - Санкцияның шағын бизнеске өте қатты әсері жоқ деп ойлаймын. Ал, орта бизнесте ақша аудару жағынан қиындықтар бар. Одан бөлек жаңа технология сатып алуда проблемалар бар екен.

Сұрастырып көргенде санкцияның қарапайым адамдарға әсері жоқ деген жауап алдым. Өйткені, мемлекет тарапынан электр қуаты, газ, су, ұн, бензин, дизель отыны сияқты ең керекті заттарға субсидия көп беріледі екен. Одан бөлек, өндіріспен айналысамын дегендерге ұзақ мерзімге пайызсыз несие береді. Пайызбен бергеннің өзінде тек 3-4 пайыз ғана қосылады. Бірақ, көп субсидия берілгенімен мұнда оны толықтай пайдалана алмайсың.

Мәселен, жаз айларында электр қуаты жетпейтіні байқалады. Аптасына әр зауытқа екі күн электр қуатын бермей үнемдейді. Осы себептен көптеген зауыттар толық күшімен жұмыс жасай алмай отыр. Сол үшін қабылдаған тапсырыстарын уақытында дайындап бере алмай қалады.

- Иран мемлекетінде кәсіпкер әйелдер бар ма? Елдегі халықтың әлеуметтік жағдайы туралы не айта аласыз?

- Иранда бизнеспен айналысатын әйелдер көп. Жұмыс барысымен барған бір-екі компанияның бастығы әйел кісі болды. Оларды шектеулі деп айта алмаймын. Қазақстанда да, басқа мемлекеттерде де жеке кәсіппен айналысатын әйелдер бар болғаны сияқты, мұнда да кәсіпкер әйелдер жеткілікті. Оларды кемсіту секілді дүниелерді байқамадым.

Өз көргенім бойынша айтсам, халықтың әлеуметтік көңіл күйі жақсы. Еш қайсысының жағдайы жаман емес. Мәдениеті біздікінен кішкене артта сияқты көрінді. Соған қарамастан, Иран мемлекетінен өндіріс, өндірісті қолдау, қол өнер деген дүниелерді үйренуге болады.

 Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер