«Бренд қалыптастырып, отандық өнімді әлемге таныту – біздің мақсат» - кәсіпкер

3352
Adyrna.kz Telegram

Жергілікті өнім шығару – бір мәселе, оны тұтынушының талабына сай жеткізу – тағы бір мәселе. Ондайда баға белгілеудің де өз талаптары бар. 

Кез келген сауда үйіндегі дүкен сөрелеріне назар салсаңыз сырттан келген тауарлар қаптап тұр. Киім-кешек, аяқ-киім, азық-түлік, үйге қажетті тауарлардың көбі көршілес  Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай елдерінен келетіні жасырын емес.  Дегенмен, «Қазақстанда жасалған» белгісімен тұрған тауарлар да аз емес. 

Сондай өнім өндіріп жүргендердің бірі – Тоқтар Біржанұлы. «Сапа жағынан шетелден кем емеспіз» дейді кәсіпкер. Бірнеше жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген қандас елге келіп, кәсіп бастаған. Бүгінде «Біздікі» атымен танымал брендтің иесімен «Адырна» тілшісі сұхбаттасты.

- Ең алғаш бұл кәсіп қалай басталды? Алғашқы тауар қандай болды?

- Біздің өнімдер толық Қазақстанда өндіріледі. 2022 жылы көктемнен бастап осы кәсіппен айналыстық. Ал 2016 жылдан бастап шұлық өндіре бастағадық. Қазір бірнеше қалада дүкеніміздің филиалдары бар. Біздің тауарлар қой, түйе жүнінен, таза мақтадан жасалады. Бастысы киімдеріміздің барлығы жылы, ыңғайлы, сәнді әрі таза Отандық өнімдерден тігілген.

- Отандық өнімдерді дайындау, саудалау идеясы, осындай дүкен ашу кімнің ойы болды?

- Мен өзім Моңғолиядан келген қандаспын. 2012 жылы Моңғолияның жүн өнімдерін елімізге әкеліп, сата бастадық. Сол кезде Моңғолияның жүн-шұлықтарын өндіретін компания көз алдымызда өсіп, өркендей бастады. Бізде де тұтынушылар саны артты. Содан «біздің ақшаларымыз неге Моңғолияға кетуі керек, неге өзіміз осы кәсіппен айналыспасқа?» деген ой келді.  Түріктің Zara, LC Waikiki, Koton сияқты бренд қалыптастырып, өз өнімімізді әлемге таныту – біздің мақсат.

- «Отандық өнім» десе көпшілік қымбатсынатын секілді. Ал сіздер өндіретін тауардың бағасы қанша? 

- Баға жағы орташа. Біздің өнімдер сапалы шикізаттан жасалғандықтан бағасына әсер етеді. Екінші жағдай - жалға алу құнының қымбаттауы. Сауда үйіндегі дүкендерді жалға алу қымбат болғандықтан ол бағаға да әсер етеді.  Осы тұста мемлекеттен көмек алуға тырысып жатырмыз.

- Тұрақты тұтынушылар көп пе? Қазақстанда жасалған тауарларды өзге елге экспорттайсыздар ма?

- Халық отандық өнімге қызығады. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар.  Қой көрпесі мен түйе жүн көрпесіне Америка, Канада, Ресейден сұраныс түседі. 

- Сапасы мен баға бір-біріне үйлеседі ме?

-  Сапасы мен бағасы жағынан шетелден кем емеспіз.  Бастысы халыққа қолжетімді етуге тырысып жатырмыз. Шетелдік тауарларға қарағанда қолайлы деп айта аламын. 

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер