Тәуелсіз толқын. Қазақ тілінде автоблогерліктің негізін қалаған тұңғыш журналист

2101
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Елімізге аталмыш терминді алғаш енгізіп, қазақша контентті жаңа арнаға бұрған №1 автоблогер Олжас Оқасты танымайтын жан кемде-кем шығар. Бүгінгі материалда онымен еліміздегі қазақ тілді өнімдердің өтімділігі, блогерлікке келу жолы жайлы тілдесіп көрдік.

Бүгінгі таңда автоблоггерлікті нағыз кәсіп деп санауға болады. Автоблогер -   режиссерлік қабілет пен сценарий жаза алуы, түсірілім мен монтажды қадағалай алуы және әрине көліктерді жақсы түсіне білуі керек.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

- Олжас мырза, өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз, қайда оқыдыңыз?

- Мен Алматы облысындағы Қоғалы ауылында дүниеге келдім. Алматыда өстім, 13-ші орта мектебін аяқтап, ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне түстім. Бірінші курста “Қазақстан” Ұлттық телеарнасында тәжірибе жинап, артынша “Алматы” телеарнасында авторлық бағдарлама жүргіздім.

- Автомобильдерге деген қызығушылығыңызды не оятты? Кішкентайдан көліктерді жақсы көретін ба едіңіз?

- Иә, мектеп қабырғасында көлікке қызығып сабақ кезінде спорттық көліктердің дизайнын сызып отыратынмын. 2010-2013 жылдары Ресейде автоблогинг қатты дамыды. Қазақ автожурналистикасының негізін қалап бірінші автор атанғым келді. Ойдағыны іске асырдым.

«ӨЗІМДІ АВТОБЛОГЕР ДЕП АТАҒЫМ КЕЛМЕЙДІ»

 - Автоблогинг туралы идея қайдан туды? Блогерлік жолыңыз жайлы айта кетсеңіз. Қашан, қалай басталды?

- Өзімді автоблогер деп атағым келмейді. Журналистік білімім бар. 2017 жылы Қаскелеңдегі “Барыс” автобазарының Ютуб каналын жүргізуге ұсыныс түскенде қуана қабылдап, ілгері жылжыдым. Жарты жылда 100 мың жазылушы жинап тез арада танымал болдым. Артынша “Колеса” компаниясынан жұмысқа шақырту алдым. Бұл жерде Қазақстандағы ең мықты, ақылды, талантты кісілер жұмыс істейді. Командалық жұмыс аясында талантты біліммен күшейтіп елдегі топ контентті шығардық.

 

 - Қазақстан үшін аталмыш контент түрі өтімді ме? Халық қалай қабылдайды? Қаралым жағы қалай?

- “Атқа мініп өскен” қазақ қашанда жылжымалы техникаға қызығады. Автомобиль хақында сапалы контентке зәру болған аудитория мені қуана қабылдады, қолдады.

“Колеса” компаниясында, мінекей, алты жыл қатарынан үздіксіз видео жариялап жатырмыз. Қазаққа өте қызық модельдер туралы айтқанда қаралым өте жақсы. Арасында эксклюзивті, бейтаныс көліктер жайында репортаж жасағанда қаралым аздау. Дегенмен, техниканы сүйетін адам өзіне керегін алады. Ең бастысы, жұмысты тиянақты, шын көңілмен әзірлегендіктен көрермен лайықты бағасын беріп отыр.

- Қазіргі уақытта нарықтағы ең үздік үш автокөлікті атай аласыз ба және неліктен?

- Үздік үш көлікті атау қиын. Бұл сүйікті музыка, таңғалдыратын фильм секілді ауыспалы дүние.

Өзіңіз шолу жасаған топ-чартыңыз қандай десеңіз: Tesla Cibertrack, Ferrari F8, Mercedes-AMG G63

«ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫМЕН ЖҮРЕТІН КӨЛІК ОЙЫНШЫҚ СЕКІЛДІ»

- Электромобильдер мен гибридті автокөліктер туралы ойыңыз қандай?

- Электрификация бүкіл әлемде қарқын алды. Бұған дүмпу берген Илон Маск пен Қытай өндірісі. Қазақтар үшін тек қана электр энергиясымен жүретін көлік ойыншық секілді. Бензин судан арзан мемлекетте дәстүрлі мотор екінші орынға жылжымайды.

Гибрид қондырғысы бар автомобильдер бөлек әңгіме. Біздің халыққа ыңғайлы автомобиль осы. Технологиялы һәм үнемді.

- Алдағы уақытта халыққа қандай жаңа жобалар ұсынасыз? Қандай тың идеялар бар?

- Расын айтайын, әзірше жоспарланған проектілерді іске асырумен жүрміз. Келешекте не боларын білмеймін. Осы мәселеге байланысты көп ойланам, көп толғанам…

- Жауабыңызға рақмет!

 

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер