Полиция Алматыдағы жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқандарды іздестіруде

1092
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Алматы полициясы жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратушыларды іздестіруде, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Құқық қорғау органдары кеше түнде қоғамда негізсіз дүрбелең мен үрей тудырған жалған хабарлардың авторларын анықтап жатқанын айтты.

«Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деп ескертеді полиция департаменті.

Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша жаза 3 мың АЕК (11 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру болуы мүмкін. Бұған дейін тәртіп сақшылары азаматтарды тек ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуге шақырды.

Айта кетсек, чаттарда Әл-Фараби даңғылындағы екі көпқабатты үйдің құлағаны туралы жалған хабарлама тараған болатын. Алайда Төтенше жағдайлар қызметі зардап шеккендер мен қираулар жоқ екенін айтып, ақпаратты жоққа шығарды.

Сондай-ақ алматылықтардың чаттарында ең көп тараған хабарлама таңғы бесте тағы да жер сілкінісі болады деген белгісіз ер адамның аудиосы болды. Алайда Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев жойқын жер сілкінісі туралы ақпарат жалған деп сендірді.

Сонымен қатар ҚазҰУ-дың №6 және №8 жатақханаларының қирағаны туралы да жалған ақпарат тарап үлгерді. Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер