Технократ ел болам десең, математикаңды түзе…

391
Adyrna.kz Telegram

Белгілі математик Ырысбек Мәуіт алгебра мен геометрияны біріктіріп, бір ғана математика пәнін оқытудың 6 маңызды себебін айтты.  

Біз білім мазмұнына реформа жасамай қазіргі дау-дамайдан құтылып, оқу сапасын ешқашан көтере алмаймыз. Орашолақ оқулықтар мәселесі алдымыздан шыға беретін болады. Ал математика сол мазмұнның ең үлкен және маңызды саласы. Технократ ел болам десең – алдымен математикаңды дұрыста!

Мен үнемі көтеріп келе жатқан мәселелердің бірі — 1-11 сыныптарда математика пәнін бір оқулықпен оқыту, яғни алгебра мен геометрияны біріктіру қажет. 2022 жылы "Білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын, үлгілік оқу жоспарларын, үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіру" жұмыс тобында осы мәселені қозғаған едік, бірақ математиктердің көбі қарсылық білдірді. Ал ол бағдарламаның жыры әлі біткен жоқ және 2026 жылдан бастап осы "жетілдірілген" бағдарламалар бойынша жаңа оқулықтар кезең-кезеңімен енгізілмек. Сол кезде де ескерткен едім: “бағдарламаны жетілдіру емес, шыт жаңа өзгерту керек" деп. Себебі ол ескі ғимаратқа жай әрлеу жүргізу ғана. Бәрібір төрт қабырғаға барып қайта соғыламыз! 

Сөзімнің дәлелді болуы үшін алгебра мен геометрияны біріктіріп, бір ғана математика пәнін оқытудың себептері мен маңыздылығын тарқатып өтейін:

  1. Әлем елдері солай оқиды. Сәбет салған сара жолда келе жатқан біз ғана. Қазір бүкіл әлем елдері мектеп бітіргенге дейін бір ғана математика деген оқулықпен оқиды. Біресе алгебра, біресе геометрия деп ми ашытпайды. Біз оқыған қытайда да бұрын алгебра, геометрия деп бөлек оқушы еді, біз орталау мектеп оқыған тоқсан нешінші жылдарға келгенде бірігіп кетті.
  2. Мазмұнды жеңілдетуге, функционалдық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік туады. Бала миы ашымай, мектеп бітіргенше математика деген бір оқулықпен оқиды. Баланың функционалдық сауаттылығынан гөрі, ғылыми бағытымыз күшейіп, оқушы жүктемесін шектен тыс ауырлатып отырмыз. Ал алгебра мен геометрияны біріктіріп, 7-сыныптан бастап "математика" деп оқытсақ, заман ағымына сай болар едік және бұл оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде өмірде кеңінен қолданылатын математикалық мәселелерді шешуге, мәтін есептерді көбірек талдауға, сондай-ақ анализ бен статистика мәселелеріне көбірек көңіл бөлуге жол ашылар еді.
  3. Математиканың барлық бөлімдері толық қамтылуы керек. 1-6 сыныптар аралығындағы математика оқу бағдарламасы бес негізгі бөлімді қамтиды: сан және шама, алгебра элементтері, геометрия элементтері, жиын және логика, математикалық модельдеу. Алайда, 7-сыныптан бастап математика алгебра мен геометрия пәндеріне бөлініп кетеді, және қай бөлімнің қайда кеткенін түсіну қиын болып қалады. Мысалы, тригонометрия тақырыбы геометриядан басталып, кейін алгебраға өтіп кетеді.
  4. Геометрия жоғалып кетпейді, керісінше, оны жүйелі оқуға мүмкіндік туады. Қазір 7-сыныптан бастап математика аптасына бөлінген 5 сағаттың 3 сағаты алгебраға, 2 сағаты геометрияға арналады. Алайда көптеген мектептерде төмендетілген оқу жүктемесі бойынша, геометрия 1 сағатқа, алгебра 2 сағатқа дейін қысқарады. Аптасына бір-ақ сағат өтетін геометрияны елестетіп көріңіз. Өзі күрделі пән, ал келесі аптаға дейін оқушы түсінбеген нәрсені ұмытып қалады. Егер математика біртұтас пән ретінде оқытылса, мұндай қиындықтар болмас еді. Мысалы, үшбұрыш тақырыбын толық аяқтағаннан кейін бірден екінші дәрежелі теңдеулерді шешуге көшуге болар еді.
  5. Сағат қысқарып қалмайды, керісінше көбейеді. Жоғарыда атап өткенімдей, көп мектептерде төмендетілген оқу жүктемесін пайдаланады да, геометрия 1 сағатқа, алгебра 1 сағатқа, барлығы 2 сағатқа қысқарып қалады. Бұл математикалық тілмен айтқанда – 5 сағаттың 40%-ы. Ал математика бір пән ретінде оқытылса, 5 сағаттың бір-ақ сағаты қысқарар еді, яғни 20%. Алдыңғыдан екі есе аз. Бізде қазір баланың жүгін жеңілдету дегенді сылтау етіп, расында математиканың сағатына жағаласқысы келетіндер көп. Бірақ PISA, TIMSS халықаралық зерттеулерінде 1-орында келе жатқан Сингапур қатарлы елдердің математиканы аптасына 8 сағаттан оқитынын ұмытпауымыз керек! Математиканың сағаттарын қысқартар болсақ, технократ ел боламыз деп сөз қозғаудың қажеті жоқ.
  6. 7-11 сыныптардағы жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін олимпиадаларда алгебра мен геометрия жеке олимпиада түрінде өткізілмейді. Тек, математика пәнінен олимпиада ұйымдастырылады және ол сандар теориясы, алгебра, геометрия, комбинаторика сияқты бөлімдерді қамтиды. Бұл да математика пәнін тұтас оқытудың маңыздылығын көрсетеді, өйткені олимпиадалық тапсырмалар бір ғана бөліммен шектелмей, бірнеше математикалық салаларды қатар меңгеруді талап етеді.

Осы себептерге сүйене отырып, біз білім беру жүйесінде алгебра мен геометрияны біріктіріп, математика пәнін біртұтас етіп оқытуды қолға алуымыз керек. Бұл қадам оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып, оқу процесін жеңілдетеді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Технократ ел боламыз десек – алдымен математика жүйесін жолға қояйық.

 

Пікірлер