Активтерді қайтару ақсап жатыр. Заң шорқақ па, депутат азусыз ба?

1735
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: Adyrna
Коллаж: Adyrna

Заңсыз активтерді қайтару туралы заң қабылданғалы бір жарым жылдан асты. Оның қайтарымы турасында депутаттар не дейді? Сыртқа жасырылған қаржыны  елге қайту жұмыстары неге баяу жүріп жатыр?

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойған кейін алды 10 күн, соңы екі ай өтіп заң күшіне енген болатын. Жалпы құны 220 триллион шамасындағы күдікті капиталдың заң күшіне енгеннен бері қайтарылғаны небәрі 1 триллион теңге.

«САЛЫСТЫРУҒА КЕЛМЕЙТІН» СУММАЛАР

Ал шын мәнінде шетелде 220 триллион теңгеге жуық қаржы кеткен. Бұл туралы бір ай бұрын экс-премьер Әлихан Смайылов мәлімдеген

">болатын.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи шетелден қайтарылған 1 триллион теңге жеткілікті емес деген пікірде.  Заң қабылданатын кезде капиталын қайтарған адамның аты-жөнін жасырып қалатын бап енгізілді. Капиталды қайтару жұмыстарында кемшілік болса, заңды қайта қарап, қатаң жаза енгізіле ме?

- Бұл бір триллион теңге дегеніміз – шетке ұрланып, жырланып, талан-таражға түскен қаржының жүзден бір пайызы болуы мүмкін. Бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайылов 220 триллион теңгенің көлеміндегі қаржығы тексеріс жүріп жатқанын айтты. Ол өзінің әдеттегі сақтығымен үнемдеп, кемітіп айтты. Тіпті бұдан да көп болуы мүмкін. Сондықтан 220 триллионның жанында 1 триллион деген салыстыруға да келмейді, - дейді депутат.

«ТҮБІНДЕ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ»

Депутат Ермұрат Бапи күдікті капитал иелерінің аты-жөнін жариялау-жарияламау туралы пікірін былай білдірді.

- Аты-жөнін ашық жариялауға келсек, оны жеке адамдарға қатысты моральдік-этикалық мәселе ойлаймын. Екіншіден, ұрланған активтерді өз бетімен қайтарып жатқан азаматтар бар. Мысалы, өз еркімен қайтарғандардың ішінде халықтың қаражатын талан-таражға салып, ұрлауға қатысқанын жариялап, қарабет болғысы келмейтін азаматтар бар шығар. «Оданда өз бетіммен қарызымды қайтарып берейін» деп халықтың алдында қарабет болғысы келмейтін ой болуы мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде заңның талабын түсінуге болады. Бірақ қазір қалай болғанның өзінде уәкілетті орган мен активтерді қайтару жөніндегі комитет Бас прокуратурамен бірігіп, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Парламентке келеді деген ойым бар, – дейді ол.

«БІРАЗ УАҚЫТ КЕТЕДІ»

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев әріптесі Ермұрат Бапи секілді өзі қабылдаған заңның кемшілігін айтқысы келмеді. «Капиталын қайтарған адамның аты-жөнін жарияламау қаншалықты орынды?» деген журналистің сұрағына «Ой, Серікбай, сендер «каверзный» сұрақ қоясыңдар. Мәселен біздің заңда қазір қалай қабылданды, оған енді өзім дауыс беріп алып «мынадай еді» деп қалай айтамын? Егер өзінің адамгершілігі мен әділдігімен өзінің санасында ой туып, қайтаратын болса, оны сонша тепештеп, өлтіріп тастау мақсат емес шығар» деп жауап берді.

Мәжіліс депутаты миллиардтаған қаржының сыртқа кетіп қалғанын, оның бәрі қайтпай әр Қазақстан азаматының көңілі көншімейтінін, ескертті.

- Сол себепті бұл науқандық жұмыс емес, Үкімет басындағы билік ұстап отырған азаматтардың басты бағыты болуы керек. Президенттің активтерді қайтару туралы жарлығы орындалуы керек. Қазір мемлекет басшысының тапсырмасы ақырындап болса да, орындалып жатыр. Бірақ та оның бәрі бүгін айтты екен деп, бір күнде орындала салмайды ғой. «Мынаның бәленше ақшасы бар екен. Оны жылдам қайтарайық» дей салу айтқанға оңай. Әлемдік қауымдастықпен араласып, заңды түрде жұмыс істеу керек. Бұған енді біраз уақыт кетеді, - деді ол.

ЖИГУЛИ БІЛЕТІН ЖАРИЯЛЫЛЫҚ

Қос депутатқа «Ауылда сиыр ұрлаған сотталады. Миллиардтап қаржы ұрлаған адамның жауапкершілікке тартылмауы қаншалықты орынды? Бұл елде заңды сыйламайтын жағдай туғызбай ма?» деп сұрақ қойдық.

Жигули Дайрабаев Бас прокуратураның жанында арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын ескертті. «Оның ішінде біздің біраз әріптестеріміз бар. Сондықтан бұл мәселеде жасырын әңгіме болмайды, жариялылық болады. Уайымдамаңыз» деп айтты.

Ал Ермұрат Бапи сыртқа кеткен капитал кәдімгі заңдастырылып, қаулы немесе келісім-шарттармен сыртқа шығарылғанын айтты.

- Мысалы «Қазақмыс» компаниясын аукцион арқылы, жекешелендіру заңының аясында біреулер иемденіп алды. Ол енді халықтық мүдде ғой. Оның бағасы 100 миллион АҚШ доллары болатын болса, оны 100 миллион теңгеге сатып алған жағдайлар бар. Осы тұрғыдан келгенде жекешеленіп кеткен дүниелерді қайта қарауымыз керек деген талап осыдан туады, – деді ол.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер