"Балапанды күзде санайды". Бүгін - 100 рет құны түскен теңгенің туған күні

1794
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Бүгін Ұлттық валюта - теңге күні. 1997 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 15 қараша  – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.

1993 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы айналымға енгізілді. «Теңге» - орта ғасырдағы түркілердің күміс ақшаларының атауы. Қазақстанда ұлттық валютаны енгізуге қатысты ақша бірлігінің атауын «теңге» деп белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауық Тәкежанов ұсынған.

теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы  1991 жылы құрылды. Осы топқа кiрген Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел ұлттық валюта дизайнын әзiрлеуге кiрiстi. Ал тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылды.

Алғашқы тең­ге­­нi «Harrison&sons» компаниясы Англияда басып шығарды. Қазақтардың төл теңге­ні қағазға ба­сып беру тура­лы тапсырысы­ компа­нияның әлем­дік­ дең­гейде атын шы­ғаруға себеп болды. Теңгенің арқа­сын­да аталмыш компания Ұлыбритания ханымының Алтын белгісімен марапатталып, біздің ұлттық валютамыз Британия корольдігінің ең үздік экспорттық өнімі аталды. Жер шарына атын шығарған теңгеге құрмет ретінде ағылшын компаниясының бас ғимаратында теңгенің суреті салынған тақта ілінді. Содан айналымға енгізілген қағаз ақша түріндегі тиындар уақыт өте келе темір ақшаға айырбасталса, арада көп ұзамай, ұсақ ақшалар түгел темірге көшірілді.

Лондоннан жеткізілгеннен кейін теңге 8 күннің ішінде еліміздегі барлық банкке түгел таратылды. Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңге өз елімізде шығатын болды. 1995 жылдың мамыр айында тұңғыш банкнот фабрикасын­ Назарбаевтың өзі барып ашты.

ТЕҢГЕНІҢ ТЕГІН ЖҮЗУІ

1993 жылы алғаш қолданысқа енгізілген кезде бір доллар 4,7 теңге болған. Қазір 500 теңгеге таяп қалды.

Теңгенің алғашқы күрт құлдырауы 1994 жылы болды. Біріншіден, ақпан айында бағам бірден екі еседен астам, яғни 4,7 теңгеден 11 теңгеге көтерілді. Бірақ бұл да ұзаққа бармады. Келесі үш айда доллардың өсу қарқыны жалғасты және 1994 жылдың мамыр-маусым айларында теңге антирекордты жаңартты: бір доллар 35-40 теңге болды.

Мамандардың айтуынша, 1994 жыл еліміздің 30 жылдық тарихында теңгенің құнсыздануы жағынан ең қиын жыл болды.

Осындай қысқа мерзімде ұлттық валютаның күрт әлсіреуінен кейін салыстырмалы тыныштық орнады: доллар өсуді жалғастырды, бірақ бұл біртіндеп болды. Алайда, бес жыл ішінде – 1999 жылға дейін – ол екі есеге жуық өсті, 1 доллар 85-86 теңге шамасында болды.

1999 жылы теңгенің тағы да күрт құлдырауына үкімет пен Ұлттық банктің қазақ ұлттық валютасы бағамының еркін ауытқуына көшу туралы шешімі себеп болды. Наурыздағы 80 теңгеден 1999 жылы желтоқсанда доллар 120 теңгеге дейін көтерілді. Тіпті, бір жылдың ішінде ұлттық валюта бағамы бір жарым есе құнсызданды.

2003 жылға қарай 1 доллар шамамен 149-150 теңге тұрды. Дәл осы сәттен бастап теңге өзінің өмір сүру тарихында өзін ең сенімді сезінген кезең басталды. 2003-2008 жылдар аралығында қазақтың ұлттық валютасы бірте-бірте нығая бастады: теңгенің долларға шаққандағы бағамы 2008 жылдың аяғында 120-дан сәл ғана асты.

Күткендей, теңгенің нығаюы мәңгілікке созылған жоқ. Келесі девальвация 2009 жылдың ақпанында жүргізілді. Содан кейін айырбас бағамы дәлізі құрылды. Ұлттық банк оны 1 доллар үшін 150 теңге деп белгіледі. Бұл қадамның басты себептерінің бірі осы кезеңде энергия бағасының айтарлықтай төмендеуі болды.

Ең күтілген және күтпеген девальвация 2014 жылғы ақпанда теңгенің құлдырауы болды.

Бұдан кейін Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов девальвацияға ешқандай алғышарттар жоқ деп сендірді. Бірақ 20 күн өтсе де солай болды. Қазақстанда бұл оқиғалар «Қара сейсенбі» деп аталды. Оқиғалар қарсаңында орта есеппен 155 теңгеден саудаланып жатқан доллар күрт қымбаттап, 182-188 теңгеге дейін көтеріле бастағады.

Бір жылдан кейін доллар тағы көтерілді. Содан кейін елдің бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов Ұлттық банкпен бірге ұзақ кеңесулерден кейін валюталық дәлізді жою туралы шешім қабылдағанын жариялады. Соның салдарынан доллар 220-222 теңге аралығында қымбаттай бастады.

Теңгенің құлдырауы кейінгі жылдары да жалғасты, бірақ бұл біртіндеп орын алып, халық арасында қатты сілкініс тудырмады. 2016-2019 жылдар аралығында доллар 342 теңгеден 383 теңгеге дейін қымбаттады. Ал өткен екі індетте бұл көрсеткіш 400 теңгеге дейін өсті.

Қазақстан ұлттық валютаға кезекті «соққы» 2022 жылдың көктемінің басында болды. Бұл Украина мен Ресей арасындағы геосаяси шиеленістің дамуы аясында орын алды. Доллар құны көтерілген максималды деңгей 510-513 теңге болды. Алайда, содан бері теңге бірте-бірте өзінің біраз позициясын қалпына келтірді. Бүгінде доллар 468-470 теңге аралығында саудаланып жатыр.

Пікірлер