Құрғақ ауадан ауыз су өндіреді. Өзбекстанда жаңа құрал жасалды

3686
Adyrna.kz Telegram
Сурет: "Науаи" ЕЭА
Сурет: "Науаи" ЕЭА

Орталық Азияның суға мұқтаж, тұрғын саны көп елінің бірі Өзбекстанда ауадан ауыз су өндіретін жаңа техника сынақтан өтті. Ыстық та құрғақ климатта тәулігіне бір мың литрге дейін су өндіретін құрал энергоресурстарды аз шығындайды. Жоба басшысы оның шетелдік  нұсқалардан тиімі жақтарын айтады.

«Науаи» еркін экономикалық аймағында (ЕЭА) ыстық-құрғақ климат жағдайында ауадан ауыз су алуға арналған әлемдегі алғашқы қондырғының сынақтары сәтті аяқталды.

Өзбекстандағы күрделі сынақтардан өткен қондырғыны ресейлік Aquagenicа компаниясы жасап шығарған. Құрылғы тәулігіне 1000 литр су өндіруге қабілетті. Оның артықшылығы ретінде күн мен желді пайдалануға мүмкіндік беретін төмен энергия тұтынуын айтуға болады. «Навои» ЕЭА директоры Хабиб Абдуллаев құрылғы туралы Fergana ақпараттық ресурсына айтып берген.

АТА ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАН НЕМЕРЕ

2019 жылдың басында мәскеулік Хабиб Абдуллаев Өзбекстанға жұмысқа шақырылып, «Навои» ЕЭА басшысы болып тағайындалды. Келгеннен кейін бірнеше айдың ішінде ол елде су тапшылығы сияқты шешімі жоқ бірнеше негізгі мәселе бар екенін түсінді.

- Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 2019 жылдың мамыр айында Навои облысын жоғары технологиялар мен инновациялар аймағы деп жариялағаннан кейін, мен энергия тиімділігі мен суды үнемдеу саласындағы шетелдік ғылыми әзірлемелерге назар аудара бастадым. Мені әсіресе, шөлейттенуге қарсы күрес аясындағы су тақырыбы қызықтырды және мұның жеке себебі де болды. 1950 жылдардың аяғында Өзбекстан Ғылым академиясын басқарған атам Ташкентте шөлді зерттейтін Бүкілодақтық ғылыми орталық құруға тырысты. Бірақ ол мезгілсіз қайтыс болып, жоспарына жете алмады, - дейді Абдуллаев.

Әрі қарай келешегі зор жобаларды іздеу басталып, бірнеше нұсқа қарастырылды. Нәтижесінде, Абдуллаев ресейлік ғалым Сергей Доржиев жасаған атмосфералық ауадан су алудың «Ауа бұлағы» технологиясына қызығушылық танытты. Бұл уақытта ол Бүкілресейлік механикаландыру ғылыми-зерттеу институты (ВИМ) Федералдық ғылыми ауылшаруашылық инженерия орталығында жаңартылатын энергия көздері зертханасын басқаратын.

Абдуллаевтың айтуынша, Доржиев жасаған технология шетелдік аналогтармен салыстырғанда бірқатар артықшылықтарға ие болды. Мысалы, жабдық салыстырмалы түрде аз электр энергиясын тұтынатындықтан, аз көлемдегі күн немесе жел қондырғыларымен «қуаттандыруға» мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оны пайдалану оңай және бұзылуға бейім емес. Ең бастысы есептеулер су сору қондырғысының өте құрғақ ауада жұмыс істей алатынын көрсетті. Бұл су тапшылығы бар елдердің көпшілігі үшін өте маңызды.

Хабиб Абдуллаевтың айтуынша Доржиевпен әрең байланыс орнатып, оны Орталық Азияға шақырған. Алайда, бұл уақытта COVID-19 пандемиясы басталған еді.

- 2022 жылы біз Мәскеуде кездесіп, Өзбекстан бұл технологияны сынау үшін ең жақсы жер деп келістік, - деді Абдуллаев.

Сол кезде Доржиев және оның мамандар тобы инвестормен бірге Aquagenicа жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды.

