Мектеп оқшаулану мен теңсіздіктің көзіне айналмасын десек

1453
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектептің арасындағы білім сапасының алуандығы әлеуметтік теңсіздіккке ұрындырмай ма? Арада бағыт-бағдардың алуандығы тағы бар. Мамандардың бұл туралы пайымы әртүрлі.  

Мектептегі орын тапшылығы Қазақстанда жыл сайын қайталанады. Мұғалімдер бір сыныпта 30 баладан үш ауысымда бала оқытып шаршаса, ата-аналар үй жанындағы мектепке сыймаған баласын басқа ауыл, ауданға тасып әуреге түседі. Осы мәселенің түйінін тарқату мақсатында билік мектептегі оқу орындарының тапшылығын жекеменшік мектептерді қаржыландырып, санын арттыру арқылы шешуді көздейді. Алайда біздегі бақылау стандарттарының әлсіздігі, әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі, идеологиялық білім ошақтарының пайда болуы сынды мәселелерге мән беріп жатқан кім бар? 

«ЖЕКЕ МЕНШІК МЕКТЕПТЕ БӘРІ КЕРІСІНШЕ»

Атырау қаласының тұрғыны, 11 сынып оқушысы Даяна Әділхан мемлекеттік мектептен жекеменшік мектепке ауысқанда айтарлықтай өзгерістер байқағанын айтып берді.

 - Мемлекеттік және жекеменшік мектептердің арасындағы білім беру жүйесі өзгеше. Мемлекеттік мектепте дұрыс түсіндірмейді. Түсінбесең «дұрыс тындамайсың ба?» деп өзіңе соны үй жұмысы ретінде береді. Солай сабақты түсінбей үйге келіп, дым істемейтін едім. БЖБ, ТЖБ Ютубтен, интернеттен тауып көшіре салатынмын. Мұғалімдер оқушыларға ұрсып, одан сайын қорқытып тастайтын. Ал жекеменшік мектептерде керісінше. Егер де тақырыпты уақытында түсіне алмасаң, сабақтан кейін қалып, мұғалімнен сұрап алуға болады. Ұстаздардың оқушыларға деген қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Оқушылар – мұғалімдерді, мұғалімдер оқушыларды құрметтейді, - дейді Даяна.

Ақтау қаласының тұрғыны Ақшолпан Түзелбайдың ойынша, орта санаттағы кез-келген жекеменшік мектепте жасалған жағдай мемлекеттік мектептерден әлдеқайда жоғары. Ол өзінің екі бірдей інісінің жекеменшік мектептегі оқу барысы жайында баяндап берді.

 - Менің інілерім Ақтау қаласында үш рет мектеп ауыстырды. Азаннан кешке дейін мектепте болады. Ең үлкен артықшылығы – біз үй жұмысын үйде оқытпаймыз. Сағат үш-төртке дейін сабақтары болады. Ары қарай үйірмелеріне барады, содан соң сынып жетекшісімен отырып үй жұмысын орындайды. Үйірмелер шығармашылық және спорттық бағытта болады. Таңғы ас пен түскі ас, сабақ, үйірме, үй тапсырмасы барлығы біз төлейтін суммаға кіреді. Бізге тиімді әрі қолжетімді. Егер қосымша төлем жасасақ, оқушыларды тасымалдау қызметі де қарастырылған, - дейді.

Жекеменшік мектептерде мемлекеттің бөлетін қаржысы мен ата-ананың жасайтын төлемін ескерсек, мұндағы мұғалімдер жалақысы да айтарлықтай жоғары болмақ. Нәтижесінде  жекеменшік мектептегі оқытушылар құрамы білікті мамандардан құралары сөзсіз. 

ТЕГІН БІЛІМНІҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Жекеменшік мектептердің көбеюін қолдайтын шенділердің әрдайым алға тартатыны – білім саласындағы бәсекені арттыру. Бәсеке болған жерде сапаның да болатыны мәлім. Алайда сапалы мектептердің шарықтаған бағасы ханға да, қараға да бірдей қолжетімді болмайтыны тағы бар. Бұл процесс білім саласында Матфей эффектін тудыруы әбден мүмкін. (Матфей эффекті – артықшылықтарға бұрыннан ие тарап одан әрі байи түседі, ал қалғандарының керісінше мүмкіндігі шектеле береді - ред.) Білім саласындағы Матфей эффекті бойынша бай баласы жақсы білім алып, ары қарай да мүмкіндіктері арта түссе, тұрмысы төмен балалар жағдайы жеткен білімді алып, мүмкіндіктері де шектелуі мүмкін. Нәтижесінде әлеуметтік теңсіздік күшейеді. Бұл белгілер АҚШ, Франция, Ұлыбритания сынды мемлекеттерге тән. Бұл жөнінде біз сарапшылардан сұрап көрдік. Қазақстан да осы хал-ахуалға жетуі мүмкін бе? 

«QAZBILIM GROUP» ұлттық мектептер жобасы жетекшісі Аятжан Ахметжан әлеуметтік теңсіздік белең алуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

 - Бұл мемлекеттің жекеменшік мектептерді қолдауының салдарынан емес, қайта мемлекеттік мектептерді сапалы деңгейде ұстай алмауының кесірінен болуы мүмкін. Біздің мемлекетте қазіргі таңда ресми санақ бойынша 200-ге жуық үш ауысымды мектеп, 150-ден астам апатты жағдайдағы мектеп бар. Егер мемлекеттік мектептер екі-үш ауысымнан, бір сыныпта 35-40 оқушыға дейін оқыса, онда шамасы жеткен адам жекеменшік мектепті таңдайды. Бұл жерде мемлекет өзінің конституцияға негізделген тегін білімді сапалы деңгейде бере алуы маңызды, - дейді сарапшы. 

Блогер  Өркен Кенжебек те әлеуметтік теңсіздік болуы ықтимал дейді. 

 - Оны болмайды деп айта алмайсың. Финляндиядағыдай бір жүйеде білім беретін елдер әлемде аз. Үндістан, Қытай, тіпті АҚШ болсын жеке мектептерге байлар, баласына инвестиция салуды дұрыс деп танитын ата-аналар береді. Бұл бәсекелестік қой. Социализм емес енді. Бірақ әлеуметтік теңсіздік орнауы мүмкін. Сондықтан да бір корреляция болуы керек қой, – деп пікір білдірді.

ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ ҚАРАЛМАҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

Педагог-тренер, спикер Ескендір Бестай жекеменшік мектепте білім беру сапасы жоғары деген тұжырыммен келіспейтінін айтады. 

 - Мемлекет қаржыландыратын көп мектеп орта сегментке жұмыс істеп жатыр деп сенемін. Әлеуметтік теңсіздіктің көзі мектеп емес, мемлекеттің өзі деп санаймын,  - деп өзіндік пікірін айтты.

Еліміздегі жауапты министрлік жекеменшік мектептердің оқу бағдарламасына, жүйесіне қаншалықты араласа алады?  

Аятжан Ахметжан мемлекеттің жекеменшік мектепке лицензия беруі және оларды әр бес жыл сайын аттестациядан өткізуі маңызды деп есептейді. 

 - Мұның бәрі Оқу-ағарту министрлігінің құзіретінде. Бұл жерде бақылай алуы не алмауы министрліктен, парламенттен шығып жатқан заңдық нормалардың сапалы не сапасыздығына байланысты. Егер мемлекет шынайы қадағалағысы келсе, қадағалай алады. Өкінішке қарай, министрлік жекеменшік мектеп түгілі мемлекеттік мектептердің өзін кейде бақылаудан шығарып алып жатады. Сондықтан қазір  белгілі бір деңгейде бақылаусыз екенін мойындаймын, - дейді сарапшы. 

Ал Ескендір Бестай министрлік жекеменшік мектептердің оқу бағдарламасына араласпауы керек деп санайды. 

 - Орынсыз қадағалау мен өтірік есептен ештеңе өнбейді. Мемлекет катализатор емес, барьер болып тұр, - дейді ол.

Баршаға мәлім, қоғам реформаторы ретінде танылған Фетхуллах Гүлен жекеменшік мектеп ашумен танымал болды. Тек Түркияда емес, бұл мектептер Орталық Азия, Африка, АҚШ-та кеңінен тараған. Осы мектептердегі Гүленнің идеологиялық білім беру жүйесі мен «Хизмет» қозғалысының тығыз байланысы болды. Ал қазіргі уақытта Түркия үкіметі «террор ұйым» атаған Гүлен қозғалысын экстремистік ұйым ретінде таниды. Қазақстандағы жекеменшік мектептер де біреудің идеологиялық мүддесінің жетегінде кетпеуіне кім кепіл? Мемлекет қазірден нені ескеруі қажет?

Аятжан Ахметжан қадағалаудың маңызына тоқталды.

 - Егер мемлекеттің қадағалау тетіктері дұрыс болмаса, онда сіз айтқан қауіп жоғары. Қазір, мысалы, мемлекеттік мектептерде белгілі бір деңгейде хиджаб мәселесі ушығып тұр. Хиджаб киюге Оқу-ағарту министрлігі өзінің шығарған бұйрығы бойынша рұқсат етпейді. Бірақ хиджабқа рұқсат беріп отырған жекеменшік мектептер бар. Бірақ оны министрлік қаншалықты қадағалап отыр? Қазір онлайн мектептер де пайда болып жатыр. Білім туралы заңда 100 пайыз онлайн мектеп заңдастырылған жоқ. Бірақ онлайн өткізіп жатқан мектептер бар. Осы тұрғыдан айтқан кезде идеологиялық оқшаулану мәселесі болуы әбден мүмкін, - дейді ол.  

Ескендір Бестай былай деп болжайды.

 - Мектеп, білім беру жүйесінің тапсырыс берушісі мемлекет болған дәуір өтті. Енді ата-ана ырқына жығылатын болады деп қорқамын, - дейді маман.

2021 жылы Қазақстан үкіметі жекеменшік мектептерді қолдауға қаржылық ынталандыру механизмдерін енгізді. Мысалы, жекеменшік мектептерге арналған мемлекеттік тапсырыс үшін арнайы бюджет қарастырылады, бұл жекеменшік сектордағы мектептер санын арттыруға бағытталған. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында бюджеттен биылғы жылға 250 мың бала оқитын жекеменшік мектептерге 134 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Ал келесі жылға 138 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Жекеменшік мектептердің бағасы да әртүрлі. Ulysmedia сайтының зерттеуіне сүйенсек, елордадағы үздік мектептердің жылдық оқу ақысы 3 миллионнан 15 миллионға дейінгі аралықта. Алматыдағы баға да осыған ұқсас. Бұл тұста еліміздегі біраз университеттердің өзі таңдай қағысып қалады-ау, сірә. Ал басқа аймақтардағы мектептердің бағасы – аймақтың экономикалық әл-ауқаты мен мектептегі жасалған жағдайға қарай түрлі бағамда. Шамамен айына  20-150 мың теңгеге дейін. 

Бағлан Тұрғанбек

Пікірлер