Ұзақ жыл Ресейде аймақ басшысы болған Аман Төлеевтің қайтыс болғанына 2 жылға жуықтады. Ол туралы ел ағасы, белгілі кәсіпкер Марат Нәбиевтің естелігін ұсынамыз.
Алыс та жақын тұлға. Аман Төлеев туралы дәл осылай айту керек. Қаны қазақ үшін одан жақын жанды табу қиын. Ал ҚазақстанРеспубликасы үшін одан алыс қайраткер тағы жоқ еді. Аман Ғұмарұлының ұлтымызға соншалық жақындығын өзім сезіндім, оның үлгілі істерінен көрдім. Ал Қазақстан үшін неге алыс қайраткер болып қалғанын сол тұстағы саясаттан іздеу керек.
Ендеше, бәрін басынан бастайын.
1992 жылы маған Арқа, Ақмола өңіріндегі белгілі қайраткер Светлана Жалмағамбетова хабарласты. Анығында бұл күллі Қазақстанға таныс есім. Қала мен облыс аумағына шығып, республика деңгейінде еңбек етті. Сенім арқалаған сенатор да болды.
Светлана Жақияқызы сол жолы телефон арқылы: «Марат,саған мынандай тапсырма берсем. Мен Аман Ғұмарұлы Төлеевпен Москвадағы Жоғары партия мектебінде бірге оқып едім. Ол кісі қазір Ресейде жұмыссыз қалды. Енді ғана Москваға шақыртып Ресейдің Федерация Кеңесіне ме екен, бір жұмыс бермекші. Осы кезде дейінгі бастан өткен саяси күресі жайында жазған кітабы бар. Бірақ оны шығаратын ақшасы жоқ көрінеді» деді.
Мен жағдайды бірден ұқтым. Жалмағамбетова тегіннен-тегін хабарласпағанын, осы ақпаратты жеткізу арқылы-ақ қолқа салып отырғанын түсіндім. Ары қарай сөзді созғызбай, «жарайды» дедім.
Ол кезде Ресейдің рублі жаңа шыққан. Орыстар бізді алдап соққан кез. «Алдымен біз рубльді енгізіп алайық, содан соң сендерді жаңа рубль аймағына қосамыз» деді де, аяғында Қазақстанды кеңестің сабан ақшасына қалдырып кетті. Оның енді Ресейге қажеті жоқ. Қазақстан мен Орта Азияның әрбір үйінде қапшық-қапшық болып жатты.
Мен Ресейдің жаңа рублін дипломатқа нығарлап салып алдым да Москваға ұштым. Светлана Жақияқызы маған Төлеевтің көмекшісінің телефонын берген. Соған хабарластым. Ол келді. Мен ақша толы дипломатты ұсындым да: «Мынаған Аман Ғұмарұлы өзінің кітабын шығарсын» дедім. Көмекшісі «Сіздің аты-жөніңіз бен телефоныңызды жазып алайын» деді. Мен «Түк жазбаңыз. Тек мынаны айтыңыз. Біз – қазақтар Төлеевті мақтан тұтамыз. Қазақтың арасынан шыққан Аман Ғұмарұлы сияқты адам жоқ. Өйткені Ресейдің патшалық тағына отыруға үміткер орыстан басқа ұлттар арасында біздің қазақтан шықты. Біз ол кісіге сондай ризамыз. Біздің қазақтың атын көтерді. Сондықтан мен туралы ештеңе жазбаңыз. Мына қаржыны апарып беріңіз, кітабын шығарсын» дедім. Сосын бұрылдым да, кетіп қалдым. Өзімді өте бір жеңіл сезіндім. Төлеевті ата жұрты – бүкіл қазақтың атынан қолдауды Тәңір маған бұйыртқан екен деп ойладым.
Арада төрт жыл өтті. Мен Қостанай облысындағы Лисаков кен-байыту комбинатын алдым. Бұл Қазақстандағы ірі өндіріс орындары саудаға түсе бастаған 1996 жыл еді. Комбинатты өз қарауыма алғаннан кейін айналадан бизнес әріптестер қарастыра бастадым. Мұнда темір рудасы шығады, оның жентегін сатуым керек. Бұған дейін Қарағанды металлургия комбинатына беретін. Урал жақтағы Магнитогорскдегі металл комбинаттарына апарады. Аз-аздан Челябинск мен Нижный Тагиль комбинаттары алады екен.
Бірақ осының бәрі аздық етті. Бізге Лисаковскінің өндірістік қуатын арттыру үшін руданы алатын жаңа әріптестер керек. Осы тұста алдымен ойға түскені Кемеров облысының іргелі металлургия комбинаттары еді. Онда Батыс Сібір және Кузнецк металлургия комбинаттары бар болатын. Тура осы кезде Кемеров облысының сайлаушылары Аман Төлеевті өздерінің губернаторы етіп сайлаған.
Лисаковскіде отырдым да Светлана Жақияқызына телефон соқтым. «Светлана Жазияқызы, ертеде Аман Ғұмарұлына көмектесіп едім ғой. Кітабын шығаратын кезде. Енді ол кісінің маған көмегі керек болып тұр. Мен мынау Лисаков кен-байыту комбинатын алдым. Оны естіген шығарсыз. Қазақтың арасында бірінші болып үлкен өндірістің құлағын қолыма ұстадым. Маған қазір темір рудасының жентегін сату керек. Сіз Төлеевке хабарлассаңыз жөн болар еді. Мен алдағы дүйсенбі күні сол жаққа бармақпын. Мен Төлеев қабылдаса екен». Осыны айттым.
Біраздан соң Жалмағамбетова өзі байланысқа шықты. «Дүйсенбіде Аман Ғұмарұлы сізді күтеді» деді. Лисаковскіден аттанып, Астана – Павлодар – Навосибирск арқылы Кемеровоға жолға шықтым . Новосибискіге жақындап келе бергенде бізді тоқтатты. Джипта жүргізушім мен оққағарым бар. Үшеу едік. Бізді тоқтатты. Көліктің терезесін ашып «Мен ағама сәлем беруге бара жатырмын» дедім. «Қандай аға?» де сұрайды ресейлік милиционер. «Ағам Аман Төлеев» дегенім сол, әлгі жолдағы милиция қолын шекесіне қойып, честь бергені. Ары қарай заулай бердік.
Кемеровоға кіре бергенде тағы тоқтатты. «Мыналарға не көрінген? Қазақстандық нөмірі бар автокөлікті тоқтатуға тапсырма алған ба?» деген ой келді басыма. Бұл жолы сұрақтары басқаша болды. «Сіз Нәбиев мырзасыз ба?» деп сұрады. «Иә». Олар мені қонақ үйге бастап апаруға тапсырма алған екен.
Төбесіндегі қызыл-көк шамын айналдыра жарқылдатып қонақ үйге бастап келді. Біз әлі бұл қаланы білмейміз ғой. Онда менің атыма деп бірнеше люкстерін дайындап қойыпты. Ақшасын қоймай өзім төледім. Біреуге кіріптар болғанды ешқашан ұнатпаймын. Басқалардың есебінен күн көретін дағдым жоқ.
Таңертең жергілікті уақытпен сағат 8:00-де маған Төлеевтің көмекшісі телефон соқты. Әйел адам екен. Сыпайы түрде «Сіз Нәбиев мырзасыз ба?» деп сұрады. «Иә» дедім. Өзінің Аман Ғұмарұлының көмекшісі екенін, аты-жөнін айтқан соң «Аман Ғұмарұлы сізді сағат 12:45-те күтеді» деді. «Жарайды» десем де қатты ойланып қалдым. Біз өзі көңілі бір атым насыбайдан қалатын халықпыз ғой. Кез-келген мекеменің қызметкерлері сағат 13:00-де түскі асқа үзіліске шығады. Губернатордың ол кестені өте қатаң сақтайтыны түсінікті. Сонда мына 15 минутта оған нені айтып, түсіндіріп үлгеремін?
Маған бөлген уақыты көңіліме қонбағанмен қабылдауына бардым. Тура 12:45-те іштен бір адам шықты да, көмекшісі мені кіргізді. Төлеев көңілді екен. Амандасқан соң менен алғашқы сұрағаны:
- Марат, әкей тірі ме?
- Шүкір, тірі! –дедім.
Үстелінде дайындап қойған кітабы бар екен. Баяғы мен қаржысын төлеп шығартқан кітап қой. Соған әкеме арнап қолтаңбасы мен тілегін жазды. Үйде әлі сақтаулы тұр. «Аскен Набиевичу! Спасибо за такого сына!» Әлбетте, қайтып келген соң әкейдің қолына тапсырдым ғой.
Төлеев әлі келген шаруамды сұраған жоқ. Мен тықырши бастадым. Сөйтсем:
- Ал жүр, түскі тамақ ішейік,- дегені.
Бұл мен ойламаған ұсыныс еді. Бұлай құрметтейді деп күткен жоқпын. Өзінің арнайы тамақ ішетін, қонақтарды сыйлап жіберетін дастарқаны бар екен. Даяшы бірінші тамақ орыстың борщынан бастап әкеліп жатыр. Бір кезде арақ құйды.
Бірден:
- Мен арақ ішпеймін,- дедім. Неге екенін ішкім келмеді. Бәлкім, қанша дегенмен біз бөлек кеткен соң Ресейдің басқа мемлекет болып кеткенін ескердім бе екен?!
Төлеев болса ойымды оқып отырған сияқты, тағы күле қарап:
-Марат басқамен ішпесең де, менімен бір рет ішіп қоюыңа болар?- дегені.
Сонда ойландым. «Мынандай кісімен енді қашан кездесерім белгісіз. Бір ауыз сөзін жерге қалдырмайын. Қазір ішпесем кейін өкініп жүрермін». Орыстың әдетімен үш рюмкадан іштік. Тамақтан соң:
- Кеттік,- деді.
Қайтадан кабинетіне келдік. Жайғасып отырған соң:
- Ал, Марат, келген шаруаңды айт,- деді.
Байқап қарағанда осының бәрінде терең қазақы тәрбие жатқан жоқ па! Ата-бабаның салты осындай емес пе еді! Қазақтың қай ауылының үлкені болсын басқа жақтан келген жанды жақсылап күтеді. Бары тайын, жоғы қойын сойып тастайды. Қарнын тойғызып, атын отқа қойғызып барып, шаруасын сұрайтын. Ресейде қалың орыстың ортасында жалғыз отырып, осы байырғы бабалардың салтын сақтаған Төлеевке сол кезде керемет риза болып едім. Ал ризалықтың көкесін ағамыз содан кейін де көрсеткен.
Мен Лисаков кен-байыту комбинатын алғанымды айттым. Қазақстанның өндірісінен хабардар еттім. Металлургия комбинаттары аз. Рудаға сұраныс көп емес.
- Маған темір кенінің жентегін өткізу керек еді. Сіз басқаратын облыста үлкен екі металлургия комбинаты бар. Солармен әріптес болып, концентрат өткізсем деген ойым бар. Бар шаруам осы,- дедім.
- Марат, онда бір-екі күн күтіп, сәрсенбіге дейін қала тұрасың ба?- деп сұрады бетіме қарап.
- Бір-екі күніңіз не, бұйымтайым орындалатын болса, бір-екі апта жатуға пейілдімін ғой,- дедім.
Аман Төлеев алдындағы бір батырманы басты да, арғы жаққа тапсырма берді.
- Сәрсенбі күнге сағат 10:00-ге жиналыс болады. Мына адамдар шақырылсын. Батыс Сібір металлургия комбинатының басшылары, Кузнецк металлургия комбинатының басшылары. Әрі оларды басқаруға алған компаниялар меңгерушілері. Облыстың өнеркәсіп жөнінде жауапты басшылары.
Ол кезде Батыс Сібір металлургия комбинатын атақты «Альфа банк» басқаруға алған болатын. Екінші комбинаттың кімге тиесілі екені есімде қалмапты. Олар да саусағының ұшынан ұстатпайтын мықтылар екені белгілі ғой.
Жиналыс уақытын және кімдер келетінін белгілеген соң маған қарап:
- Марат, менде облыс губернаторының резиденциясы бар. Қонақ үйді тастап, кеткенше сонда жатасың,- деді.
Мен:
- Аман Ғұмарұлы, ренжімеңіз, мен онда бармаймын,- дедім. -Бәрі қас қақпай сізді аңдып жүргендері анық. Қай жерден сүріндіруді ойлайды. Міне, қазақ бауыры келді, оған жағдай жасады, мемлекеттің, салық төлеушілердің ақшасына ұсталатын резиденциясын беріп қойды деген сөз шығады. Оның қажеті қанша? Қонақ үйде жатырмын. Адамдарым да сонда. Еркін жүріп-тұрмыз. Артық сөзден сіз де, біз де аулақпыз ғой.
Бетіме қарады да:
- Марат, сен ақылды екенсің!- деп сүйсінді. Әрі қарай сәл ойланып отырып:
- Марат, сенің жұмыс істеуге құлшынғаныңды құптаймын. Нақты экономикасын көтермей, бірде-бір мемлекет дами алмайды. Қазақстанда өндірісті көтеру керек. Онсыз болмайды. Ал, жолың болсын! Сәрсенбіде келесің.
Сәрсенбі күні сағат 10-ға он минут қалғанда келіп отырдым. Жиынға үш минут қалғанда Төлеев кабинетінен шықты да әдетімен:
- Марат, кеттік,- деді.
Мәжіліс залына кірдік. Онда екі комбинаттың бас директорлары мен орынбасарлары, бас инженер, бас технолог, бас бухгалтер, комбинатты басқаруға алған компаниялардың облыстағы өкілдері, не керек төрт көздері түгел келген екен. Шамамен елу шақты адам. Бәлкім, одан да көп шығар.
Төрде баяғы кеңес кезіндегідей қызыл шүберекпен қапталған үстел тұр. 1996 жыл болып, Кеңес Одағы тарқағалы бес жыл өтсе де бұл жақта қызыл түспен қоштаспаған екен деп ішіме түйіп қойдым. Үстелдің ортасындағы табличкаға «Кемерево облысының губернаторы Аман Гумарович Тулеев» деп жазып қойыпты. Бір жағына жиналыс хатшысының аты-жөні жазылған. Екінші жағындағы маған арналған табличкаға «Хозяин Лисаковского горно-обогатительного комбината Марат Аскенович Набиев» деп жазылыпты. Иә, артық-кемі жоқ «қожайын» деген. Үшеуміз отырдық.
Жиналыс басталған соң Төлеев тұрды да сөйлеп кетті. Аналарды тура бастан ұрғандай етіп, жұмыстарының быт-шытын шығарды. Мынанша брак кеткен, мынанша мүмкіндік игерілмеген. Облыс бюджетіне түсуі тиіс мынандай салықтардан мынанша қаржы келмеген. Қаншама цифрды айтып жатыр, ал қолында титімдей де қағаз жоқ. Айтып жатқан цифрларының дәлдігі сондай, ешбірін аналар жоққа шығара алмайды. Құдайға шүкір, мен өзімдегі өндірістерге қатысты біраз цифрларды жатқа айта аламын ғой, бірақ ананы естігенде Төлеевтің мықтылығына тәнті болдым.
