Тәуелсіз толқын. Гарвард университетіндегі қазақ тілі маманы

1689
Adyrna.kz Telegram

Назарбаев университетінде 13 жылға жуық сабақ берген ғалым, филолог  Әйгерім Әлиасқар бүгінде Harvard Extension School-да білім алып жатыр. «Адырна» тілшісіне берген сұқбатында отандасымыз Гарвард университетіне жұмысқа шақырту алғанын айтты.

Әйгерім Әлиасқар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің және Е.Гумилев атындағы ЕҰУ түлегі.

- Қазіргі таңда  Harvard Extension School-да оқып жатырмын. Онда бизнес бағытында білімімді жетілдірудемін. Нақты кәсіп бастамасам да, қазіргі алып жатқан курстарым көшбасшылық қабілеттерімді дамытуға, стратегиялық басқару мен қаржылық талдау дағдыларымды жетілдіруге  үлкен үлес қосып жатыр. Себебі біз әлем нарығындағы алпауыттар Google, Facebook, Microsoft сынды көптеген компаниялардың кейстерін талдап, көп пайдалы инсайттар алып жатырмыз. Жалпы, бұл бағдарламаға түсу соншалықты қиын емес. Асықпай өз темпіңізбен 5 жыл ішінде 12 курсты  өте жақсы бағамен аяқтасаңыз, магистр дәрежесін ала аласыз. Гарвардтың ең бірінші беретін құнды дүниесі нетворкинг.  Әлемнің мықтылары бір арнада тоғысып, ой бөлісіп, достасатыны ұнайды. Мәселен, жазда алған курсымда студент ретінде  Гарвардтың заң факультетінің профессоры да болды, группалас ретінде бірге жоба жасадық, мен үшін бұл тамаша нетворкинг болды. Қазірдің өзінде 50-ден аса Нобель сыйлығының иегері Гарвардта сабақ береді, осындай энергетикада болудың қандай бақыт екенін айтып жеткізе алмаймын,— дейді ол.

Қазақстандық студенттерге академиялық жазылым, кәсіби қазақ тілі пәндерінен берген оқытушы жақын арада шетелдік білім алушыларға да қазақ тілін үйретпек. Айтуынша, Гарвард университетінде Орталық Азия тілдерін оқыту және зерттеу жобасы қолға алынып жатыр.

– Arts and Science факультетінен жұмысқа шақырту алдым. Қазақ, өзбек және қырғыз тілдерінің мамандарына вакансия жарияланғанда Назарбаев университетінен алған мол тәжірибемнің арқасында конкурстың барлық сатысынан сәтті өттім. Алдағы семестрде тілдерді зерттеу бағытында білім алып жатқан PhD студенттеріне сабақ беретін боламын,—деп түсіндірді филолог.

Әйгерім Әлиасқар қажет білімді жинақтағаннан кейін Қазақстанға оралатынын жеткізді.

- Оқу мен жұмысымызды аяқтағаннан кейін, әрине, елге қайтамыз. Қазақстанның дамуына үлес қосу – біздің азаматтық парызымыз. Алдағы уақытта мемлекетімізге өз пайдасын тигізер үлкен жобаларды іске асыру ойымызда бар. Қазір күшіміз тасып, жалындап тұрған кезімізде әлемнің мол тәжірибесін, инсайттарын алып, Отанымызға бұдан да мықты маман ретінде оралғымыз келеді,— дейді ол.

Филолог сұқбат барысында Қазақстан мен шетелдегі білім беру жүйесіне де тоқталды.

«Американың білім беру жүйесінің басты ерекшеліктерін атап өтуге болады. Ең алдымен, мұнда  нақты практикалық дағдылар мен проблемаларды шешуге баса назар аударылады. Оған қоса, индустриядан мамандарды оқытушылыққа тарту ісі де кеңінен таралған. Олар еңбек нарығының қазіргі талаптарын біледі, сондықтан оқу бағдарламасына соңғы жаңалықтарды енгізе алады. Ал индустрия жаңа таланттарды іріктеп, болашақ мамандарды табуға мүмкіндік алады. Осылайша теория мен практиканың ұштасуы екіжақты пайда береді.  Екіншіден, профессорлар мен оқытушылардың студенттерге деген қарым-қатынасы құрмет пен теңдікке негізделген. Student-oriented деген тәсілге сүйеніп, студенттің қажеттіліктері мен мүдделері басты орынға қойылған. Оқытушы ментор ретінде студенттің әлеуетін ашуға жұмыс жасайды. Курс соңында студенттер оқытушының жұмысын жан-жақты бағалайды, сол кері байланыстың нәтижесінде тек таңдаулы ұстаздар ғана жұмысын жалғастыра алады.

Қазіргі таңда  қазақстандық білім беру жүйесіне де оң өзгерістер енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта білім арқылы еліміздің экономикалық дамуына әсер ете аламыз деп сенемін»,—деп пікір білдірді оқытушы.

Әйгерім таным көкжиегін кеңейтіп, шетелде оқығысы келетін жастарды батыл болуға шақырды. Айтуынша, қазіргі таңда тегін білім алуға барлық жағдай жасалған.

- Қазақ жастарының шетелде оқуға ұмтылуын өте керемет құбылыс деп санаймын. Олар Америка мен Еуропа елдерінен алған жоғары білімі мен тәжірибесі арқылы Отанымыздың гүлденуіне зор үлес қосып, жаңа деңгейге шығара алады. Қазіргі таңда шетелдік университеттер ішкі гранттарды PhD бағдарламасына жиі бөледі. Олар тегін оқып қана қоймай, жұмыс істеу мүмкіндігіне де ие болады. Кейбір жастар «Болашақ» бағдарламасынан бас тартып, ішкі грантқа ауысып жатады. Шетелде оқығысы келетін жастар Эразмус+, Fulbright, DAAD сынды бағдарламарды зерттеп көруі тиіс. Ең алдымен, мен қорықпауға кеңес беремін. Адам талаптанса ғана қалаған мақсатына жетеді. Көп адам қорқақтап, тәуекелге бас тікпегендіктен, бір орында қалып қояды. Бүгінде шетелде тегін оқуға көмектесіп, бағыт-бағдар беретін көптеген компания жұмыс істейді. Қажет ақпарат ашық дереккөздерде толып тұр. Жастар осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланғанын қалаймын,- деп түйіндеді ол.

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер