Жаратушы керемет қой, Адамға түрлі қасиет, мінез берген. Бәріміз бірқалыпты болсақ, өмір де сүреңсіз көрінер ма еді, кім білсін?!
Менің байқағаным, тәуекелшіл адамдардың түйсігі алдамайды. Бірақ барлығының емес. Олар өзгелерге қарағанда қайсар келеді, сырт көзге қырсық мінезді көрінетіні де бар. Ондайлар ойындағысына жетем деп қайтпай, орта жолда қалып кетпейді. Түбі дегеніне жетеді.
Былайша айтқанда, тауды да қопарады, тасты да үгітеді. Бұл Құдайдың жаратқанына берген керемет қасиеті сияқты. Әрине, әңгіме нендей мақсатқа ұмытылып жатқанында. Кейде көріп жүргендей көзсіз батырлық жасап, маңдайы тасқа көп тигендері бертінде бұйғы тіршілікке көшіп, бұрынғы мінезін өзгертеді. Ал әр қадамын, әрекетін алдай бермейтін ішкі түйсігіне сеніп тәуекелге баратын жан жолдан адаса қоймайды. Мұндай адамдар әдетте шептің алдыңғы қатарында тұрады. Көш бастайды. Мен елуге толып жатқан Ғалымжан Елшібайды осындай азамат дер едім.
Азаматтың адами келбетін оның ұстанымы айшықтап тұрады. Біз екеуміз тілшілік қызмет етіп жүріп таныстық. Ол кезде мен «Хабар» агенттігінің Өзбекстандағы, ал Ғалымжан «Жас Алаштың» Оңтүстік Қазақстандағы меншікті тілшісі болатын. Біраз уақыттан соң мен Оңтүстік Қазақстан облысына орын ауыстырып келдім. Керемет кездер еді. Марқұм Қалыбек Атжан бастап, Бахтияр Тайжан қостап, өмірден ерте кеткен Кеңес Исмаилов келіп қосылып, журналистер бір сапта жүретін едік. Кездесу, басқосуларымыз да көп болатын. Осындай кездерде жігіттерді жинап, ұйымдастыру Ғалымжанға тапсырылатын. Әрине, тындыратынына сенген соң. Негізі кез-келген іс ниеттен басталады десек, ниетіне қарай іс те нәтижелі болады.
Бертін келе қалам, микрофон ұстап, журналистиканың түрлі саласында қызметте жүргендердің басын біріктірген ресми қауымдастық құруды қолға алған да Ғалымжан болды. 5 мыңнан астам кәсіпқой журналистерді біріктіретін, еліміздегі ең ірі шығармашылық ұйым болып есептелетін Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалына басшылық жасаған тұңғыш төраға ретінде тарихта аты қалған Ғалекеңнің аймақтық медиа саланы дамытуға қосқан үлесі орасан. Мен де кезінде Одақтың Оңтүстік өңірдегі филиалын басқардым. Сондықтан бұл қызметтің қаншалықты ауыр әрі жауапкершілігінің жоғары екенін бес саусағымдай білемін. Сөздің шыны керек, Ғалымжан одақтың жұмысын жаңа деңгейге шығарды. Тыным таппайтын креативті де бастамашыл тұлға ретінде танылды. Одақтың қалай жұмыс істеу керектігін көрсетті. Әріптестерім ренжімесін, басқа өңірлердегі филиалдардың бар-жоғы білінбей, мүлгіп жатқанда Түркістанда Ғалекеңнің бастамасымен талай-талай іс-шаралар дүркіретіп өткізілді. Бұған дейін провинция болып келген рухани астанамыз Түркістанда соңғы 5-6 жылда республикалық, халықаралық деңгейдегі медиафорумдар мен симпозиумдар, елге танымал медиатұлғалардың қатысуымен шеберлік сыныптары мен семинарлар ұйымдастырылды. «Түркілер төрі Түркістан», «Turkistan Open Media», «Медиакраттар форумы» секілді ауқымды іс-шаралар, журналистика факультетінің студенттеріне Бейсен Құранбек атындағы стипендиялардың тапсырылуы қоғамда үлкен пікір туғызған жобаларға айналды. Ғалымжан филиалды басқарған тұста еліміздің Оңтүстігіндегі аймақаралық журналистиканың ынтымақтастығы артты. Яғни, Журналистер одағының Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының басшылары өзара Меморандумға қол қойып, бірлескен жобаларды іске асыруға, бірін-бірі қолдауға уағдаласты. Мұндайды басқа қай өңірден көрдіңіз? Ал Ғалекеңнің идеясымен өткізілген «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» атты марафоны журналистердің ғана емес, мыңдаған түркістандықтардың басын біріктіріп, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосқан креативті де бірегей шараға айналды.
Ғалымжан Елшібай «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Әр жылдарда Оңтүстік өңіріндегі «Жыл журналисі», «Алтын қауырсын», «Ең үздік аймақ тілшісі», «Жаңашыл журналист» секілді номинациялардың жеңімпазы атанды. Мен үшін ерекше қымбат жетістігі - республикалық байқаудағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз Зергері» номинациясының жеңімпазы атануы. Мұндай марапат екінің біріне бұйыра бермейтіні, ол мәртебе ең лайықты журналистерге берілетіні ақиқат. Журналистика саласындағы осындай зор жетістіктерімен, көпшілікті мойындатқан талантымен ерекшеленген Ғалымжан Елшібай – белсенді қоғамдық жұмысымен де ерекше көзге түсіп, жетінші және сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының депутаты атанды. Өңірдегі көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, сайлаушыларының сенімін ақтаған халық қалаулысы ретінде танылды.
Өз басым Ғалымжан Елшібайды туған елге деген жанашырлық пен сүйіспеншіліктің керемет үлгісін көрсеткен азамат ретінде құрметтеймін. Төлеби -- таланттар шоғырланған аудан. Әсіресе КСРО Суретшілер одағының 17 мүшесінің бір өңірден, дәлірегі Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев бастаған таланттардың Ғалымжанның кіндік қаны тамған Қасқасу ауылының топырағында аунап-қунап өскені бұл жердің қасиеттілігін байқатса керек. Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақиық ақын Мұхтар Шахановтың да балалық шағы осынау құт қонған, рухы күшті, сыры мол қасиетті Қасқасуда өткенін, бұл атақты ауылды отты жырына қосқанын білеміз. Осы орайда Ғалымжанның ауылына бір жиынға барғанда елден естіген мына бір әңгіме есіме түсіп отыр. Тәуелсіздік жаңадан ту тіккен 1991 жылы екен. Мектеп тәмамдап Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетіне құжат тапсыруға Алматыға барған шағында Ғалымжан балалық шағы Қасқасуда өткен Шахановты ол басқаратын «Жалын» журналына іздеп барып, ауылда шахта ашылғалы жатқан сұмдықты айтады. Ғалымжан ол кезде небәрі 16 жаста ғана. Бір кәсіпкерлер Қасқасудан көмір шахтасын ашатын болып, сол жылы елді дүрліктірген. Ғалымжанның жанайқайы «Жалын» журналына жарияланады. Сол жолы шахтаның ашылмай қалуына мемлекет және қоғам қайраткері Шахановтың араласуы мен Ғалымжанның жанайқайының баспасөзге жариялануы, Әбдімәлік Рахманқұлов басқаратын аудандық «Төлеби туы» газетінде қайта-қайта дабыл қағылуы басты себеп болғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов сол кезде бас редактор Шахановтың орынбасары, ал классик жазушы, марқұм Рахымжан Отарбаев бөлім меңгерушісі екен. Шаханов кабинетіне Құлкенов пен Отарбаевты шақырып алып, «Көрдіңдер ме, 16 жасар бала болса да біздің ауылдан мені іздеп келіпті. Ауылын қорғап қалу үшін, шахтаны аштырмау үшін шырылдап келіп отыр» деп таныстырғанын, кейіннен журналға өлеңдер топтамасын бергенін Ғалымжан ерекше тебіреніспен, сағынышпен еске алады. 2000-шы жылдардың басында Қасқасудан шахта ашуға тағы да шабуыл жасалды. Бұл жылдары «Жас Алаш» газетінде жұмыс істейтін Ғалымжан «Қасқасуға қасірет төніп тұр» деген көлемді мақаласымен көпшілік арасында қоғамдық пікірді кеңінен туындатты. Басқа басылымдар да шахта ашылмауын қолдап жазуы ауылды төніп келген өасіреттен арашалап қалды. Қасірет емей немене, асқақ Алатаудың дәл бөктеріндегі сырт көз «Қазақстанның Швейцариясы» деп сүйсінетін табиғаты таңғажайып Қасқасудың шатқалынан шахта ашылғанда жер жәннатының тоз-тозы шығып, құрып кететіні сөзсіз еді. Қазір Қасқасу туризмнің нағыз орталығына айналып отыр. Қазір жыл бойына жұмыс істейтін халықаралық курорттық шаңғы базасы салынып жатыр. Түркістан облысына іссапармен келген кезде Мемлекет басшысына таныстырылған «Жол картасында» тұрған бірегей жоба. Иә, бұл Алла бұйыртса алдағы уақытта елдің мақтанышына айналатын үлкен жоба болғалы тұр. Жылдың төрт мезгілінде де еліміздің әр қиырынан Қасқасудың әсем табиғатына достарымен, отбасымен барып, демалып қайтатындардың қарасы көп. Шетелдіктер де жиі келеді. Мен де Қасқасуға жұмыстан қол босағанда мүмкіндікке қарай барып тұрамын. Шаршаған шақта Қасқасудың тауына шығып, сергіп, қуат алып қайтамын.
Ғалекеңнің туған жерге деген жанашырлығы бұл ғана емес. Аудандық "Төле би туы" газетінде жұмыс істеп жүрген кезде «Ауылда орталау мектеп ашылса» деген мақала жазып, жүз шақты түтіні бар Жоғары Қасқасу ауылын үйме-үй аралап жүріп, осы бастамаға қол жинаған жанкешті еңбегінен де хабардармын. Тұрғындардың қолы қойылған ұсынысты аудандық әкімдікке, аудандық білім бөліміне өз қолымен апарып тапсырып, кейін осы ұсыныс пен газетке шыққан мақала ауылда мектептің ашылуына себепкер болды. Осыған қарап Ғалымжан әріптесімнің депутат болсын, болмасын, ел үшін қызмет ету ісіне сол кезеңнен әбден шыңдалғанын байқайсың, басыңды шайқайсың. Қасқасудағы сол мектеп жақында Ғалымжанның жанашырлығымен жөндеуден өткізілді.
Қасқасудағы мешіт үйінің құрылысы ертеректе басталғанымен, елдің игілігіне ресми пайдалануға берілмей тұрған еді. Ғалымжан бір топ белсенді жігіттермен бірге ауыл азаматтарын ынтымаққа шақырып, мешіт құрылысының жандануына ұйытқы болды. Сөзі өтетін кәсіпкерлерді жұмылдырды. Ауылдағы әрбір әулет мүмкіндігіне қарай мешіттің толық бітуіне, айналасын көгалдандыруға қаржылай үлесін қосып, ауызбіршіліктің, бекем бірліктің үздік үлгісін танытты, Әр апта сайын ауылда асар болып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» тамаша үрдіс пайда болды. Жап-жаңа мешіт үйінің ашылу салтанатына қатысып, қасқасулық жамағаттың қуанышына өзім де куә болдым.
Өз басым Қасқасуға жиі барамын, Елшібаевтар әулетімен етене араласып кеткенмін. Қандай жиын, басқосу болсын, қуаныш та да, қайғыда да біргеміз. Ғалымжанның бүкіл ағайын-туысын танимын. Олар да мені туған бауырындай көреді. Бұл әулетке жақындығым сондай, жандары жәннатта болғыр Қамытбек ақсақал мен Күлпаршын апа 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірсе, өзімді «Елшібаевтардың оныншы баласымын» деп айта жүремін. Әсіресе Күлпаршын апамның қазан-ошаққа пісірген сорпасы мен тандырда жапқан нанының дәмі аузымнан кетпейді. Ғалымжанмен біраз жыл көрші болдық. Перзенттері Іңкәр мен Заңғар көз алдымызда өсті. Бүгінде оқуында озат, қатарластарының алды болып жүрген олардың жетістіктеріне қатты қуанамын. Үйіме қонақ келсе Ғалекең Раушан екеуі келіп күтеді, олар қонақ шақырса Ғалиябану екеуміз барып біз қызмет етеміз. Әлі солай. Лайым, жарасымын тапқан отбасылық достығымыз ұзағынан сүйіндірсін.
Жалпы, өмірде өз жолын адаспай таңдаған, тәуекелден тайынбайтын адамдар ғана үлкен жетістіктерге жетеді ғой. Ғалымжан Елшібай да журналистикада да, қоғамдық қызметте де жүрегінің үніне, түйсігіне сеніп әрекет етіп жүрген жігіт. Ол журналистикаға кездейсоқ келген жоқ деп ойлаймын. Оның қабілеті, болмысы, өмірлік ұстанымы бүгінгі мамандығымен үндес жатыр. Журналисте болуы керек қасиетті түгел меңгерген, өз мамандығының майталманы болды десек, артық айтқандық емес. Оның жазған көп мақаласы – қоғамға серпіліс, елдің көкейіндегі сауалдарға жауап бола білді.
Ғалымжан Елшібайдың өмір жолы – тек журналистің ғана емес, жүрегінің үніне сеніп әрекет ететін азаматтың жолы.
Әбдез Рахманұлы