Өмір бойы дұрыс тамақтануды насихаттап өтті

1381
Adyrna.kz Telegram

Бүгін таңнан қазыналы қариямыз, академик Tөрегелді Шарманов атамыздың өмірден озғанын естіп, қатты көңіл-күйіміз түсіп қалды. Біздің “Адырна” ұлттық порталының шынайы тілектесі, жанашыры еді. Ақсақал үнемі жақсы сөзін айтып, қолдап отыратын. Діни ағымдарға қатысты Президентке арналған ашық хатымызды оқып, өзі қол қойып қана қоймай, ютуб арнамызға әлгі хатты қолдап сұхбат беріп еді. Мұндай батыл сұхбат беру үшін де жүрек керек.

Ақсақалдың осыдан-ақ елге деген жанашырлығын сезуге болады. Тағамтану академиясын құрып, оны ұзақ жылдар бойы басқарып келген атамыздан талай сұхбат жасадық. Қазақта ол кісідей дұрыс тамақтануды жүйелі насихаттаған ешкім жоқ болар. Фаст-фудтар қазір жастардың, балалардың қалыпты өміріне айналып барады. Ал ол кісі болса, табиғи ұлттық тағамдарды жатпай-тұрмай дәріптейтін еді.

Жақында Гауһар Қонысбаева есімді биологпен сұхбаттасқан едім. Соның айтуынша, ұлттық тағамдарды біздің асқазан еш қиындықсыз қорытады екен. Өйткені ата-бабаларымыздан келе жатқан гендік ақпарат соған мүмкіндік береді. Ал жаңа тағамдарды, әсіресе фаст-фуд тәрізді химиялық қоспалары мол асты қорытуға асқазанымыз үлкен энергия жұмсайды екен. Бұл дегеніміз - бойында жеткілікті қуаты жоқ, әлжуаз, денсаулығы нашар ұрпақ қалыптасады деген сөз.

Осыдан шамамен 15 жылдай бұрын қымызтанушы Зұлқарнай Сейітовты, тағамтанушы Төрегелді Шармановты, этнограф Қажытай Ілиясты Ұзынағашта өзім ұйымдастырған қымызмұрындыққа алып бардым. Киіз үйлер тігілген, домбырамен ән айтылған, ұлттық тағамдар дастарханға жайылған керемет шара өтті. Қыз қуу ойнап, алтыбақан тепкен жастар да қымызмұрындықтың көркі болды. Іс-шараға әбден риза болған кәсіпкер, этнограф Өтеміс Маханов маған дүйім елдің көзінше жылқы атады.

Сол шарада небір ғажап кісілермен дастархандас болған екенбіз. Солардың ішінде әлгі жоғарыда аты аталған үш кісінің орны тіпті ерекше еді. Бірақ сол кісілерді көбірек фотоға түсіріп, әңгімелерін жазып алу ойымызға келмепті. Балалық, шалалық қой. Бір кем дүние…

Бақұл болыңыз, Төре ата! Сіздің болашақ ұрпақ үшін жасаған еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды!

Арман Әубәкір,

"Адырна" ұлттық порталының негізін қалаушы

Пікірлер