Қанша жамандасақ та биліктегі өз қазағымыз жер сатқанда В.Косарев жердің сатылуына қарсы болды. Ал опасыз Қосанов жер түгілі өзіне риясыз сенген өз халқын сатып кетті! Дос Көшім табалдырықтан секірді. Оны қызы арашалай бастады. Қызына қой демей ме, қызының артына тығылғаны несі? Өзі шығып жауап берсін халыққа? Біз Дос Көшім үшін ғана Қосановқа дауыс бердік! Әйтпесе, Қорабайдың қара есегін таныса да Қосановты ешкім танымайтын еді. Қосановтың жеңіп тұрып жеңілуі, және ел-халықтан бірінші боп Тоқаевты құттықтауы "жасанды драма" екені анық байқалды. Маңыраған бір отар қойдың мазасын басу үшін қораның алдыңғы есігінен шығарып, айналдырып алып келіп қораның артқы есігінен қайта қамаған арам қойшының әрекетін Қосанов әдемі сомдап шықты. Мұндай сахна саңлағына алдағы уақытта Шерлок Холмстың рөлін ұсынатын болар. Ал Ринаттың "партия құрам" дегені сол қойларды сырғалап мен баға тұрамын. Ол үшін үкімет даму бағдарламасы бойынша маған субсидия бөледі дегені сияқты болды. Ринатжан, сөзіңе тұра алмайсың ба, үйлеріңе тараңдар дейтінің бар, о бастан халықты алаңға жинап басын қатырма? Өзі шер жұтқан бишара халықты көкпар тартқаны құсатып қырдың қызыл түлкісі оңға тартып, ойдың ойшыл түлкісі солға тартып діңкелетіп жіберді. Халықпен олай ойнауға болмайды, ойыны осылғырлар! Митинг, байкот дегенді қойыңдар! Неге, себебі, біріншіден Тоқаевқа әлдерің келмейді, Қазақстанның тұтқасы соның қолында! Екіншіден, Тоқаевты құлатқанда орнына кімді қоймақшысыңдар? "Солдат в запасе" дегені сияқты резервте кімің бар, ей?! Сатқын Қосановтың жасағаны әне, Көшім көрпе астынан шыға алмай қалды, Ринат ішке бір кіріп шыққаннан гәмірі жіберді. Сонда кімнің әмірін орындап жүрміз? Не нәрсеге шыққанда да алға қойған бір мақсат-мүдде болуы керек қой! Расул Жұмалы мешітке жұмаға кетпеген болар, ал Айдос Сарымның сарыны белгілі болды. Мына жақтан халық қан ішеді де ал Әбіләзов сияқтылар әлеуметтік желіден омондардың бұтынан көтеріп аспандатып автобусқа бір-бірлеп адам тасыған комедиясын тамашалап виски ішіп отырады. Үйлесе ме? Әбіләзов мықты болса елге келіп, басы-қасында жүріп алып шықсын халықты алаңға! Олай істей алмайды екен, бөшкі түбіне жасырынып үрген қанден иттер құсап дарияның арғы жағынан абаламасын! Мен бұларды биліктің өзі аткорымда көк шөппен арнайы дайындаған "жасанды ұлтшылдар" деген тұжырымға келдім. Биліктің астауынан халықтың жемін тартып жеген жалған ұлтшылдар жойылмай көретін күніміз әлі алда!
Тұрар Шапқара
"Адырна" ұлттық порталы