«Соттарды да сайлайтын уақыт келді». Өз ішінде дауы көп сала қайтсе сауығады?

3493
Adyrna.kz Telegram
коллаж: Adyrna
коллаж: Adyrna

Соттардың сайлануы жайлы пікірлер айтыла бастады. Сарапшылар оның қыр-сырына орай өз ойларымен бөлісті.  

Жуырда «Қазақстан қоғамындағы сот жүйесінің тұрақты даму негізі» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясында Жоғарғы соттыңбұрынғы төрағасы (2009-2011) Мұсабек Әлімбеков соттарды халық сайлауы керектігі туралы ұсыныс айтты.  Бұл қаншалықты маңызды? Сайланған сот әділ шешім шығара ма?

«СУДЬЯ БАҒЫНЫШТЫ БОЛМАУЫ КЕРЕК»

Адвокат Әлімжан Жұбатқанов бұрынғы Жоғарғы сот төрағасының ұсынысы орынды екенін айтады. Себебі ол сот сайланса, онда судья билікке тәуелді болмай, тәуелсіз бола түсетінін ескертті.

Соттар толық тәуелсіз болу үшін оны сайлау керек. Судья шешім шығарған кезде облыстық немесе Жоғары сотқа бағынышты болмауы керек. Мысалы, сот шешім шығарған кезде «Менің шешімімді облыстық сот бұзып жібермей ме?» деп жалтақтамауы қажет. Қазіргі соттарда шешім шығарған кезде қорқыныш болады. Себебі өзінен жоғары сот айыптаған адамды ақтап жіберуі мүмкін. Сондай-ақ соттарымызды президент тағайындағаннан кейін оларда бағыныштылық бар. Осындай бағыныштылықтан арылу үшін халық өзі аудандық сотты мәслихат пен мәжіліс депутатын сайлағандай таңдауы керек. Аудан әкімдерін сайлағандай соттарды да сайлайтын уақыт келе жатыр. Егер аудандық соттарды сайлайтын болсақ, ол облыстық сотқа бағынбайтын болады. Мысалы,Америкадағы штаттардың соттарын халық өзі тікелей сайлайды. Сондай-ақ Ұлыбритания мен Швейцария да сотты сайлайды. Міне осындай озық елдің үлгісін өзімізге алу керек, – дейді ол.

«СОТТАР БІР-БІРІНЕ ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙДЫ»

Адвокат Әлімжан Жұбатқановтың ойын Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да қолдайды. Әйтсе де ол сот сайлауы қазір емес, болашақта іске асатын дүние екенін ескертті.

Болашақта сот сайлауын енгізуге болады. Ал дәл қазіргі таңда бұл бастама бірден қолдау тауып кетеді деп ойламаймын. Себебі қандай да бір бақылау болмаса, яғни соттардың «бәрінен де тәуелсізбіз» деп отырып алуы мүлде ақылға сыймайтын нәрсе. Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі туралы бұрын-соңды пленарлық отырыста мәселе көтерілген жоқ. Мен бұл мәселені пленарлық отырыста үш рет көтердім. Алдағы уақытта бұл мәселені тағы көтеремін. Шыны керек,соттар бір-біріне қарама-қайшы шешім қабылдай береді. Біз «сот тәуелсіз» деп бәріне көз жұма қарап, ештеңе шығара алмай отырмыз. Менің бұл жерде логикам қарапайым, биліктің жалғыз қайнар көзі Конститутция бойынша халық. Биліктің үш тармағы, атқарушы, заң шығарушы және сот билігі бар. Атқарушы және заң шығарушы билік халыққа тікелей бағынышты болып отыр. Мысалы, заң шығарушы билік мәслихаттан бастап мәжіліске дейін халық арқылы сайланады және есеп береді. Атқарушы билік те сайлау жүйесіне ауысып жатыр. Былтыр аудан және республикалық маңызы бар қала әкімдері және бұған дейін ауыл әкімдері сайланды. Тіпті сайланбайтын әкімдердің өзі жылына бір емес, бірнеше рет халықпен кездесіп, есеп беріп тұрады, – дейді ол.

«СОТТАРДЫ ТАЗАРТУ КЕРЕК»

Мәжіліс депутаты халық алдында жауап бермейтін жалғыз орган сот екенін айтады. Сол себепті олбіздің елде соттар ойына келген шешімді шығарып, оған халық наразы болып жатқанын ескертті.

- Сондықтан да мен соттарды сайлау керек деген ұсынысты қолдаймын. Бірақ бұл іс болашақта іске асуы керек. Қазір бізге бірінші кезекте мінсіз беделге ие адамдардың сот болуын қамтамасыз ету. Өкінішке қарай бізде сот кадрлары ақшамен өтіп кетеді. Сотта хатшы болып судья болып кеткендер бар. Және олар қызметін әлі күнге дейін жалғастырып жатыр. Бұл дұрыс үрдіс емес. Негізінде елдің, халықтың алдында аты мен беделі бар әрі заңгерлік бастамаларымен көзге түсіп жүрген азаматтар судья болуы керек. Сондықтан да қазіргі таңда соттарды тазарту керек. Мұны жылдам істеуге болады. Мысалы, жалпыға бірдей аттестация өткізу арқылы қайтадан жұмысқа алып, кейін сайлау жүйесін енгізсе дұрыс болар еді, – дейді Абзал Құспан.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер