Ұялы телефон дауынан соң. Утильалым туралы петицияны қарайтын жұмыс тобының отырысы өтпей қалды

1385
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилизация алымы туралы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ведомствоның мәліметінше петицияның бастамашылары отырысқа қатысудан бас тартқан.

"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ғимаратына – стратегиялық нысанға кіру регламентіне сәйкес келушілер ұялы телефондарын кіреберісте қалдыруға тиіс. Алайда өтініштің бастамашысы Санжар Боқаев және оның өкілдері регламент талаптарын орындаудан және жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік барлық мүдделі тарап шақырылғанын, жұмыс отырысының түсірілімі және отырыстың хаттамасы қамтамасыз етілгенін атап өтті.

"Отырысқа қатысу үшін парламент депутаттары, өнеркәсіп вице-министрлері, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды. Өңірлерден қоғам белсенділері келді. Алайда біз жоспарланған іс-шараны тоқтатуға мәжбүр болдық, өйткені петицияның бастамашысы оған қатысудан бас тартып, министрліктің Жұмыс тобының отырысынан кейін бейнежазбаны ұсынуына келіспеді", деді ӨҚМ баспасөз қызметі.

24 мамырда E-Petition.kz ресми порталында жарияланған утильалымға қатысты петицияға қол қойғандар саны 50 мыңнан асқан. 

Президент Тоқаев 2023 жылы қазан айында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына қол қойған.

Бұл заң бойынша, 50 мыңнан аса дауыс жинаған петицияны үкімет қарауға тиіс.

Пікірлер