Қуанышева Гүлімай: "Бір әйелдей тауқымет те тартыппын.."

260

Қуанышева Гүлімай Әбішқызы 1970 жылы Шалқар ауданының Аяққұм ауылында дүниеге келді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Ай қызы – арман», «Дат, тақсыр тағдыр» жыр жинақтарының авторы.

Бір әйелдей

Бір әйелдей қыз күнімді еске алып,
Әйелдерше бір көйлекке бес барып
Әйелдікпен жанықтырам ерімді
Тойға барар уақыттан кеш қалып.

Бір әйелдей өз отымды күзетіп,
Теңге жұмсау жағын, сірә, «мұз етіп».
Әйелге сай келгесін бе біз етік
Әйелшелеп бар зілімді ап өкшеме
шешімімді шегелеймін жүз өтіп.

Бір әйелдей жасай да алам кісілік
Әйелсініп оны-мұны пісіріп.
«Бәрі бірдей» деп жұбатам құрбымды
Бір әйелдей бір әйелді түсініп.

Бір әйелдей тауқымет те тартыппын,
Таразысын теңдеп үйде тәртіптің.
Әйелекеш шашу терем, балама
Жұғыстығы бала гөр деп сарқыттың

...Бір әйелдей жаулығымды кір шалмай
Бір ақындай жазып кетсем, Іншалла-ай!

Бал көйлекті бойжеткен

Жазға алып кетті жас қызды
Мамырдың жиырма бесі кеп.
Мектепте күтіп көктем жүр
Мені ұмытқаны несі деп

Бал көйлектің ішінде
Бойжеткен сынды... қызалақ
Біз өкше киіп билеп жүр
Біржола бізден ұзамақ.

Дәріптеп жүр ең дәптерді,
Делдалсыз м.с. хат келді.
Дірілдеп аштың есігін
Дүдәмал махаббатты елдің.

Бұрымың шешпеші, бұла қыз,
Біз сенсіз қалай қыламыз.
Көрмеді, көрді деп санап,
Күлтесін гүлдің жұламыз.

***

Дат, тағдыр!
Датым ақын қыз атынан,
жыр жамаған тұрмыстың сызатына,
назын да,наласын да,намысын да
жүгіндірген некенің құжатына.
Дат,тағдыр!
Жүзім төмен салып тұрмын.
Жаздым рас!
Мойныма оны алып тұрмын.
Талантқа тəу еткенде төмен етек
төресіне телміртіп,тарықтырдың.
Туғанда "нашар бала" ек қыз ақындар,
шөпжелке,келін,ана-жүз атым бар.
Сан қойылым-сəукеле сəні бітсе,
сары табытқа қаламым салыңдар да,
семдіріп,жүрегімді де ұзатыңдар!
Ой түйген орамалым ағараңдап,
соңымда сор төбеттер шабалаңдап,
қанаттыға қонам да құбыла асам.
Құбылада құнсыздық бағаланбақ.
Шер-шапанның мұң-зерін селдіреттім,
жыр жазған жаулығымды желбіреттім.
Датың болса, жеткізем жаратқанға
шетіне түйіп қалдыр, келді-кеттім!

***

Мен түсінбедім, ал!
Неге ізімнен қалмайды сықсың қайғы?
Қаңтардың құныс күніне еріп
арса-арса ақпан да тұқшыңдайды.
Алақанымды соза бергенде
қуаныш қалай қырын кетеді?
Адалдың көші оза келгенде
арамың қалай мәреге бұрын жетеді?
Әнебір қалың бетті аяз шіркін
немен қызартарын,
күнді кешке еңкейткен Тәңір
көлеңкемді несіне ұзартарын
Білгім кеп.
Бірақ жаhаннан жырақтай берем
жалғыз жүргім кеп.
Құрау-құрау дүниенің қиығына
көз жасымды төгем егіліп.
Құрдымға құлдыр-құлынымды құлатып ап,
отырмын қабырғам сөгіліп.
Әр көңілден шуақ суырып,
дүбір іздеймін,дүниені даңғаза ғып.
Аш баладай жеймін сосын
пәлсапаңызды нанға жағып.
Жұбанайыншы жұмбағың шешіп,
жер кіндігі ме ең,Мамай қорғаны?
Үкісі үзілді!.. Қамажайым-ай!!!
Қалай болғаны?

Қалай болғаны?!
Асан,Үсенімді жұртыма тастап,
ілгері көшу ісім бе еді?
Пендеңе бәрібір-ау…
Періштелерім түсінбеді.
Мен де түсінбедім,ал.

***

Иыққа үлбір желегім сап,
Үміт саулап етегімнен,
Бақытсыз өлеңімді ап
Эдем бағына кетемін мен!
Күлте сайын жасым тамып,
Гүл өсіріп,мастанармын.
Жаным – жұмақ, басым – тамұқ,
Қойныма шер жастанармын.
Есептемес елде қалам
Сауап, ынсап, күнә арасын.
Өзім болам көрген адам
Вавилонның мұнарасын.
Эдем бағы тұрағым боп,
Жұпар текті жыр төгемін.
Ораларға пырағым жоқ
Ер жиылмас Күлтөбемін.
Естен шығып аспан асты,
Сонда ешкімді сағынбаймын.
Тастап кетем тастамасты
Жүрегіме бағынбаймын.
...Иыққа үлбір желегім сап,
Үміт саулап етегімнен.
Тек бақытсыз өлеңімді ап
Эдем бағына кетемін мен!

***
...Күңірене бермейін десем
Көкірегім толып кетердей.
Мүрдені жерлейін десем
Мүмінім бірге өліп кетердей.
Тескен таудан әрі ассыншы
Тұқымы құрығыр дерт дегенің!
Мен осында қалам!
Мінерге көлік те ерттемедім.
"Үлкен Айдайға" салмас бұрын
"Кіші Айдайымды" айтып алайын.
Құдайға кеше тапсырып кеткем...
Қазағымды өзіме қайтып алайын.
Жасырынар жерім қайда еді
Бала кезімдегі?
Өмірге берер өлеңім де әлі
Өзімде еді...

Күз жайлы емес өлең

Сары самал аңқып сыңсу айтқанда
жапырақ саулап етегі,
жылатып жазды әкете берер
ырықсыз ымның жетегі.
Тойшы ауыл қоршап тұрар-ау сонда
жазды аяп, аяп өздерін
желек астымен көшкенде өмір
көшіп ап көктен көзге мұң.
Үзіліп гүлі, бұзылып үні
сырғыса думан қырындап
тоң теріс тамыз жөнелер қыңбай
сәулесін тақ-тұқ ырымдап
Күндікке жаздың күймесін соғып
мазасыз мезгіл қарт ұстаң
қадірі қашқан көлеңке байғұс
сығалап өтер әр тұстан
Ұзаған жаздың үніне ұйып
жасай да алмай бір кесім
саусағың бұлтқа тиердей болып
сезімді сәтке іркесің
Саршаның ісін сөкетке сайды
Мизам да мәнсіз есінен
Кетері бардың кернейін тартып
келетіні осы несі деп
... Келер деп жазды күтемін мен де
күрсінтіп мұңмен сыбай күн
Құлап кеткенше құзырына өзім
көкірегімдегі Құдайдың.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер