Соғыс шындығы мен Советтер одағы құрамында ерлік көрсеткен халықтар өкілдеріне деген көзқарастың да әрқилы болғаны бүгінде айтылып, жазылып жатыр. Осы орайда майдандағы қазақ азаматтарының еленбей қалған ерлік істерін мұрағат материалдары негізінде жұртшылыққа жариялап жүрген белгілі публицист, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтен “Айқын” газеті алған сұхбатты жариялауды жөн көрдік.
– Мұхтар Абрарұлы, сіз Ресейдің Орталық мұрағатында жатқан деректерді сөйлетіп, бірнеше мақала жаздыңыз. Қазақстандықтардың, оның ішінде қазақтардың соғысты тоқтатып, жеңісті жақындатуға қосқан үлесіне шынайы баға берілді ме?
– Ол сұраққа жауап бермес бұрын сізге мынаны айтайын. Біз кейде өзімізге өзіміз сауал қоямыз. «Осы біздің қазақ қандай халық?» Сонда басымызға халқымыздың неше түрлі сипаты келеді. Соның ішінде ең бірінші ойға оралатыны – «қазақ – батыр халық» деген сөз. Шындығында, территориясына бес Франция немесе он Ұлыбритания сыйып кететін, әлемде жер көлемі жөнінен 9-орында тұрған мемлекетті тек батыр халық ұстап тұра алса керек. Қазақ халқының батырлық қасиетінің жаңа заманда көзге түскен кезі – Ұлы Отан соғысы деп сипатталған соғыс болды. Бұл ІІ Дүниежүзілік соғысқа сол кездегі 70-ке жуық мемлекеттің өкілдері қатысты. Жершары халқының 80 пайызын қамтыған Екінші жаһандық соғыста қазақ халқының батырлығының даңқы бүкіл әлемге жайылды. Сол кезде Совет Одағының бас басылымы «Правда» газетінде орыстың атақты жазушысы Илья Эренбург былай деп жазған. Сөзбе сөз келтірейін: «Один фриц мне сказал: «Против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это – казахи». Бұл – 1942 жылы 18 қазанда жарияланған мақала. Ал енді бұл соғыста шығын өте көп болды. Сонда қазақ халқының батырлығын көрсеткен азаматтардың барлығы бірдей батыр атағын ала алған жоқ. Мысалы, Төлеуғали Әбдібеков деген қазақ 397 немістің көзін жойған. Бір – өзі. Асқан мерген адам болыпты. Соғыста мергендердің өлтірген адамдары кітапшасында жазылып, командирлері қол қойып бекітіп отыратын болған. Ол кісінің ерлігі жайында сол 1942 жылдың өзінде «Комсомольская правда», «Красноармейская» газеттерінде мақалалар жарияланған. Сол секілді Ыбырайым Сүлейменов 268 немістің көзін жойған.
Ыбырайым Сүлейменов – 1943 жылы Невель қаласын жаудан азат ету шайқасында ерекше көзге түскен адам. Изоча стансасында «Ступенчатая высота» деп аталатын жотада қазақтың аяулы батыр қызы Мәншүк Мәметова екеуі немістерге қарсы кескілескен шайқаста қатар соғысқан. Ыбырайым Мәншүкке оқ тиіп, қаза тапқанда Мәншүктің денесін жауға тастамаймын деген шешіммен қасында қалып, екі қазақ сол жерде өлген. Мерген туралы деректер нақты болуы үшін біз 2019 жылдың 14 қазанында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салып, Ы.Сүлейменовке қатысты барлық кұжаттарды алдырған едік. Немістер оны сыртынан «дала мергені», «жаналғыш азиат» деп атап, қатты сескенген. Тіпті, Сүлейменовті атып түсірген неміс снайперіне мол сыйақы мен марапат та тағайындаған. Сөйткен батыр ұлға советтік билік батыр атағын қимай, бір жыл өткенде барып «Ленин» орденін ғана береді. Ал соғыстың алғашқы кезеңінде миллиондаған совет әскері бекерден-бекер тұтқынға түсіп, бекерден-бекер шейіт болып кетті. Тұтас армиялар, бірнеше миллионнан астам адам я шейіт болды, я концлагерьге түсті. Ал қазақтың батыр ұлдары бір ғана Төлеуғали мен Ыбырайымның өзі қаншама жаудың көзін құртты. Міне, қазақ қандай халық дегенде, қазақ – батыр халық, батырлығын дәлелдеп өткен халық дейтініміз – осы. Қазақтың батырлығының шырқау шыңы – Рейхстагтың төбесіне тігілген Ту болды. Оны бірінші болып тіккен де қазақ.
Фотода: Мұхтар Құл-Мұхаммед
– Берлинді алардағы дайындық, шабуылдың қалай өткені жайында да қазір жаңа деректер айтылып жатыр. Біздің қоғам шынайы ақпаратқа қол жеткізе алды ма?
– Барлық шынайы мәлімет толығымен ашыла қойған жоқ деп ойлаймын. Өйткені тарихты әр мемлекет өзінше жазады. Ол үшін сол уақыттағы саяси қатынастарды, еларалық байланыстарды толық білмей, әр деректі жүйелеп алмай нақты картинаны осылай деп сипаттау қиындау. Десек те, 1945 жылдың сәуір айында соғыс өзінің шешуші сәтіне келіп жеткен болатын. 16 сәуірде атақты «Берлин операциясы» басталады. Осы жерде мына бір детальды айта кетейін. Ол операция басталар алдында Берлиннің тағдыры шешіліп қойған еді. Үлкен үштіктің кездесуінде Германияның екіге бөлініп, бір жағы Советке, екінші жағы Америка одақтастары жағына қарайтыны бекітілді. АҚШ президенті Ф.Рузвельт пен Ұлыбритания басшысы У.Черчилльдің бір-біріне жазған құпия хаттарынан оны қалай алудың стратегиялық жоспары да даяр болғанын білеміз. Берлинді үш жақтан қоршап, шығынсыз да алудың мүмкіндігі болған. Онда кісі өлімі бірнеше есе аз болатын еді. Берлинге батыс жағынан Лейпциг қаласын алғаннан кейін Одақтастар әскері келеді. Одақтастар әскерін басқарған бас қолбасшы, генерал Дуайт Эйзенхауэр деген әскери қайраткер, кейін ол АҚШ-тың Президенті болды. Совет одағы жағынан үш бірдей майдан жылжып келе жатыр. Маршал Г.Жуков басқаратын «Бірінші Беларусь майданы», «Бірінші Украин майданы», оны маршал И.Конев басқарады, «Екінші Беларусь майданын» маршал К.Рокоссовский басқарған. Рокоссовский Берлиннің солтүстік жағынан, Конев оңтүстігінен, тура шығыс жақ қасқа маңдайдан Жуковтың қолы келген. Сол кезде америкалықтардың да Берлинді алуға мүмкіндігі болған. Бірақ Дуайт Эйзенхауэр есептеп көреді, кем дегенде 100 мың әскерден айырылу қаупі бар. Ол – демократиялы елдің қолбасшысы. Ертең елге барғанда АҚШ Конгресінің алдында сұрауы бар, «100 мың әскерді қайда жібердің?» десе, Америка халқына не деп жауап берем?! Бұл өте ауыр шығын екен, мен бұған бара алмаймын» дейді. Ал советтер жағы қайткен күнде де Берлинді біз алдық деген атақты алу үшін, шабуылды бастап жібереді. Кейін белгілі болған деректерге қарасақ, небәрі 23 күнге созылған осы операцияда Кеңес әскерінің шығыны қайтыс болғандарды, жараланғандарын қоса есептегенде, 361 367 адамға жеткен. Қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын!» – деген ашына, ашулана сөйлеуінің астарында осындай сыр бар.
Осы жерде тағы бір қателік кеткен. Егер жоғарыда айтылған үш үлкен майданды жауып жіберіп, үш жағынан қоршаса, Берлин операциясы жеңілдеу өткен болар еді. Бірақ Рокоссовскийдің ұлты – поляк. Мәскеу билігі «Берлинді поляк алды» деген сөзді айтқызбау үшін оның әскерін Калининград жағындағы майданға қалдырады. Негізі, сол кезде Калининградтағы соғысты кейінге қалдыра тұруға да болатын еді, өйткені жау әскері ол жерде онсыз да қоршауда жатыр ғой. Сөйтіп, ұлты орыс екі маршалдың әскерін ғана Берлинге кіргізген.
Берлиннің шығыс жағында 50-60 шақырымдай жерде неміс тарапынан берік қорғаныс жасалған «Зеелов биіктігі» деген болған. Совет әскеріне сол биіктікті бағындыру керек. Ол жерді миллионға жуық немістің әскері қорғап тұр. Совет әскері – 2,5 млн адам. Осы биіктікті алу кезінде ресми деректе 30 мың, бейресми деректерде 80 мыңнан астам адам қырылған. Кейде Жуковты «генерал-мясник» деп атайтыны сондықтан. Ақыры, үлкен әскер шығынымен Совет әскері Берлинге кіреді. Сәуірдің 28, 29, 30-шы күндері Берлиннің көшесінде, ғимараттар ішінде кескілескен қанды шайқас жүріп жатты. Ең соңғы 1 мың мұздай қаруланған, әбден тәжірибесі мол СС-тің жауынгерлері мен офицерлерінен тұратын топ Рейхстагқа келіп қорғанады. Рейхстаг деген не? Рейхстаг деген – соғысқа дейін Германияның парламенті отырған жер. Былайша айтқан кезде, сол елдің заң шығаратын, елді басқаратын үлкен мемлекеттің органы, символы. 29 сәуірде штабта өткен жиналыста былай деп тапсырма беріледі. «Ертең Рейхстаг алынады. Рейхстагқа кім бірінші болып ту тігеді, соларды біз батыр атағына ұсынамыз». Сондықтан кім Рейхстагты алып, соның төбесіне туды тігеді. Сол жеңістің нүктесін қойған болып есептеледі. Ту жөнінде біздің халқымызда да керемет сөздер бар. Туды бағалап, қасиет тұтқан. «Ту көтеру», «Бір тудың астына жиналу», «Ту алу», «туы жығылмады» деген сөздер сондай ұғымды береді. Түркі халықтары жауынгер халық болғаннан кейін Туға ерекше құрметпен қараған.
Сонда Рейхстаг ғимаратын әртүрлі командирлер, бірнеше полк қоршап тұр ғой. Барлық командирдің дәмесі бар. Сол кезде Плеходанов деген полковник болған, екінші жерде Зинченконың полкы жатыр. 30 күні таңертең Рейхстагқа шабуыл басталады. Қабырғасы қалың ғимарат, ішіндегі неміс әскері өліспей беріспеуге бекінгендер. Енді мына қызықты қараңыз. 29 күні түнде басшылық Рақымжанды партия қатарына қабылдап, партбилетін тапсырады. Енді туды коммунист тігу керек қой. Алдында әкесі репрессияға ілінгенін сылтау қылып партияға өткізбеген. Ертеңіне өзі сабырлы, салмақты, соғыста талай сыннан өткен барлаушы Рақымжанға туды тапсырады. Сонда қызыл туды гимнастеркасының ішкі жағына салып, жер бауырлап алға жылжиды ғой.
– Сіз «Жаужүрек. Рейхстагқа ту тіккен кім?» атты мақалаңызда Рейхстагқа ту күндізгі сағат 14.25-те тігілген деп жазасыз. Ал Рақымжан Қошқарбаевтың «Жеңіс жалауы» кітабында кешкі 18.30 деп көрсетіліпті. Нақты уақыт қайсы?
– Рақымжан ағамыздың «Жеңіс жалауы» 1978 жылы жарық көрді, ол кезде қазіргідей емес, советтік цензураның күшейіп тұрған уақыты. Мен қазір сізге Жеңіс туының нақпа нақ тігілген уақытын құжаттармен дәлелдеп көрсетемін. Мұның бәрін кезінде «Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві» федералды мемлекеттік мекемесінен алдырдым.
«Гиммлер үйі» ғимаратынан Рейхстагқа дейінгі арада 360 метр жер ашық алаң бар – Кёнигсплац алаңы деп аталады. Сол ашық алаңды кесіп өту керек, қарудың барлық түрінен оқ қарша борап тұр. Рақымжан аға өзінің кітабында «осы жерде мен 7 сағатта жүріп өттім, кешкі сағат 6.30-да ту тігілді» деп жазған. Шындығында, Рақымжан ағаға осылай деп жаздырған. Әскери цензура өзгертіп қосуы да мүмкін.
Ту 30 сәуір күні сағат 14.25-те тігілген. Оны бірінші болып тіккен – Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов.
Бірінші құжат. Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 674 атқыштар полкінің құрамында болды, полктің командирі – Плеходанов. Сол Плеходанов Жеңіс туы тігілген оқиғаның ізі суымай-ақ алғашқы баянатты береді. Онда былай делінген, сөзбе сөз келтірейін: «Командир взвода разведки 1 сб л-нт КОШКОРБАЕВ и разведчик взвода полковой разведки кр-ц БУЛАТОВ в 14.30 водрузили знамя над Рейхстагом. В 14.40 1 и 2 сб полностью вошли в Рейхстаг, очищая нижний этаж и подвальные помещения» (РФ ҚМОМ, 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175-беттер.
Екінші құжат. Соғыс кезінде әрбір дивизияның «Журнал боевых действий» дейтін арнайы журналы болған. Оған ешкім өзгеріс енгізе алмайды. Сол сағатында болған оқиға ғана көрсетіледі. Міне, «Журнал боевых действияда» былай деп жазылған. «Лейтенант КОШКАРБАЕВ и разведчик 674 сп БУЛАТОВ первыми подползли с полковым красным знаменем и в 14.25 30.4.45 водрузили его на площадки лестницы главного центрального входа в Рейхстаг с западной стороны. Только с наступлением сумерков 30.4.45 в здание Рейхстага с южной и центральной части ворвались 674 сп; с северной 1/756 сп», – делінген (Сонда, 1390 қор. 1-тізім, 1-іс, 22-23 беттер).
Көрдіңіз бе? Екі құжаттағы уақыт айырмашылығы – 5-ақ минут. Біреуінде –14.30, екіншісінде 14.25 деп көрсетілген. Енді үшінші құжатқа келейік. Әрбір дивизияның «исторический формуляр» дегені болады, сол құжатта не деген? Енді сол генерал-майор В.Шатилов басқарған 150-атқыштар дивизиясының тарихи формулярына назар аударып көрейік. Онда: «В 13.00 30.4.45 г. артиллерия, минометы и РС открыли уничтожающий огонь по противнику. Артобработка продолжалась в течение 30 минут. В 13.30 начался штурм противника. ...В 14.25 30.4.45 г. лейтенант КОШКАРБАЕВ и разведчик БУЛАТОВ 674 сп по-пластунски подползли к центральной части здания и на лестнице главного входа поставили красный флаг... В 18.00 30.4.45 г. был повторен штурм Рейхстага... Рота Сьянова первая ворвалась в сев. часть Рейхстага, а бойцы 1 и 2 (батальона) 674 сп с центральной и южной стороны», – делінген (Сонда, 1390-қор, 1-тізім, 22-іс, 192-193 беттер). Міне, үшінші құжатта нақпа-нақ 14.25-те деп көрсетіліп тұр.
Енді осы оқиғаны бас штабтағы Г.Жуковқа баяндайды. Сөйтіп, Жуков 30 сәуір күні №6 бұйрыққа қол қояды. Онда былай делінген: «Генерал-полковник Кузнецовтың 3-Екпінді армиясының әскерлері шабуылды өрістете отырып, жау қарсылығын еңсеріп, Рейхстаг ғимаратын басып алды. Бүгін 30.4.45 жылы сағат 14.25-те онда Кеңес туын көтерді. Рейхстаг ғимараты мен оның алаңы үшін шайқаста генерал-майор Переверткиннің 79-атқыштар корпусы мен оның құрамындағы полковник Негоданың 171-атқыштар дивизиясы және генерал-майор Шатиловтың 150-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті» деген жолдар бар. Дәл осы бұйрықтың 4-тармағында тудың біржолата тігілгенін нақтылай түсетін: «Біздің кеңестік туымыз Берлин қаласының ортасындағы Рейхстаг ғимаратында желбіреп тұр», – деген жолдар болды.
– Бірақ шындық ұзақ жыл бойы бұрмаланып айтылды, мектеп оқулықтарында Рейхсатгқа ту тіккендер деп Егоров пен Кантарияны көрсетіп келді.
– Бұл – ресми билік жылдар бойы санаға сіңіріп келген жалған тұжырым. Ал шындығында, Рақымжан мен Булатовтан кейін кешке қарай тағы 4-5 ту тігіледі. Кейін жеткендер бәрі апарған жалаушаларын қадай берген ғой. Біреуі терезеге, біреуі 2-қабатқа дегендей. Сол кезде Зинченко дейтін Плеходановтың жанындағы көрші атқыштар полкінде тағы бір пысық, пысықай командир болады. Туды бірінші болып тігу «жарысынан» әріптесі Плеходановтан қалып қойған айлакер Зинченко қулыққа басқан. Ол Жеңіс туы ол арнайы бекітілген, бөлек ту дегенді ойлап шығарады да штабтан әскери кеңес бекіткен №5 армия туын алдырып, оны ғимараттың төбесіне тігуді бұйырады. Ол туды ұлы орыс халқының өкілі және жоғарғы бас қолбасшы И.Сталин грузин ғой, грузин халқының өкілі тіксе, бұл керемет Совет халқының достығының бір куәсі, керемет көрініс болады деп есептейді. Сөйтеді де, жертөледе демалып жатқан Егоров пен Кантария деген екі адамды алып шығады. Сөйтіп, Егоров пен Кантария 1 мамырдан 2-не қараған түнде Рейхстаг әбден алынып, жаудың бәрі жайратылып, тыныштық орнаған кезде ғана жұрттың көз алдында камераға түсіріліп тіккен. Өзіңіз ойлаңызшы, соғыс жүріп жатқан кезде камерамен түсіру қайдан іске ассын?
Даңқты маршал, Кеңес Одағының Батыры атағын 4 мәрте иеленген Г.Жуков соғыстан кейін өзінің атақты «Воспоминания и размышления» атты кітабын жазады. Осы кітаптың екі нұсқасы болған. Алғашқысы 1969 жылы жарық көреді. Сонда былай деп жазады: «30 сәуір күні сағат 15 шамасында менің командалық пунктіме командарм Кузнецов телефон шалып, – Рейхстагта – Қызыл ту. Ура, жолдас маршал! – деген қуанышты хабар жеткізді» (Воспоминания и размышления, М., 1969, 655-бет). Мұны біз тудың түс кезінде тігілгенін дәлелдейтін бесінші құжатқа жатқызамыз. Алайда уақыт өте келе, маршалдың өзіне пікірін өзгертуге мәжбүр еткен, ресми дерекпен сәйкес келмей қалады ғой. Мына менің қолымдағы кейінгі 1974 жылғы басылымы. Мұнда ол оқиға: «21 сағат 50 минутта сержант М.Егоров пен кіші сержант М.Кантария армияның Әскери Кеңесі тапсырған Жеңіс туын Рейхстагтың бас күмбезіне тікті. Рейхстагты алуға бағытталған тарихи шабуылды өзі бақылап тұрған 3-Екпінді армияның қолбасшысы В.Кузнецов дереу менің командалық пунктіме телефон шалып: «Рейхстагта – Қызыл ту! Ура, жолдас маршал!» деген қуанышты хабарды жеткізді», – болып өзгертілді. Мінеки, осының барлығы қитұрқы саясаттың кесірінен болған дүние. Сталинге жағыну үшін, ұлы орыс халқын көтере дәріптеу мақсатында бұрмаланған, қолдан жасалған тарих. Қошқарбаев – қазақ, Булатовтың түбі – татар. Екеуі де баяғы «Алтын Орданың» ұрпағы. Екеуі Жеңіс туын тігеді. Штабта отырғандар мұндайды қалай қисын. Бұл Ұлы орыс халқының соғысы, сол ұлылардың жеңісі болуы керек деп ойластырған. Бүгінгі Ресейдің тарихшылары Рейхстагқа ту 14.25-те тігілгенін ақыры мойындады, ақиқат кешіксе де ақыры жетті. Ал мына құжаттар мен жаңа сізге келтіріп отырған құжаттар олардың қолында болмаған. Мұның барлығы «секретный архив» деп бұрыштама соғылған құпия жерде жатқан. Бұл құжаттар тек 2005 жылы жарыққа шыға бастады.
– Сіз Рақымжан Қошқарбаевтың көзін көрдіңіз ғой. Қандай кісі еді?
– Мен ол кісімен алғаш 1984 жылы таныстым. Оған себепкер болған кісі – менің аяулы ұстазым, академик Манаш Қозыбаев. Ол кезде Қазақ совет энциклопедиясында қызмет істеймін, бас редактор – Манаш ағамыз. Энциклопедия ұжымы 1984 жылы қазақ және орыс тілдерінде әзірленген төрт томдық «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясына қызу дайындық үстінде болатын. Энциклопедияға Кеңес Одағының батыры атағын 2 мәрте алғандар және А.Матросов пен Н.Гастеллоның ерлігін қайталаған қазақстандықтар ғана кіруі тиіс деген нұсқау, шектеу болды. Ол кезде Гастеллодан бұрын ондай ерлік жасаған Бақтыораз Бейсекбаев деген қазақ екенін білмейтінбіз. Архив жабық жатыр. Ол кейін белгілі болды.
Манаш Қозыбаев докторлық диссертациясын Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан тақырыбында қорғаған адам ғой. Осылайша, ол кісі Орталық Комитет басшылығын «республиканың Ұлы жеңіске қосқан үлесін биіктетеді» деген дәлелмен сендіріп, 1-томға «Рейхстагқа ту тіккен» критерийімен Рақымжан Қошқарбаевты кіргізу жөнінде рұқсат алды. Димаш Ахметұлы Рақымжан ағамызды біледі, сол кісі рұқсатын берген болу керек. Ал Манаш аға Рақымжан ағамен жақсы дос болған. Мені Рақымжан ағаға «мақала жазып әкел» деп жұмсады. Солай батыр ағамен алғаш таныстым. Кейін де бірнеше мәрте жолығып, әңгімесін тыңдаудың сәті түсті.
Қазақта «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген жақсы сөз бар. Рақымжан Қошқарбаевты қазаққа бірінші танытқан адам – Бауыржан Момышұлы. Ол кісі 1958 жылы сол кезде қатардағы журналист, кейін үлкен мемлекет қайраткері болған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы деңгейіне дейін көтерілген Кәкімжан Қазыбаев ағамызға тапсырма береді. «Сендер мені батыр, батыр дейсіңдер ғой, нағыз батыр Рейхстагқа ту тіккен адам. Ол – Рақымжан Қошқарбаев деген қазақ. Сен сол туралы жаз» дейді. Сонда «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген мақаланы ең алғаш жазған адам – Кәкімжан Қазыбаев ағамыз. Кәкімжан Қазыбаев ағамыздан кейін де қазақтың көптеген қаламгерлері жазушылары Рақымжан Қошқарбаевқа өлең арнады. Ән арнады. Толып жатқан мақалалар шықты. Солардың ішінде мен 70-80-жылдардағы қазақ журналистикасының ақтаңгері, ақмылтығы Жанболат Аупбаевтың осы Рақымжан ағамыз туралы жазған мақалаларының циклін ерекше атар едім.