Әрі қарай әрбір комбинаттың ішінде болып жатқан жағдайды айнадан көріп отырғандай талқылауға кірісті. Ана цехта анандай апат болды, мына цехқа мынандай жаңа технология әлі қойылмаған. Мына өндірісте жұмысшыларға мынанша айдан бері жалақы төленбеген. Басқарушы компания шарт бойынша мойнына алған мынандай жағдайлар жасалмаған. Өндіріс көлемі мынаншаға қысқарып кеткен. Комбинаттар даму орнына тұралап қалған. Екі жақтың да быт-шытын шығарып сөйлеп жатыр.
Тыңдап отырып сондай риза болдым. Біздің жалғыз қазақ тізіліп отырған бүкіл орыстың басын жерге салбыратты.Соншама деректі дәл келтіріп, дәлелді сөйлегеніне таң қалдым. Сөзінің бәрін қалай жүйелеп алған! Бірінен соң бірі кірпіш қалағандай, шынжыр жасағандай жалғасып жатыр.
Аяғына келгенде былай:
- Сендерге бір ай уақыт беремін. Осы айтылғандардың бәрін бір айда жөндемесеңдер, басқарушы компаниялардан сот арқылы комбинаттарды қайтарамын да, басқа адамдарға тапсырамын. Олар сендерден артық жұмыс істемесе, кем жұмыс істемейді,- деп тұжырды.
Одан соң:
- Міне, көршіміз Қазақстаннан Лисаков кен-байыту комбинатының қожасы Марат Нәбиев келіп отыр. Кеннің жентегін содан алатын боласыңдар,- деді.
Салыстырып көрсек, біздің облыс әкімдерінің ешбірі мұндай тиянақты шешім шығара алмайды ғой. Біздікілер «Қазақстан Республикасының заңнамасын аясында мынаны қарастырып көруді сұраймыз» деп көш-құлаш сөздерді жазып береді, бірақ нақты түйінді шешімді шығармайды. Әрі жазатын сиялары да бірнеше түсті болады. Оның сырын өздері мен бағыныштылары ғана біледі. Осыдан кейін біздегі өндірістің неге дамымай отырғаны түсінікті емес пе!
Жиналыс біткен соң екі комбинаттың басшылығын кезек қабылдайтын болды. Мені қасына ертіп кабинетіне кірдік. Өзі креслосына отырды. Мені өзінің үлкен үстеліне жалғасқан шағын үстелшенің басына отырды. Аналар кабинеттің қапталындағы орындықтарға отырды. Алдымен Кузнецк металлургия комбинатының басшылары кіріпті.
- Ертең сағат 9-да сендерге Нәбиев мырза барады. Қанша кен жентегін алатындарыңды қарастырыңдар. Мүмкіндігінше алатын болыңдар. Бағасын төмендетпей, қалыпты етіп белгілеңдер. Ол ренжімейтін болсын. Түсіндіңіздер ме?- деді.
Комбинат басшысы:
- Түсіндік!- деді.
- Онда Набиев мырзаны жақсылап тамақтандырып, Батыс Сібір комбинатына дейін жеткізіп саласыңдар,- деді Төлеев.
Олар кетті. Енді екіншілері кірді. Оларға да жаңағы тапсырманы берді. Тек өзгерткені «ертең түстен кейін барады» деген ғана. Олар да «түсіндік» деді. Осымен губернатордың жиналысы да, комбинат басшыларын қабылдауы да аяқталды. Мәз болып мен кеттім.
Ертесінде бейсенбі күні таңертең қонақ үйдің алдына джип келіп тұрды. Біз – жүргізушім Олег, оққағарым бойы екі метр Сергей үшеуіміз өз джипімізбен артынан ердік. Басқарушы компания өкілінен бастап комбинаттың бас директоры, оның орынбасарлары, бас инженері, бас технологы, заңгерлері, финансистері бәрі 15 шақты адам есік алдында тізіліп тұр. Бәріміз кабинетке кірдік. Мен өз өніміміздің сертификатын бердім.
- Марат Әскенұлы, сіздің кен жентегін білеміз,- деп сөзін бастады Кузнецк металлургия комбинатының директоры. -Оның құрамында бір пайыз фосфор бар. Фосфор металдың морт сынғыштығына себеп болады. Біз негізінен рельс шығарамыз. Онда фосфор мүлде болмауы керек. Бізде рельстен басқа да металл өнімдер бар. Оның құрамында фосфор жүре береді. Сондықтан бір жылға жарты миллион тонна алайық деп отырмыз.
Мен шынын айтқанда бір жүз мың тоннаға да келісер едім. Мынау ойлағанымнан бес есе артық. Одан әрі бас директор өздері сатып алмақ бағаны айтты. Кен жентегінің тоннасына 13 доллардан бермекші. Мен бір тоннасын он доллардан сата алсам деп келгенмін ғой. Біздің комбинаттың банктегі реквизиттерін сұрады. Дайын қағазымда бәрі бар. Қолдарына ұстаттым.
Жоғарыда берілген уәделер анық көрсетілген шартты жасау үшін заңгер, финанс дегендей басқаларды босаттық. Директор енді демалыс бөлмесін шақырды. Орыс арақсыз жүрген бе? Небір қымбат шөлмектерді шығарып жатыр. Жарайды деп 5 грамын іштім. Бір жарым сағатта коммерциялық директоры, заңгерлері, экономистері, есепшілері және басқасы түгел қолдарын қойған шартты дайын етіп әкелді. Енді комбинаттың банкет залына бардық.
- Мені Батыс Сібір металлургия комбинаты күтіп отыр,- дедім.
- Марат Әскенович, олар бізбен хабарласты. Тура осындай шартты дайындап қояды. Сіз асықпаңыз,- деп бәйек болып жатыр бас директор. Банкет залында түскі ас іштік. Тағы 5 грамнан алып қоюға тура келді.
Тамақтанып болған соң комбинаттың джипі біздің алдымызға түсіп, келесі Батыс Сібір металлургия комбинатына келдік. Бұл жақта да есік алдында тізіліп тұр. Бәрімен амандастым. Бағанағы сияқты. Бұлар реквизитімді ана жақтан сұратып, шартты дайындап қойыпты. Тек бас директоры қорқа-қорқа «біз бес жүз мың тонна ала алмайтын едік, үш жүз мың тонна алсақ қайтеді» дейді. Баға әлгіндегідей – тоннасы 13 доллардан. Қол қойдық. Енді «шартты жуайық» дейді бас директоры. «Мен ішуге емес, іскерлік сапармен келдім» десем де қоймады. Қалыптасқан дәстүрлері, аттап кете алмайсың.
Міне, осылай Аман Ғұмарұлы Төлеевтің арқасында 800 мың тонна кен жентегін сататын шарттар жасаттым. Ол кісінің іскерлігін көрдім. Өндірістегі менмін деген мықтылардың мысын басатын білімі мен тәжірибесіне таң қалдым. Олардан қорықпайтын батырлығы тәнті етті.
Төлеев бізге – Қазақстанға Президент болғанда біз бақытты халыққа, дамыған ұлтқа айналар едік. Өйткені ешкімнен ештеңе ұрламаған, өзінің айлығына ғана өмір сүрген адам.
Бірнеше айдан соң Ресейде дефолт болып, рубль құлады. Оны әлем қаржыгерлері «қара бейсенбі» деп атайды. Сол «қара бейсенбіден» соң ол жаққа кіре алмадық. Басында біраз өнім өткіздік. Толық 800 мың тоннаны алып үлгермеді.
Билік Лисаков кен-байыту комбинатын менен күшпен тартып алып жатқанда зайыбым Баян телефонмен Аман Төлеевке хабарласып көмегін сұрапты. «Марат Нәбиевті қорғайтын мәтін жазыңдар. Мен қолымды қойып берейін» депті Төлеев. Оған көнетін Баян ба. «Бізге өз сөзіңізден, өз қолыңызбен жазылған мәтін керек» депті. Кешікпей Кемеродағы Төлеевтен мені қорғаған жеделхат келді. Оны газетке жарияладық.
«Марат бауырымды қолдаймын» дегені әншейін құр сөз емес екен. Кен-байыту комбинатының шуы басылған кезде өзі телефон соқты. «Марат, Кузбассқа кел. Мен саған Қазақстандағыдан мықты зауыт берейін. Соны басқар», - деді.
Амал қанша, бас тарттым. Ата-ана, бауыр-қарындастарым, алыс-жақын ағайындарым менің қарауымда. Оның бәрін тастап ақша үшін кете беруге ар-ұятым жібермейді. Қазақта «ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» дейді. Оның үстіне «өзге елде сұлтан боғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегені тағы бар. Менің жағдайыма түсіністікпен қарауын сұрап, жанашырлығы үшін алғысымды айтып, қала бердім.
Мені басыма күн туғанда қолтығымнан демегені сияқты Төлеев өзінің кандидатурасын Ресей президенттігіне ұсынған сайын мен де қолдау жеделхатын жіберіп жүрдім. Басқа мемлекеттің сайлау науқанына араласуды заң көтермейді ғой. Әйтпесе, қасына барып, үгіт-насихат жұмысын жүргізуге пейілді едім.
Ол байыпты, істі білетін, ел алдында өз әрекеттеріне жалтармай жауап бере алатын басшы болды. Ресейге президент болып сайлана қалса, ол мемлекетті күшейтіп, нығайтып, коррупциядан тазалап шығуға батылдығы да, қайраты да кәміл жететін.
Менің бизнесім Қазақстанның солтүстік аймағында қалыптасты. Урал машина жасау зауытынан бастап Ресейде бизнес әріптестерім көп болды. Сондықтан ол жаққа жиі ат басын тірейтінмін. Бірде шекараның ар жағында жол жүріп келе жатсам радиодан Төлеев сөйлеп жатыр. Таңертеңгі уақыт.
Өткен жетіде Кемерово облысы бойынша осындай-осындай кәсіпорындар ашылды. Ол мекемелерден бюджеткеосыншама мөлшерде салық түседі. Осыншама адамға жұмыс орны болады. Онда мынандай өнімдер мен бұйымдар шығарылады. Бұлар облысымызға қажет, енді сырттан сатып әкелмейміз. Әрі қарай бізде мынандай кәсіпорындарды іске қосу көзделген. Бірақ олар уақтылы ашылмай жатыр. Бұған мынандай жауапты адамдар кінәлі деп бәрін тайға таңба басқандай анық айтып жатты. Тағы таң қалдым.
Радиодағы сөзінің соңында алдағы аптаға мыналарды көздеп отырмыз деп, жеті күн ішінде істелетін жұмыстарын толық жоспарлап берді. Бұлар туралы аптаның соңында есеп беремін деп сөзін аяқтады. Ал халықпен осылай ашық жұмыс істейтін басшы Қазақстанда болды ма? Болмады, әлі де бола қайған жоқ. Апта тұрмақ, жылына бір есеп бермейді. Ал алда-жалда есеп бере қалса, сөздері түгел өтірікке құралады.
Негізі оның Қазақстанға келгісі, ұлтына қызмет еткісі келгені анық. 1995 жылы тамыз айында Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтіп, жаңа Конституция қабылданғаны мәлім. Мен сол кездегі Президентке Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдиннен кейін екінші болып кірдім. Бір себет гүл алып, құттықтауға келгенім ғой. Назарбаев өте қуанып отыр екен. Мен Конституция өзгергенінен келіп-кетер не бар, сонша қуанғаны несі деп ойладым. Әркім өзінің бұрынғы тірлігін істей бермей ме?! Неге қуанғаны маған сол кезде түсініксіз еді.
