Белсенді сот шешімін орындамағаны үшін 5 тәулікке қамалды

966
Adyrna.kz Telegram

Астанада белсенді Ермек Нарымбай сот шешімін орындамағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Осындай әрекеттердің қайталанбауын қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және құқықбұзушылық жасаған адамды тәрбиелеу, сондай-ақ бұл құқықбұзушылықтың келешекте Нарымбайдың өзі және өзге адамдар тарапынан қайталануын алдын алу мақсатында сот Нарымбай Е.Е.-ні бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуды дұрыс деп есептейді», – делінген сот қаулысында.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұл бап бойынша айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген.

Полиция қызметкері жасаған әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада көрсетілгендей, Ермек Нарымбай 2025 жылдың 20 наурызы мен 21 сәуірі аралығында Facebook әлеуметтік желісінде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тақырыптарда 10 жарияланым салған.

Сотта Нарымбай өзін бұрын соттаған бапқа өзгерістер енгізілгенін айтып, енді ол бап негізінде құқықтарын шектеуге болмайтынын мәлімдеді және бұл мәселені Конституциялық сотқа жолдауды сұрады. Алайда, судья оның бұл өтінішін қанағаттандырмады.

Соттың шешімінде 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Алматы облысы, Қонаев қаласының соты Нарымбайды қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырғаны және оған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тақырыптарда жарияланым жасауға, эфирге шығуға, БАҚ пен әлеуметтік желілерде немесе өзге де телекоммуникация желілерінде материал таратуды тыйым салғаны атап өтілген.

Пікірлер