Жалпыға ортақ декларация. Салық мәдениеті туралы сарапшылар пікірі

1410
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Қоңыр тіршілік кешіп жатқан қарапайым қазақстандықтар 2025 жылдан бастап декларация тапсырмайды. Себебі, қазіргі таңда еліміздегі жүйенің барлығы дерлік цифрландыруға көшкен. Яғни халықтың кірісі туралы деректерді ортақ базадан онлайн алуға мүмкіндік бар. Осыдан бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жалпыға бірдей декларациялаудың келесі кезеңін өткізуді тағы бір пысықтауды тапсырған болатын. Нәтижесінде Үкіметтің бүгінгі отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев қарапайым халықты декларациядан босату туралы ұсыныс айтты.

Ведомство басшысы, үш кезең аясында декларациялау жүйесінен 4 миллион 800 мың адамның өткенін атап өтті. Оның ішінде мемлекет қызметкерлері, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары бар. Төртінші кезеңде студенттер, үй шаруашылығындағы азаматтар, зейнеткерлер және басқа да азаматтар декларация тапсыруы тиіс болатын. Барлық деректер қолжетімді болғандығын алға тартқан Қаржы министрі бұл шешімнен бас тарту қажеттігін жеткізді. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындап, Парламент қарауына енгізуді тапсырды. Бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей өзекті болып келе жатқан бұл мәселелер бойынша мамандар пікірін жариялаймыз.

 «Салық мәдениетін нығайту керек»

Қаржыгер Бауыржан Ысқақов:

– Жалпы декларациялау - көлеңкелі табысты табысты анықтауға бағытталған тура жол. Біздің елде декларациялау туралы заңның қабылданғанына 14 жыл болған екен. Бірінші, екінші, үшінші кезеңдерінің өткені баршаға белгілі. Мемлекеттік, квазимемлекеттік кәсіпорындардың басшылары мен олардың жұбайларына қатысты 4 миллион 800 мыңнан астам азаматтың  декларацияланғаны мәлім, сол арқылы біршама адамдардың шетелде қанша активтері бар екендігі анықталды. Қаражаттар мемлекеттік бюджетке түсті. Негізінен, бұл кезеңдер өз миссиясын орындады десек артық айтқандық емес. Ал енді 8 миллион халықты босату дұрыс шешім. Цифрландырудың арқасында бұқара халыққа қатысты ақпарат қазір қолжетімді. Қазақстанда  еңбекке жарамды халықты 9,5 миллион халық бар десек, соның 80 пайызының екінші деңгейлі банктер алдында несиесі бар. Яғни төлем қабілеттілігі жайында, қанша кірісі, әйелінің кірісі қандай деген ақпараттар керек болса оны декларациясыз да мемлекеттік органдар банктер немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да, басқа да цифрлық технологиялар арқылы алуға мүмкіндігі бар. Меніңше 8 миллион халықты босатудың ар жағында өзіндік бір негізі бар. Ал енді қазір заманауи цифрлық технологиялар мәліметтер базасы декларация тапсыру қажеттілігін қысқартуға өте жақсы мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта азаматтар әртүрлі органдарға жүгінген кезде өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін береді, сол жеткілікті. Яғни оның қандай мүлігі бар екендігі тұрады, өйткені сауда-саттық жасаған кезде сату-сатып алу кезінде, банкке барып несие алу кезінде де оның төлем қабілеттілігі туралы мәліметтердің барлығы беріледі. Сол үшін заманауи циофрлық технологиялардың көмегі қазіргі уақытта Қазақстанда өте тиімді болып тұр. Өйткені бізде заң қабылданды, банктердің цифрлық технология бағытындағы жұмыстары жетілдірілді. Бұл декларациялану тоқтап қалады деген сөз емес, бұл жұмыстар жалғаса береді.  Бізге декларациядан бұрын, азаматтардың салық төлеу мәдениетін қалыптастыру керек. Мәселен АҚШ тұрғындары айтады, «бізде екі үлкен мереке бар, бірінші туған күні, екіншісі мемлекет алдындағы салығын төлеген күн» деп. Олар расында осы екі күнді тойлайды. Бұл – американдықтар арасында салықтық мәдениеттің өте жоғары дәрежеде қалыптасқанын білдіреді. Олар алтыншы президент Бенджамин Франклиннің айтқанын әзілге қосып айтып жүреді, «Адам баласын құтқармайтын екі нәрсе бар: бірі – өлім, екіншісі - салық» деп. Дамыған елдер тұрғындары салықты ашық төлеу арқылы өз болашағымды қалыптастырып жатырмын деп ойлайды. Сол арқылы ертеңгі күнінің тыныш, түзу болатынына сенімді жүреді. Әлем бойынша көбінесе осы АҚШ, Еуропа елдері салыққа өте жауапкершілікпен тиянақты қарайды. Бізге осы бағытты дамыту керек. Табыс таптық па, соған сәйкес барлық табыстардың 42-43 пайызы салық ретінде төленетін болса, соны уақытылы төлеу керектігін түсіну керекпіз, сол арқылы біздің ұрпағымыз тыныш өмір сүретінін сезіне білгенде ғана салық мәдениеті қалыптасады. Оның механизмдерін мұқият қарастыру керек, ақпарат құралдары, декларациялау сынды құралдарды қолданып халықтың салықтық мәдениетін нығайта түсуіміз қажет.

            «Қаржылық жауапкершілікті құптаймын»

Экономист Расул Рысмамбетов:

– Ортақ деларациялаудан босату республика халқының, демек, жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді. Декларациялау жұмыстары белгілі бір санаттағы тұлғалар үшін сақталынады. Олар: ҚР тысқары жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК, есептесек, 74 млн теңгеден астам сомаға сатып алулар жасағандар, дербес салық салынатын табыс алғандар болып табылады. Бұл көптеген тұлғалардың қаржылық жауапкершілігін күшейтеді. Меніңше, жаппай декларация көлеңкелі табысты көру және оны азайту үшін тиімді құрал бола алады, себебі азаматтардың табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді ашық түрде жариялау олардың заңды кірістерін есептеуге және салық төлеу жүйесіне қатысуын күшейтуге мүмкіндік береді. Бірақ, қазіргі Қазақстан цифрландыру саласында көшбасшы болғанымызды ескерсек, жаппай декларация жүйесін тиімдірек және үнемдірек тәсілмен жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Заманауи цифрлық технологиялар мен мәліметтер базасы декларацияны тапсыру қажеттілігін қысқартуға жол ашып отыр. Мемлекеттік деректер базалары арқылы қажетті ақпаратты автоматты түрде жинау мен өңдеу көлеңкелі табыс пен салық төлеуден жалтару мәселесін шешудің оңтайлы жолы болуы мүмкін. Бұл азаматтарға жыл сайын декларация толтырудан туындайтын стрессті азайтып, мемлекеттік ресурстарды үнемдеуге көмектеседі. Азаматтардың салық төлеу мәдениетін дамыту үшін декларация маңызды орын алады, себебі ол азаматтарды қаржылық жауапкершілікке үйретеді және қоғамда заңға бағынушылықты күшейтеді.

«Адалдық пен ашықтық болуы тиіс».

Экономист Ілияс Исаев:

Жалпыға ортақ декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған болатын. Одан бері қаншама уақыт өтті, Қазақстанда ауқымды өзгерістер орын алуда, атап айтсақ, цифрландыру ісі, банктердің қызметі қарыштап дамып кетті ғой.  Мәліметтер базасы ортақ болғандықтан ашықтық қалыптаса бастайды. Бәрі қолжетімді ашық болғандықтан төртінші кезеңді өткізудің мән-маңызы болмай қалған сияқты. Негізінен декларация арқылы көлеңкелi экономикамен күрестi күшейту қажеттiлiгi туындады. Себебi әлi де болса ақшаны шетел асыру тоқтамай тұр және Қазақстан азаматтарының шетелдегi активтерi туралы мәлiметтері жасырын болып, олар салық салудан тыс қалып отыр. Бұрынғы кезде бай-манаптар заңсыз дүние-мүлкін, үй-жайларын, бизнестерін туыстарының атына жаза салатын. Қазіргі кезде заманына қарай түрлі қулық-сұмдықтар пайда болды, жағдай басқаша, Дубайдан, Балиден вилла сатып алады, одан қалса  оффшорға кетеді, криптовалюта сынды әдістер шықты, бұл өрісті мемлекет бақылай алмайды, қанша тапты, қайда жіберді, ол қадағалаудан тыс қалып жатыр. Осы жағын қолға алған дұрыс. Дүние-мүлкің үшін, қолданып жатқан жерің үшін, жасаған саудаң, тапқан пайдаң үшін салық төлеу қалыпты нәрсе екендігін көпшілік түсіне бермейді, оған сауаттылық керек сияқты. Салық төлеуден жалтарған азаматтарымыз мемлекетке орасан зор шығын келтіріп жатыр.  Тағы бiр айтылатын мәселе, квазимемлекеттiк сектордың қызметкерлерi мемлекеттiк бюджеттiң акшаларын жалақыға бонус деп жүгенсiз жұмсау әдетке айналған, «әй дейтiн әже жок, қой дейтiн қожа жоқ» деген осы. Бұл да мемлекеттiк бюджеттiң ақшасын өндiрiспен байланыстырмай босқа жұмсаудың жолы, бюджеттiң шығынын өсiредi. Меніңше, барлық салада ашықтық, адалдық болуы тиіс. Бұл Әділетті Қазақстанды құру бойынша нақты қадамдар болып табылады. Салық төлеу бұл жазалану емес, бұл міндетті нәрсе. Бұл ретте қарапайым халықтан гөрі, көл-көсір табысын жасыратын азаматтардың мәселесін бірінші қолға алған жөн. 

Меруерт Райым

Пікірлер