Мұхтар Мағауин жүргізген «Шәкерім – Жәнібектің ән кеші» қайда?

609
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі туған күнінде Жәнібек Кәрменовті еске алған шәкірті әншінің ұстаздық келбеті, әншілік, зерттеушілік ерекшелігі жайлы сыр шертеді.

Әр жерде әні шырқалып, әр жерде әншіні еске алғанымызбен, оның мұрасын саралап, салалап, зерттеп, жеріне жеткізген дүние – жоқтың қасы. Осы жағынан келгенде Жәнібекті өзінің зерттеушісін күткен тұлға ретінде атауға мәжбүрміз. Мәжбүрміз дейтініміз, бүгінде, 22 наурызда туғанына 76 жыл толып жатқан кезде, оның өзін де, әншілік мектебін де зерттеген толымды дүние, тіпті шағын мақала да әлі жарыққа шықпады.

Оның сыртында кезінде Жәнібек шырқап, Ақселеу теледидарға жазғызған әндердің толық сақталмауы және Мұхтар Мағауин жүргізіп, Жәнібек жеткізген Шәкерім әндеріне арналған хабардың «алтын қордан» қолды болуы көңілге кірбің түсіреді.

Жәнібекті дәстүрлі әнші дейміз. Ол ән шырқағанда сахнадан түспей шырқайтын әнші емес еді. Оның азды-көпті сақталған мұрасы, бүгінге жеткен қазынасына қарап, көзкөргендер мен замандастарының айтқанына қарап, Жәнібектің түрлі ортада ән салғанын көреміз. Әсірелей айтқанда, кезінде Жәнібектің әнін естімеген қазақ ауылы болмаған шығар.

Мейлі ол жекелеген қонаққа шақырған адамдардың ақ дастарханының басында болсын, сахна төрінде болсын, талмай, бәлсінбей шырқайтын еді. Мұның өзі дәстүрлі орта болатын.

Жәнібек әннің жай шырқаушысы ғана емес, әннің сауатты жеткізушісі де болды. Отырған жерінде ән тарихын айтып, оқиғасын тергеп, ескі тарихты бүгінге жеткізіп, ертеңге аманат етті десек, артық айтқандық болмас. Оның тарихты жете білуі ән көкжиегін кеңейте түседі.

Жүсіпбек Елебеков – Жүсекең мектебінің көрнекі өкілі Жәнібектің өзі де өз мектебін қалыптастырып кетті. Бірақ соны паш ету, елге жеткізуде тағы да насихат па, зерттеу ме, бір шешуші қадам жетпей келе жатқаны анық.

Құрманғазы атындағы консерватория мен өзінің туған жері Шыңғыстау, Абай ауданында оның атына бір-бір ән класы ашылған. Әзірге Жәнібекті зерттеу бағытында осындай санаулы шараларды ғана айта аламыз. Әншінің өз шығармаларын нотаға түсіріп, түбегейлі зерттеумен айналысқан адамдар  болған емес. Талпыныстар байқалған, алайда оны жеріне жеткізуде кемшілік бар.

Ән қанатындағы Жәнібек шалқыған әуеннің ішіне еніп, табиғатын жеткізуде ерекше күйге енетін. Әнді түсінген ғана әнді жеткізе алады. Түсінбегеннің бір қайнауы кем түсіп жататыны анық. Әнді бабына жеткізе баулу Жәнібек ағаның сүйікті әдетіне айналған. «Артық алу, не кем салуға» қатаң қарайтыны, талапты жоғары қоятыны байқалатын.

Осы жағынан келгенде, оның бекзат тұлғасы тыңдаушысын да, шәкірттерін де биікке жетелейді.

Жәнібек Кәрменов 1949 жылы қазіргі Абай облысы, бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әнші, жазушы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі. Алғашында Алматы эстрада-цирк өнер студиясының (қазіргі колледж) әншілік бөлімін, одан кейін Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Жәнібек "Өнер" баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ол өзіндік ән орындаушылығымен ерекше көзге түсті. Көптеген халық композиторларының шығармашылық өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне зор үлес қосты. Кезінде Қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр жайында хабарлар жүргізді. Өнер тақырыбына арналған кітаптары («Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні») жарық көрді. 1984 жылы концерттік-орындаушылық, зерттеу қызметтері және жастар арасында халық өнерін насихаттаудағы жұмыстары үшін оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.

Жәнібек Кәрменов 1992 жылы көлік апатынан қаза тапты. Бұл әншінің әбден дер шағына жеткен, бабына келген, күйі келіскен шағы еді. Алайда тағдыр талқаны бұдан әріге бармады. Аз жасаса да, көп үйреткен, көп жеткізген, көп шырқаған Жәнібектің артында мол мұрасы қалды.

Оның жарқын бейнесін мәңгі есте сақтау ниетімен 1996 жылы Жәнібектің есімі туған жері Қарауыл ауылындағы музыка мектебіне берілді.  Кейіннен осы ауылда әншінің ескерткіші де ашылды.

Әншінің атына Алматыда көше де берілген.

Осы арада Жәкең жайында жазылған естеліктің біріне назар аудартқым келіп тұр. Шамасы, әнші туралы соңғы жазылған тұщымды эссенің бірі осы болса керек, бүгінде өзі де марқұм әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин 2020 жылы былай деп жазыпты.

«Ауыр қаза, қазақ мәдениеті үшін орны толмас қайғы. Сөйтсек, Жәнібектің мезгілсіз өлімі – үлкен апаттың бір ғана бөлшегі екен. Қайткенде артында қаншама мұрасы бар еді. Түптеп келгенде қыруары қайда, жұқанасы ғана қалыпты. Ең бірінші олқылық – Жәнібек бұрнағы бір жылдар болмаса, толысқан, кемеліне келген отыз бес-қырықта ешбір әнін Қазақ радиосына жаздырмапты. Сонда, музыка бөлімінде отырған жігіттермен қырбай екен. Аналар ықылас білдірмеген, Жәнібек жазып ала қойыңдар деп иілмеген. Ақыры, «алтын қорда» жоқ болып шықты. Бұл – бар кеселдің басы ғана екен. Қазақ теледидарында мол қазынасы тұр ғой. Тірі дауысы ғана емес, өзінің бар суреті, бет-бейнесімен. Ол да түгелдей дерлік жойылып кетіпті. Қисынсыз ертегі сияқты. Алайда анық, кісі қолынан келген кесапат... Ескіні жаңаша пайдалану жолында Жәнібек әншінің мұрасы бірінші кезекте құрбанға шалыныпты. Манағы, Ақселеу екеуі түскен тоғыз табақтың екеуі ғана аман қалады. Бірі – Абай әндері. Екіншісі – Кенен ақсақал. Абай, әрине, аруақ. Қол бармаған. Кенекеңнен де кінә жоқ, ата баласы, бәрінен жоғары тұр. Ал Біржан, Ақан, Мәди, Әсет, Естай... тағы қаншама ғажайып ән, жай ғана ән емес, Жәнібек Кәрменовтың орындауындағы ғаламат мұра бір-ақ күнде жойылып кете барған. Анығы – бір күн емес, бірнеше күн қатарынан. Оның ішінде осы кейінгі кезде ғана түсірілген Шәкерім әндері де желге ұшты», - деп жазады жазушы Мұхтар Мағауин.

Бұл тұста қаламгердің мезеп отырғаны – 1986 жылы Жәнібектің шырқап, Қазақ теледидары таспаға түсіріп алған Шәкерім әндерінің кеші. Жазушы бұл кешті «Шәкерім – Жәнібектің ән кеші» деп атайды. Мұхтар Мағауин осы кеш туралы былай сипаттапты.

«...Жазушылар одағының мәжіліс залында өткеріліп еді. Қазақ теледидарынан түсірушілер бар жарағымен және келген. 1986, күздің басы. Шәкерім енді ғана кеңінен насихатталып жатқан кез. Сол қатардағы өзгеше бір мәдени оқиға. Мен «тамсанушы» ғана емес, түсініктемеші, дәйекші болдым. Әуелде қызыға жиналған жалпы жұрт, кейінде теледидар көрермендері үшін, көпке беймәлім Шәкерім, оның мол мұрасы, қазақ руханиятындағы орны туралы қажетті, шағын ақпар. Содан соң, кезегі келген әрбір әннің шығу тарихына, мән-мағнасына қатысты, қолда бар нақты деректер. Сол қалпымен Жәнібек Шәкерімнің он екі әнін қайта тірілтіп еді. Бұрнағыдай, барды жетістіріп толғаған емес, жоқты қалпына келтірген, жалпы жұрт үшін мүлде соны, ғажайып концерт болды. Арада екі апта өтер-өтпесте толығымен, Қазақ теледидарынан берілді. Енді сырттай, көлденең көзбен қарап едім. Бұл жолы Жәнібек ғажайып әнші ғана емес, Шәкерімнің ән мұрасын қайтадан қалыптаушы, зерттеуші, әрі әйгілеуші ретінде көрінген. Осы әуелгі Шәкерім – Жәнібек кеші, мен көргеннің өзінде тағы да екі қайтара көп алдына тартылды. Түйіп айтқанда, дәп осы жолы Жәнібек Шәкерімнің саз мұрасын, жоғын тауып, барын тиесілі әуезіне қайтарып, толығымен нақты бір жүйеге түсіріп еді», - дейді Мұхтар Мағауин. Жазушы осы кештен екі жыл өткенде Жәнібектің кенжесіне Шаһкерім есімін қойғанын жазады.

Осының бәрін пайымдай келгенде, Жәнібектің әндері, Жәнібек жеткізген әндер, Жәнібек орындаған әндерді толыққанды зерттемей, керектісін нотаға түсіре алмай келе жатқанымыз әрине, өкінішті. Сол үшін де лекция-концерттердің сыртында Жәнібек мұраларын, Жәнібек жинаған қазынаны академиялық тұрғыдан зерттеудің өте өзекті мәселе екенін айтқым келеді.

Қайрат Қабышев,

Жәнібек Кәрменовтің шәкірті

 

 

 

 

 

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео с выпускного "убило" всех родителей: кто это заснял?!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Девушка из г Колумбус опозорилась на всю Беларусь! Видео ошеломит
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Школьники потрясли всю сеть этим танцем — смотреть без детей!
Пікірлер