– Батыр атағын бермеген қиянатқа ол кісі қалай қарады?
– Рақымжан ағамыз – өзінің ерлігін соғысқа алғаш кірген сәтінде дәлелдеген жан. Р.Қошқарбаев майданға араласқанда соғыс Польша жерінде жүріп жатқан. Соғыс тарихына «Висло-Одер операциясы деген атпен енген шайқаста Рақымжан взвод командирі ретінде алғашқы ерлігін көрсетеді. Лейтенант Қошқарбаев жаудың траншеясына бірінші болып секіріп, қолма-қол ұрысқа кіріседі. Гранатасымен дереу жау пулеметшісінің көзін жояды да немістің өз пулеметімен өздеріне оқ жаудырады. Осы ерлігін көзімен көрген полк командирі А.Плеходанов Рақымжанды бірден бірінші дәрежелі марапатқа ұсынған. Соғыс кезінде наградалардың бірнеше түрі болған. Солардың ішінде ең абыройлы марапаттың бірі – «Орден Отечественной войны І степени» дейтін үлкен марапат болған. Міне, сол алғашқы марапатын Рейхстагқа дейін Рақымжан алады. Оның сол кездегі наградной листі сақтаулы. Онда Рақымжанның жоғарыда айтқан ерлігі жазылып, дивизия командирі В.Шатиловтың қолы қойылған. Сондықтан бұл кісінің батырлығы соғыстың әр кезеңінде қылаң беріп отырған.
Ол адамзаттың арыстаны дейтіндей өте бір келісті, көркем кісі еді. Жасы келсе де шашы қап-қара, қайраты, батырлығы сыртқы келбетінен-ақ көрінетіндей сұлу адам. Әзіл-қалжыңды жақсы көретін тамаша азамат. Абай атамыздың інісі Оспан өлгенде айтатыны бар ғой. «Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай...» деп келетін. Рақымжан аға да солай Жайнаған туын жықпай өткен жан болды.
Жалпы, қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық. «Алтын жұлдыз» Ыбырайымға ғана емес, есімі аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына, Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа, даңқты партизан Қасым Қайсеновке де бұйырмады. Соғыста ең даңқы шыққан қаһарман қазақ Бауыржан Момышұлының өзіне ресми билік Батыр атағын қимады. Бірақ қазақ халқы өзінің батыр ұлдарын ардақ тұтты, хан көтеріп құрметтеді.
Соғыс аяқталған кезде 98 қазақ батыр атағын алған. Совет Одағының Батыры атағын алған. Соның ішінде басқа республикалардан алғандарды қосып есептегенде 103 қазақ батыр атағын алады. Ал шынтуайтқа келетін болсақ, Ұлы Отан соғысы кезінде 118 қазақ батыр атағына ұсынылып, жаңағы айтылған 103-тен басқа, олардың ешқайсысына батыр атағы берілмеген. Солардың ішінде Рақымжан Қошқарбаев бар. Қаншама азаматтың ерен еңбегі еленбей, бағаланбай кетті. Тек қана Талғат Бигелдинов ағамыз екі мәрте Батыр атағын иеленді. Одан басқа екі мәрте батыр атағына ұсынылған алты қазақ болды, көрсеткен ерліктері лайық болып тұрса да бермеді. Ол алты адамның бірі – біздің даңқты қолбасшымыз, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов. Қазақ батыр халық деген сөзімнің дәлелі осындай.
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери адамдарға, күштік құрылымдардың офицерлеріне берілетін 3 дәрежелі «Айбын» орденіне батырлардың атын бергізуді бекітті. Біріншісіне – генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің атын, екіншісіне – полковник, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының атын, үшіншісіне Рейхстагқа ту тіккен, Ту ұстаушы батыр Рақымжан Қошқарбаевтың атын бергізді. Бұл – тарихи шындықтың қайтып оралуы. Шындықтың салтанат құруы деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бауыржан БАЗАР
”Айқын” газеті