Жас сценарист кино саласының қазіргі беталысы және өзінің шеберлік тәсілімен бөліседі.
Соңғы уақытта елде кино саласында, әсіресе, комедия жанрындағы туындылар рейтингте көш басында тұр. Неліктен елімізде дәл бұл жанрдың танымалдыққа ие болғанын «Қазақша бизнес Бразилияда», «Еркебай» толықметражды фильмдерінің сценарисі, қазақша ертегілердің авторы Шыңғысхан Ермаханнан сұрап көрдік.
- Сценарий саласына қалай келдіңіз?
- ҚазҰУ-да шығыстанушы мамандығын аяқтағанмын. Сценарийге келуім «Жайдарманнан» бастау алды. Мектеп кезінде ойнап бастап, университет кезінде жалғасын тапты. Оқу бітірген соң «Жайдарманмен» кәсіби түрде айналыса бастадым. Біртіндеп өмір бойы бұл салада жүрмейтініміз түсінікті болғаннан кейін, өзім кино саласына қадам басқым келді. Маған актерлық шеберлікті қолданып, әзілді ойнатуға қарағанда, әзілді ойлап тапқан, жазған процесс көбірек ұнады. Сол себепті, авторлық, сценаристік жолды таңдадым. Өзімді 2018 жылдан бері теоретик маманмын деп санаймын. 2020 жылдан бастап практик маманымын деп есептеймін.
- Қазір комедия жанрында көп фильм түсірілуде. Осыған қатысты автор ретінде айтыңызшы, неге басқа жанрлар халыққа өтімсіз? Неліктен дәл осы комедия көп түсірілуде?
- Қазақстан аясында алатын болсақ комедия көп түсіріледі деп айтуға негіз бар. Әлемдік кино саласын, кино тарихын қарайтын болсақ, ең рекордты жанр осы комедия жанры. Ол 70 жыл көш бастап, коммерциялық сәтті кино жанр ретінде өзін қалыптастырған. Бұл – әлемдік тенденция. Бұны тек Қазақстанда ғана осындай деп айта алмаймыз. Әлемде болып жатқан тенденция бізде де көрініс тауып жатыр. Комедияның көптеп түсірілуі – қалыпты жағдай. Оның үстіне біздің халықтың болмысы әзілге жақын. Сондай болғандықтан біз өзіміздің табиғатымызға жақын дүниелерді жасай аламыз, жасау қолымыздан келеді. Әрі халық та бұл жанрды қабылдай алады. Одан кейін комедияның көп түсірілуіне қаржы мәселесі де себеп. Инвесторлар тек шығармашылық жағынан ғана емес, коммерциялық та сәтті жоба болғанын қалайды. Комедия шығармашылық тұрғыдан да, қаржылық жағынан да өтімді.
- Қазақша ертегі кітаптардың авторы атандыңыз? Бұл жоба қалай басталды? Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
- «Ordagen» жобасы туралы айтудан жалықпаймын. Бұл – Алтын Орда дәуірінен бергі аңыз, ертегілерді жаңғырту мақсатында ашылған жоба. «Алтын сақа», «Ақсақ құлан» сияқты ертегілерді Алтын Ордаға дейінгі халық біледі екен. Бұл ауыз әдебиетінің жақсы дамығанын көрсетеді. Осы себепті «Ordagen» жобасы осындай миссияны қолға алып, Алтын Орда дәуірінен бері өзгермеген ертегілерді жаңартып, ата-аналар мен балаларға жаңа контент ұсынайық деп жаппай ертегі жазумен өз жұмысын бастаған. Бұл жобаға 2020 жылы қосылдым. Жоба аясында еліміз бойынша әр өңірден 100-ге жуық автор мен 600-ге жуық жаңа ертегі жинадық. Редакторлық жұмыстардан кейін, соның 100-ге жуығы «Ordagen» қосымшасында жарияланды және кітап болып басылды. Одан бөлек, өзім танымдық бағытта 50-ге жуық ертегі жазып шықтым. Мултьсериал, балаларға арналған жаңылтпаштар, тақпақтар сияқты контентпен де айналыстық. Бұл жоба идея жағынан сәтті болғанымен, коммерция тұрғысынан сәтсіз болды. Ақыр соңында үзіліс алуға тура келді.
- Елімізде қазақша сценаристтер жеткілікті ме?
- Біздің нарық өте тар. Ол халық санына да байланысты деп ойлаймын. Алматыда шоғырланғанымен де кино нарығы тар. Екі-үш жыл бұрын кино саласы өте қатты қарқынмен дамыды. Бұл табиғи жолмен емес, тым жылдам дамып кетті. Ал мұндай ілгерілеуге кадрлар дайын болмады. Техникалық тұрғыдан оператор, режиссерлер жеткілікті болғанымен, басқа салада мамандар жетіспеушілігі болды. Сценаристер ғана емес, грим жасаушылар, редакторлар, актерлар да бұл дамуға дайын болмады. Соның салдарынан белгілі, мүйізі қарағайдай авторлар бұрынғыдан да бетер сұранысқа ие болды. Орта буын сценаристері де таптырмайтын маманға айналды. Енді бастап, бірдеңе жазып жүргендер де осындай ұлы салаға оңай еніп кетті. Үлкен қазанда бәрі бірге қайнап жатыр.
Осы тұста өзімді ағартушылықпен айналысып жүрмін деп айта аламын. Голливуд мектебінің және кеңес кезіндегі, отандық сценарий жазудың ерекшеліктерін жинап, енді бастап жатқандарға дұрыс жол көрсету үшін, дұрыс өнім жасау үшін қазақ тілді авторлармен білімімді бөлісіп жатырмын. 2021 жылдан бастап жыл сайын 10-15 адамды сценарий жазу шеберлігіне үйретемін. Мен өзім кезінде қазақ тілді оқуды еш материал таппадым. Орысша, ағылшынша оқығанмен, қазақ тілді дүниелерді қажет етесің. «Сценаристің қойын кітабы», «Жас сценаристің қойын кітапшасы» сияқты электронды кітаптар жазып шықтым. Өзім таппағаннан кейін, осындай дүниемен айналысуға көштім.
- Әртүрлі жобаларға автор болуға ұсыныстар түсетінін айттыңыз. Олардың арасынан қалай таңдайсыз? Өз талаптарыңыз бар ма қоятын?
- Бірінші дым жасыратыны жоқ, ақшасына қараймын. Одан кейін балаларға арналған, отбасылық жанрда болса, соларға басымдық беруге тырысамын. Өзіме белгісіз сала болса қызығушылық танытамын. Продюсер, режиссерлер dark, light деп бөледі. Light деген – ашық-жарқын оқиғалар болса, dark деген – қайғылы, трагедиясы көп оқиғалар. Мен өзім light оқиғаларға басымдылық беремін. Жақында балаларға арналған толықметражды фильм мен мультфильмге ұсыныс түсті. Екеуінен де бас тарттым. Ішіндегі құрылымы, мазмұны ұнамады.
- Шабытыңыз сарқылатын кез бола ма?
- Мен шабыт, мотивация дегендерді мойындай бермеймін. Өзім болмысымнан сапаның емес, санның адамымын. Сол үшін бір идеяға бірнеше нұсқа ойлап табуға машықтанғанмын. Сол себепті менің миымда мұндай түсінік жоқ. Шынымен адамның тоқтаусыз идея генерациясы жасай беруі мүмкін емес. Бірақ, идея генерацияға дайындалатын іздену, оқу, басқалармен тілдесу деген сияқты дүниелер бар. Осы процесстер тоқтаған кезде идея генерациясы да тоқтайды.
Идеяны жоқ жерен шығару әркімнің қолынан келе бермейді. Зерттеу, оқу, іздену арқылы өнім шығаруға болады. Сол үшін мен шабыт, мотивация, муза дегенге сенбеймін. Шабытым жоқ деп отырғанға қарағанда 1 сағатта нашар болса да екі идея ойлап тапқан жақсы. Мен осылай санаймын. Жас сценаристтерге күнде бір бет жазуға тырысыңыздар деп айтамын. Не жазғаның, жақсы жазғаның, немесе нашар жазғаның маңызды емес. Маңыздысы бұл арқылы жазу машығын қалыптастырасың. Сандардан сапа туады.
- Телебағдарламада да сценарист болып жүрсіз. Артықшылықтары туралы айтып берсеңіз.
- «Түнгі студия» бағдарламасы басқа телевизиялық жобалардан ерекше. Басқаларында сюжет түсіру керек болса, мұндағы ерекшелік басымдылық әзілге, креативке беріледі. Оны жайдарман мен сұхбаттың арасындағы бағдарлама деп айтсақ болады.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Мерей Мырзағалиқызы
«Адырна» ұлттық порталы