«Өз өмірімізден өзгелердің өмірі маңызды»

622
Adyrna.kz Telegram
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Адам өмірі үшін жандарын қауіпке тігіп, тілсіз жаумен алысқан нағыз батырлар - өрт сөндірушілер. Өлім мен өмірдің арасында жанталасып, қызметі мен міндетін абыройлы атқаратындар да осы жандар. Ерен ерліктің үлгісін та­нытып, үнемі құрал-саймандарын сақадай сай дайындап, кез келген уақытқа дайын болуға бейім. Себебі, қызыл жалын  мүлт кетуді кешірмейді.

Осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген өрт сөндірушінің бірі - Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің № 16 Өрт сөндіру бөлім бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Жантөре Ақнұрмен тілдескен едік.

Өрт сөндіру мекемесінде 6 жыл абыройлы еңбек етіп келеді. 

Ақнұр қызмет ететін бөлім тек өрт сөндіру жұмыстарымен ғана емес, авариялық-құтқару қызметімен де айналысады. Аудан бойынша шақырту көп түсетін мекеме де осы жер. 

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Маманның айтуынша, бөлімге күніне ондаған қоңырау шалынып, қызметкерлер аяқтарынан тік тұрып жұмыс істейді. Дабыл қағыла сала, оқиға болған жерге лезде жетеді. 

«ӨРТТЕ ӘР СЕКУНД БАҒАЛЫ»

«Біз өртті сөндіріп қана отырмаймыз. Ауданда түрлі төтенше жағдайлар болады. Төрт мезгілдің әр түрлі қауіпіне тап болған адамдарға көмек қолымызды созамыз. Қыста боранға қалып, адасып кететіндер бар, кейде малын іздеп шығатындар тұманға қалып қояды. Көктемде су тасиды, жазда ыстықтан өрт көп болса, күзде жиналған, құрғаған шөптердің өртенуі көп болады. Осындай түрлі төтенше жағдайлар жиі орын алады. 

Төтенше жағдайлар кезінде түрлі оқиға болады. Адамды құтқарып аман алып қалсақ, қуанып, өзімізге риза боламыз. Ал өкінішке қарай, үлгере алмай қалып, адам өмірі қиылса, жанымыз ауырады. “Өрт сөндірушілер лезде келмеді” деп айыптап жатады. Бірақ олар бірден хабарласпай, бірі видеоға түсіріп жатады, бірі өзім сөндірем деп, 10-15 минуттан кейін хабарласып жатады, бірі абдырап кеш қалады. Өртте әр секунд бағалы. 15-20 минут жаңған өрт бой бермейді. Біз барғанның өзінде аймақта не бар екенін, газ, балон немесе адам бар екенін анықтап, барлауымыз қажет. Алдымен, адамды құтқарып, кейін қауіпті заттардың жарылмауын қадағалаймыз», - дейді Жантөре Ақнұр.

Ақнұр қызмет ететін бөлімнің техникалық жабдықтары мен өрт сөндіру автомобильдері түгелдей жаңа. Мамандар үшін де жағдай жасалған. 

«Аудан бойынша, өрт сөндіру қызметінің техникасы өте жақсы. 80-90% техника жаңа. Біздің бөлімде 2 автоцистерна бар. Екеуі де жаңа. 23 адам жұмыс істейді. Кезекшілікте 5 адамнан кем болмайды. Бәрі жұмысына адал. Кейде жұмысқа жаңадан жастар келіп жатады. Кейбірі 1-2 ай істеп, жұмыстың қиындығына үйрене алмай, жалақыға да қарап, шығып кетеді. Ниеті басында ақша болғандар, адамға көмектесе алмайды. Біздің жұмыс адалдықты талап етеді», - дейді маман.

«ҚАЙ КЕЗЕКШІЛІК СОҢҒЫСЫ БОЛАТЫНЫН БІЛМЕЙМІЗ»

Өрт сөндірушілер үнемі физикалық және психологиялық дайындықтан өтіп тұрады. Күнделікті арнайы киімдерін сақадай сай дайындап, темірдей тәртіпке бейімделген. Күнделкіті кезекшілігін бір-біріне абыроймен тапсырып, жауапкершілікпен қабылдап алады.  

«Қызметкерлер қиын оқиғадан кейін өздеріне қабылдап, ұмыта алмай жүретін кездері болады. Біз барғанша адам қайтыс болса, “нені дұрыс істемедік, ертерек барғанда үлгеретін едік қой” деп қапаланады.

Өз өміріңнен өзгенің өмірі маңызды болады. Алдыңда не болатынын білмейсің, әрдайым оқыс оқиғаға дайын боласың. Қай кезекшілік соңғысы екенін білмейміз. Бірінде ашық тұрған тоқ жауың, бірінде биіктік, бірінде өрт, бірінде су. Бастысы адам жанының амандығы», - деп сөзін қорытындылады Жантөре Ақнұр. 

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы





Пікірлер