Тәуелсіз толқын. «Балалар контенті жауапкершілікті талап етеді»

1919
Adyrna.kz Telegram

Балаларға арналған қазақ тілді контент өндіретін жастар саладағы нәзік мәселелер және жұмыс тәсілдері жайлы ойларымен бөліседі.    

2010 жылдан бастап 2025 жылға дейін туған балалар «Альфа ұрпағы» (Generation Alpha) деп аталатын буынға жатады. Олар технологияға, смартфонға, интернетке және цифрлық құралдарға табиғи түрде үйренген алғашқы буын саналады. Сол себепті олардың тұтынатын өнімдерін бақылауда ұстаған абзал. Қазір елдегі кішкентай бүлдіршіндердің тілі өз ана тілінде емес, өзге тілде шыққанын кездестіріп жүрміз. Бұған себеп, қазақ тілді балалар өнімінің тапшылығы.

Аталмыш саланың қиыншылықтары туралы қазақ тілді контент өндіріп жүрген «Balafunny» жобасының кейіпкерлерінен сұрап көрдік.

 - Ең алдымен өздеріңізді таныстырып кетсеңіздер. Бұл жобаға қалай келдіңіздер?

Дархан Бисембаев: - Өнерге қатысы жоқ энергетик мамандығын оқығанмын. Balafunny-ға қосылуға 2022 жылы ұсыныс келіп түсті. Бағытын, идеясын естіген соң, қосылуға шешім қабылдадым.

Бекжан Бисембаев: - Мен Дарханның туған ағасымын. «Balafunny» жобасының негізін салушы Алтынай Есенжанова бұл идеяны студент кезімде айтып жүретін. Балаларға арналған қазақша, сапалы контент аз болғанықтан 1 жылдың ішінде бастап кеттік.   

Дильназ Мұсажанова: - Жүргенов атындағы өнер академиясының студентімін. Алтынай Есенжановамен танысып, командамен ортақ шешімге келдік. «Balafunny» атауын таңдап, жұмысты бастап кеттік.

- «Balafunny» жобасы жайлы айтып берсеңіздер.  Мақсаты қандай? Осы күнге дейін қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

Дархан Бисембаев:  - «Balafunny» жобасы 2022 жылдан бастап жұмыс жасауда. Біздің ең басты мақсатымыз кішкентай бүлдіршіндерге көңілді, танымдық тұрғыдан сапалы қазақша контент ұсыну. Басында бізді 3-5 жастағы балалар көретін. Бірақ, уақыт өте келе аудиториямыз кеңіді. Қазір 4-14 жас аралығындағы балалар үшін контент жасаймыз.

Бекжан Бисембаев: - 2023 жылы қазан айында YouTube желісіндегі көрермендеріміз 100 мыңға оқырманға жетті. Күміс батырмамыз бар. Ендігі мақсатымыз алтын батырмаға қол жеткізу. Күн өткен сайын көрермен саны артып келеді. Әр адамның талғамы әр түрлі. Кімге біздің жоба ұнайды, сол көреді. Дегенмен, YouTube-тағы парақшамыздың статистикасына сүйенетін болсақ, 90 пайыз адамға біз ұсынатын өнімдер ұнайды екен. Бұл қазақша контентті тұтынатын адамдар бар екенін көрсетеді.

 - Балаларға арналған әр түрлі тақырыптағы ақпаратты ән арқылы жеткізесіздер. Әнді, жалпы контентті қалай дайындайсыздар? Мәтінге қойылатын талаптар бар ма?

Дильназ Мұсажанова: - Алғаш бастаған кезде біз ән емес, әңгімелеп отырып танымды контент түсіретінбіз. Енді ғана шығып жатқандықтан бұл бағыт көрерменнен бірден қолдау таппады. Жігіттер де, мен де әнді жақсы айтамыз. Сол үшін қазіргі форматқа ауыстық. Бұл бағыт оқырмандарға ұнады. Тақырыптарды командамен бірге талқылап, еліміздегі мерекелерге, әр мезгілге сәйкестендіріп таңдауға тырысамыз. Мысалы, балалардың демалыстары аяқталып, мектепке баратын уақыт болса, осыған қатысты әндер шығарамыз. Әннің әуені мен мәтінін жазатын арнайы мамандарымыз бар.

Бізде негізі балалар контенті болғандықтан жасамау керек деген талаптар көп. Бүлдіршіндерге ерсі, түсініксіз болып көрінетін дүниелерді қоспаймыз. Бір-бірімізді ұру, майысу деген сияқты қимылдарды көрсетпеуге тырысамыз. Материал монтаждалып болған соң, тексеруден өтеді. Түзейтін жерлерін түзеп, қажет емес жерлерін алып тастаймыз. Мәтінде де солай. Баланың бізбен бірге қайталап айта алуы үшін жеңіл, тез жатталатын қазақша сөздер қолданылады. Киім үлгісінде де жарқын түстерді қолдандық.

Жалпы, балалар контентін жасау жауапкершілікті талап етеді. Салыстырмалы түрде ересек адамдарға арналған дүниелер жасауға қарағанда қиындау. Өйткені оларда көп шектеу болмайды.

- Неге дәл Тентек, Тәтті, Дарын кейіпкерлері таңдалды? Тағы жаңа кейіпкерлер қосу ойда бар ма?

Дархан Бисембаев: - Менің кейіпкерім – Тентек. Көп бұзақылықтар жасайды. Ал, Тәтті мен Дарын кейіпкерлері кеңес беріп, ақыл айтады. Жалпы, видеолардың сюжеттік желісі осындай.

Дильназ Мұсажанова: - Bala – кішкентай бүлдіршін, funny – күлкілі деген мағынаны береді. Кейіпкерлер әр қайсымыздың мінезімізге қарап таңдалды. Мысалы, маған ақкөңіл, күліп жүретін, нәзік қыз болғандықтан «Тәтті» деген есім берілді. Оның үстіне балалар контенті болғаннан кейін бұл тез есте сақталады. Балалардың бәрі тентектік жасайды, сол үшін «Тентек» есімін таңдадық. Олар бұл кейіпкерді көргенде, өздерімен салыстырады. «Дарын» кейіпкері де солай. Кішкентай балалар дарынды, ақылды болуға ұмылады. Сол үшін үлгі етіп алдық.

Кейде әндегі мағынаны жеткізуге кейіпкер жетпей кеткен кезде мәтінін жазатын Әсел деген кісіні төртінші кейіпкер ретінде қосамыз. Оны біздің тұрақты көрермендер танып қалды.  Жалпы жаңа кейіпкер қосу ойда жоқ. Алдағы уақытта аудитория кеңейіп жатса, әрине 1-2 жылда қосуға болады.

 - Жобаны бастамас бұрын балалар контентін зерттеген екенсіздер. Қалай ойлайсыздар елімізде балалар контенті жеткілікті ме? Қандай тұстары ақсап тұр?

Бекжан Бисембаев: - Қазіргі уақытта қазақша контент дамып келе жатыр. Бірақ, мемлекеттен бюджет, грант бөлініп жатқан жоқ. Мысалы, біз ешқандай демеушісіз, өз күшімізбен түсіріп жатырмыз. Қазақша әрі сапалы контент өндіріп, оны тұрақты ұстап тұру көп қаржыны талап етеді. Негізі балаларрға арналған өнімдер ұсынатындар жеткілікті. Дегенмен қазір олар белсенділіктерін жоғалтқан. Қазірге тек біз ғана тұрақты жұмыс істеп келе жатырмыз.  Міндетті түрде аптасына 1 рет YouTube платформасына видео жүктеп отырамыз.

- Қазіргі балалар салыстырмалы түрде телефонды көп пайдаланады. Ата-аналар нені ескеруі керек?

- Ең бастысы ата-ана балаға шектеу қоя білуі керек. Өзіміз ата-ана емеспіз, бірақ қазір көп жерден байқаймыз балаға көңіл бөлгісі келмей, жыламасын, тыныш отырсын деп телефонды бере салады. Қандай контент көріп жүргенін бақылау керек. Баланы қазақша тәрбиелеу үшін қазақ тілді видеолар көрсеткен дұрыс. Басқа тілді өскеннен кейін меңгеріп алады. Ал ана тілін кішкентай кезінен бойына сіңірмесе, өскенде қиын болады.

- Жұмыстарыңызға сәттілік, рақмет!

 

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Вот, что излечит ваши запястья даже в 75 лет! Нужно взять...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Стальная потенция будет всю ночь! Вот что нужно сделать вечером
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Школьники потрясли всю сеть этим танцем — смотреть без детей!
Пікірлер