Ертіс бойындағы оқушы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын жасады

1360
Adyrna.kz Telegram

Абай облысы Бородулиха ауданы Жезкент кентіндегі мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев ғарыш кеңістігінде лазерлік сәулелену арқылы энергия жеткізетін инновациялық құрылғы ойлап тапты.

Бұл жоба ғарыштағы жерсеріктер мен ғарыш станцияларын энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған. Ғарыштағы вакуум және жарық сәулелеріне кедергі болмауы лазер арқылы энергияны тиімді түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Нұралидің өнертабысы болашақ ғарыш технологияларына жаңа серпін береді.

Құрылғы екі ғарыш кемесі модельден тұрады. Бірінде лазер сәулесін екінші кемеге бағыттайтын фокус жүйесі орнатылған, ал екіншісінде тек лазер сәулелеріне сезімтал фоторезистор орналасқан. Лазерлік сәуле фоторезисторға түсіп, түрлендіргіш арқылы электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия шағын шамды жағуға немесе ұялы телефонды қуаттауға да жеткілікті. Құрылғы энергияны 10 метр қашықтыққа дейін жеткізіп, жаңбыр, қар және тұман сияқты түрлі ауа райы жағдайларында сынақтан өтті. Ең жақсы нәтижелер жарық кедергілері жоқ қараңғы бөлме мен вакуум камерасында алынды. Жас зерттеуші ғарышта лазермен энергия жеткізу әлдеқайда тиімді болатынын түсінді.

«Ғарышта энергия тапшылығы мәселесі бар. Жерсеріктер мен ғарыш кемелері энергияның аздығынан істен шығуы мүмкін. Мен ғарышкерлерге көмек көрсету мақсатында осы құрылғыны жасадым. Жобаны жасауға екі жылдан астам уақыт жұмсадым, қолжетімді материалдарды пайдаланып, ғарышта энергия жеткізу мүмкіндігін дәлелдедім», – дейді жобаның авторы Нұрали Амангелдиев.

2019 жылы Нұрали Мәскеу физика-техникалық институтының байқауында өз жобасын таныстырып, жоғары бағаланды. Кейіннен құрылғыға қуаты мықты лазер орнатып, бағдарламалық кодты жетілдірді.

Жас өнертапқыш жобасын одан әрі дамытып, Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр. Болашақта құрылғыға күн батареяларын қосып, оны ғарыштағы ғана емес, Жердегі тұрмыстық қажеттіліктерге де қолдану ойда бар. Мысалы, лазерлік зарядтау құрылғылары арқылы ұялы телефондарды қуаттауды сынақтан өткізбек. Бұл әдіс сымдарды қажет етпей, қызып кету мен тұтану қаупін азайтады. Сондай-ақ Нұрали лазердің толқын ұзындығының қашықтыққа әсерін зерттеуді жоспарлап отыр.

Пікірлер