Home » Айдарлар » Әдебиет » Құрбангүл Ағабек. Сені ұзақ іздедім деп күлесіз…

Құрбангүл Ағабек. Сені ұзақ іздедім деп күлесіз…

Жас ақын Құрбангүл Ағабек 1996 жылы маусым айының 21 жұлдызында ОҚО, Арыс өзенінің бойында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Қазіргі таңда Іле ауданы, Ынтымақ ауылында орналасқан №46 мектептің ұлағатты ұстазы. Оқырман назарына жас ақынның жуық арада жазған туындыларын ұсынамыз.

Бүлдірген балалық

Ауыл кешін сағынам жайдары бақ,
Бұлақ ағып жататын сайға құлап.
Санамызда сәбилік, балалық бар,
Бүлдіргенге шығамыз сайланып ап.

Секілді боп құрбыдан қалыс қалмақ,
Жан ұшыра жүгіріп намысты ойлап.
Балалықта бүлдірген теруші едік,
Тоғай ішін ну жаға Арыс бойлап.

Бір ауылдан шығамыз ұл, қыз болып,
Кететіндей шынымен мыңды оздырып.
Жағаласып өріспен қайтушы едік,
Аспаныма жатқанда жұлдыз қонып.

Қазіргі өмір басқаға кетті ауысып,
Балалығым басымнан кетті ау ұшып.
Қайтушы едік тоғайдан аз-маз терген
Бүлдіргенді жол бойы жеп тауысып.

Сөкпеуші еді әжеміз, анамызда,
Сеніп өскен бала едік сан аңызға.
Қазақ жері кең деуші ед әжем жиі,
Неге еркіндік жоқ біздің қаламызда?!

Ауыл кешін сағынам жайдары бақ,
Бұлақ ағып жататын сайға құлап.
Кейде айнадан бүлдірген қызды іздеймін,
Біртүрлі бір тұлғаға айналып ап.

 Сылтау

Сені көрсем бақытты боп марқайдым,
Қуанышқа айналғандай бар қайғым.
Жалыным-ау, көрмегелі өзіңді,
Жүзі бопты жарты айдың…

Аңсарлыққа тәуелді етіп жанды ар, мұң,
Жанарымды жылауық қып алған кім?
Өлең теріп сағыныштың елінен,
Шабытыма алдандым…

Хат, хабарсыз сезіміме шек қылдың,
Қылығына қызығушы ем текті ұлдың.
Жарты ай жүріп сылтау іздеп таптым да,
Есігіңе кеп тұрмын…

Жұбататын жалғыз сенсің жанды шын,
Өлең болды айтар саған алғысым.
Қалтыраған қолым есік қағып тұр,
Тук! Тук!
– Армысың!

☆★☆

Сізде, мен де бір бақытты сеземіз,
Бірақ, неге ұмтылу жоқ.?
Белгісіз!
Жағалауға таяу тұр ғой кемеміз,
Қол созыңыз, енді сіз!

Жүрегіме нұр құяды рең бере,
Жанымызға жылу сыйлап жарық күн.
Сезімімді сездірмей еш пендеге,
Жасқанудан жалықтым..

Бақ қонар ма басымызға бізге аттас,
Кей өлеңде оқырманнан жақынсыз.
Тіршілікте қайраттысыз міз бақпас,
Ал сезімде батылсыз…

Айтқым келді өзің жайлы жар салып,
Мақтаныш қып барлығына ортаның.
Кейде сізді сыйласамда соншалық,
“Аға!” – деуге қорқамын…

Жанарыңмен жырға толы жаныңмен,
Нұр сыйлайсың түстен бөлек бар өңге.
Бір болайық жырларыммен, әніңмен,
Құпиялы әлемде…

***
Досың болсам рұқсат па деп сұрайсыз,
Сыпайысыз,  соныңызбен ұнайсыз.
Көрші отырып көлік іші көп қарап,
Сөзіңізбен сынайсыз…

Жылы жүзің мейір  тұнған жанарың,
Ғашықтықтың айтатындай бар әнін.
Жиі ойыма елестейтін түндерде,
Сіз бе екенсіз қалауым?!.

Маған жақын жерде жиі жүресіз,
Мені сырттай бақылайсыз, білесіз.
Кездесуде жаңа таныс адамдай,
Сені ұзақ іздедім деп күлесіз?!.

Біз жолықсақ жаңбыр жауып кетеді,-
Дегеніңіз жанға жылу етеді.
Сол жауынның астына қол ұстасып,
Тым алысқа кетіп қалсақ нетеді?..

Сан түрлі ой санамызда егесті,
Көңіліңіз болмасыншы көмескі.
Сыйласуға жақын әрі дос болып,
Рұқсат керек еместі!..

***

Терезеден қойдың мені күттіріп,
Жанарыма қалды қанша шық тұнып.
Сүйе тұра серттен тая салғаның,
Мықтылық!

Саған қалай  мейірімді түсірем?
Таңдап алған жан ең көптің ішінен.
Ұғынуға мені шамаң жетпеді,
Түсінем!

Қалауыңның жасай алмай қаншама,
Жүргеніңді елемедім жан сала.
Еркіндікті серік ете алмасаң,
Аңсама!

Кесіріңнен кесіліпті гүлдей мұң,
Көңіліме келіп қонды үйдей мұң.
Саған өлең жазғандығым болмаса
Сүймеймін!

Құрбангүл АҒАБЕК

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Мирас АСАН: Ең терең адамыңа – ең биіктен, Қол бұлғау – қоштасу ма, шақыру ма?

Асан Мирас Болатұлы 1987 жылы 13 мамырда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. ...