Кейін барып білдім, қабылданған Конституцияда кімде-кім кейінгі 15 жылда Қазақстанда тұрмаса, ол Президенттікке сайлана алмайды деп жазылған екен ғой. Назарбаев сонда Аман Төлеевті Қазақстанға мемлекет басшысы етпеу үшін қостырған екен. Осындай айламен жолы кесілген жалғыз Төлеев емес көрінеді. Назарбаевқа қолайлы Конституцияда Қазақстанда тумаған адам президент бола алмайтыны көрсетілген. Осылайша келесі халық сүйетін қайраткер, Ресейдің Омбы облысында туған Балташ Тұрсынбаевтың елімізді басқаруына мүмкіндік бермеуді заңдастыра қойыпты.
Бәрібір халықтың сүйіктісі болу Аман Төлеевтің маңдайына жазылған бақыт екен. Ол Кемерево облысының губернаторы болу үшін сайлауға түскенде 98-99 процентке дейін дауыс алатын. Соны өзі 93-94 пайызға дейін түсіртетін. Ол – өзіне жиналған дауысты азайттырған жалғыз қайраткер. Бізде ше? Назарбаев аз дауыс жинап, жетпей қалғанын қолдан қостырып жүрді, Төлеев болса көп дауысын азайттыратын.
Төлеев туралы ойлағанда, оны кезіндегі Алаш қайраткерлерімен салыстырамын. ХХ ғасыр басында Алаш қозғалысын құрғандардың «қарақан басым үшін емес, халқым үшін» деген мүддесі ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр басындағы Аман Ғұмарұлының мүддесімен толық сәйкес келеді.
Кузбасстағы кездесуден кейін Төлеевті екінші рет көрдім. 1997, әлде 1998 жылы Мәскеу мэрі Юрий Лужков, Татарстан президенті Минтемир Шаймиев, Башқұртстан президенті Рахимов барлығы Астананың тойына келді. Көкшетау жаққа шығатын тұста ипподром болды. Той салтанаты сонда жалғасқан. Ипподромда мемлекеттік деңгейдегі меймандардың әрбірінің атын атап, салтанатқа қатысқанын хабарлайды ғой. Лужков, Шамиев, Рахимовтарға аз ғана, әйтеуір құрмет үшін қол шапалақтанып жатты. «Ресей Федерациясының Кемерово облысының губернаторы Аман Ғұмарұлы Төлеев» деп хабарланғанда халық қалай қол шапалақтады дейсің! Назарбаевтың көзі бақырайып, теңеп айтқанда банка болып кетті. Халықтың сүйіспеншілігі деген ғажап еді.
Сол күні Аман Ғұмарұлын қонақ етуге дастарқан дайындаттым. «Аға, біздің үйдің төрінің құрметті қонағы болыңыз» деп шақырдым. Ол кезде Мәскеу, Татарстан, Башқұртстан және Кемеров облысының, Орта Азия мемлекеттерінің басшыларын күтуге бір-бір министрлікті жауапты етіп қойыпты. Төлеевке Қаржы министрлігі бекітілген екен. Наталья Коржова деген додабас келіншек қаржы министрі Аман Ғұмарұлының қасынан бір елі шықпайды. Тіпті құшақтап қояды.
- Марат, көрдің бе, мені бұл бір минутқа босатпайды,- деп күлді ағамыз. - Бұл жолы еш реті болар емес. Келесі жолы сен үшін арнайы Астанаға келермін.
Әттең, ол тұстағы республиканың ресми басшылығы Аман Қазақстанда төбе көрсетуін қаламады. Өздері Аман Ғұмарұлы сияқты адал да әділ, таза да тұнық жұмыс істей алмайтын болғандықтан, оның үлгісін насихаттауға үнсіз тыйым салды. Көзге көрінбейтін қоршау орнатты. Оның бәрін сезген, түйсінген ғажап қабілетті, ізгі жанды ағамыз кіріптар болып келуге арналса керек.
Сондықтан Аман Төлеев қазақ үшін алыс та жақын тұлға болып мәңгілікке қалды.
Марат Нәбиев