«Неге халықты қанай береміз?». Зайытов утильалым туралы айтты

1018
Adyrna.kz Telegram
Фото: Telegram / Mazhilis_kz
Фото: Telegram / Mazhilis_kz

Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов шетелден әкелген көліктерге төленетін утилизация алымына қарсы петицияға қол қойғанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мен қарсы петицияға қосылғанмын. Утильалымның нәтижесі қайда? Ақшасы қайда кетіп жатыр? Зауыттар қайда? Содан кейін оны қалай есептеп отыр? Неге біз қит етсе халықты қанай береміз? Ауыл шаруашылығы техникасына ең болмаса, рұқсат етсін деді ғой. Бұл ауыл шаруашылығы саласына да үлкен бөгет жасап отырған нәрсе ғой»,—деді ол.

Сондай-ақ депутат бұл мәселені арнайы комитет қарастырып жатқанын атап өтті.

«Біздің комитеттің атынан бұл мәселемен депутат Сәрсенғалиев айналысуда. Өзіміздің де кірген комиссиямыз көп болып тұр. 50 мың адам наразылғын басқаша білдірсе не істейміз? Қазір бұрынғыдай халықтың бетіне түкіріп қойып отыра беретін заман емес қой. Нәтиже қайда? Көрсетсінші, біз де келісейік», — деді Зайытов.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы қазан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қол қойған еді. Бұл заң бойынша 50 мыңнан аса дауыс жинаған петицияны үкімет қарауға тиіс.

24 мамырда E-Petition.kz сайтында утильалымды алып тастау туралы петиция жеткілікті қол санын жинады. Ал 4 маусымда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утильалым мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының құрамын бекіткен болатын.

6 маусымда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде утиль алымы мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысы өтуі тиіс болатын. Оның құрамына Парламент депутаттары, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, Сыртқы істер министрінің орынбасарлары, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Алайда отырыс петиция бастамашыларының отырысқа қатысудан бас тартуына байланысты өтпей қалды.

Пікірлер