- Инвесторды пилоттық жобаны Парсы шығанағы, Африка немесе Үндістан елдерінің бірінде емес, Өзбекстанда орналастыруға көндіру үшін тағы бір жарым жыл қажет болды, - дейді ЕЭА басшысы.

НАУАИДА ЖАСАЛҒАН НОУ-ХАУ

Нәтижесінде 2024 жылдың көктемінде ресейлік компания Өзбекстанда жобаны іске қосу туралы шешім қабылдап, жабдықтың негізгі элементтері еркін экономикалық аймаққа жіберілді. Кейбір компоненттер жергілікті жерден сатып алынды немесе өндірілді. Науаида күндіз аптап ыстық болғандықтан, мамандар кешке және түнде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Осылайша шілде айында құрғақ ауадан су алатын әлемдегі алғашқы қондырғы іске қосылды.

- Нәтиже біз күткеннен де асып түсті, - дейді Абдуллаев.

Қондырғының әуелгі өнімділігі тәулігіне 850 литрді құрады. Жалпы болжамды шамасы – 1000 литр. Ал судың сапасы, Ресей мен Өзбекстандағы үш түрлі зертхананың зерттеулері көрсеткендей, нормаларға сәйкес келді. Кейіннен жабдықты баптап, параметрлерін зерттеген соң есептелген көлемге қол жеткізу мүмкін болған.

- Көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде біз атмосфералық ауада 4 гр/м3 және одан жоғары су құрамы бар 10-70 цельсий арасындағы температура диапазонында ыстық-құрғақ климаттың экстремалды жағдайында жұмыс істейтін қарапайым машинаны жасай алдық. Бұл ретте шетелдік аналогтар ауадан 8-10 гр/м3 ауа ылғалдығында және 25-38 °с-тан жоғары немесе олар айтқандай, 20-40 °с температура диапазонында су алады. Біздің қондырғымыз сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселелерін шешуге көмектеседі деп үміттенеміз – дейді туындысы туралы ресейлік Aquagenica компаниясының басшысы Сергей Доржиев.

Бұл ұүралдың пайдалы болатынына Хабиб Абдуллаев та сенеді. Оның айтуынша, жаңа технология шалғайдағы елді мекендердің сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін біржолата шешеді.

- Ең алдымен, бұл балаларға пайдалы. Өйткені су сапасының төмендігі олардың денсаулығына зиянды әсер етеді. Денсаулық сақтау саласына түсетін жүктеме азаяды, бұл шығыстардың бір бөлігін басқа әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, автономды су көздері шөлейттенуді тоқтатуға, жаңа кен орындарын игеруге, геологтардың, вахталық жұмысшылардың, әскерилердің және басқа да көптеген мамандардың жұмысын жеңілдетеді, - деп атап өтті Абдуллаев.

Өзбекстанда тіркелген бірегей технологияның бағасы туралы нақты ақпарат жоқ. ЕЭА директорының айтуынша, қазіргі уақытта Aquagenica компаниясы Навои облысында жабдықты жаппай өндіруге арналған шығындарды есептеуде.

- Бір қуанарлығы – облысымызда машина жасау және металл өңдеу саласындағы бірқатар заманауи кәсіпорындар бар. Бұл тапсырманы айтарлықтай жеңілдетеді. Баға туралы ақпарат қараша айының ортасында белгілі болуы мүмкін. Қазір оқшаулау деңгейі бастапқыда 50 пайыздан асатыны анық, - деп түсіндірді «Навои» ЕЭА басшысы.

Жылына кемінде ауыз су шығаратын 500 қондырғы жасау жоспарланып отыр. «Науаи» ЕЭА аумағында 2025 жылы жаппай өндіріс басталады деп күтілуде. Абдуллаев өнімнің басым бөлігі экспортқа жіберілетінін айтты. Африка мен Азияның 30 елі бірегей қондырғыларды сатып алуға қызығушылық танытқан.

- Алайда, мен бірінші кезекте Өзбекстандағы ауыз су мәселесін түпкілікті шешуге басымдық беріледі деп санаймын, - деп түйіндеді Абдуллаев.

Пікірлер