Мемлекеттік туы мен резиденциясын өзгерткен президент орныға бастады

3127
Adyrna.kz Telegram
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

Биыл мемлекеттік туын өзгерткен Қырғызстан президенті Садыр Жаппаров жаңа резиденцияға көшіп баруы мүмкін. 2022 жылдың сәуірінде басталған құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Билікке келгеніне үш жыл болғанда президенттің жаңа резиденция салдыртуы нені аңдатады?

ЫРЫМШЫЛ ЖАППАРОВ АҚ ҮЙГЕ НЕГЕ БАРҒЫСЫ КЕЛМЕДІ?

Қазанның 10-ы күні Садыр Жаппаров әлеуметтік желіде  жаңа резиденцияны қалай атаған жөн деп қырғыз жұртынан кеңес сұрады.

«Бұл есім мәңгі қалатындықтан, көпшіліктің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауды жөн көрдім. Бұл тарих  болады. Сондықтан ұсыныстарыңызды күтемін. Сондай-ақ президент әкімшілігінің жаңа ғимаратының атауының осы немесе басқа нұсқасын не үшін ұсынып отырғаныңызды міндетті түрде дәлелдеңіз», - деп жазды ол.

Президенттің жазбасына жұрт жаңа резиденцияны «Ақ Ордо», «Құт Ордо», «Айкөл Ордо», «Ынтымақ Ордо» деген атау ұсынды. Сондай-ақ қырғыз азаматтары президентке «Манас» эпосының қаһарманына арналған «Манас Ордо» деген атауды ұсынды.

Арада 8 күн өткенде Садыр Жаппаров жаңа резиденцияны «Ынтымақ-Манас Ордо» деп атауға шешім қабылданғанын мәлімдеді.

«Ынтымақ Ордоны» жеке өзім ұсындым. Көпшіліктің ұсынысын ескере отырып, тағы бір атауды қосып, «Ынтымақ-Манас Ордосы» деп атасақ, дұрыс болар еді», - Садыр Жапаров.

Президент жаңа әкімшілік ғимаратының атауына барлығы 108 ұсыныс түскенін, олардың көпшілігі бір-біріне ұқсайтынын баса айтты.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың сәуірінде Бішкектің оңтүстігіндегі кеңестік Ыстықкөл қонақүйінің орнында президент әкімшілігінің жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Құрылыс қырғыздар арасындағы наразылық   тудырды. Себебі халық елдегі экономикалық қиыншылық кезінде жаңа ғимарат салудың орынсыз екенін жазды.

Әйтсе де ырымшыл Садыр Жаппаров экс-президент Сауранбай Жиенбековтен кейін қирап қалған Ақ үйге барғысы келмеді. Себебі көтерілісшілер Ақ үйді басып алғаннан кейін Асқар Ақаев, Құрманбек Бақиев және Сауранбай Жиенбеков биліктен қуылған болатын. Сарапшылар «Садыр Жаппаров осыны ескеріп Ақ үйге бармай, өзіне жаңа резиденция салып жатыр» деп жазды.

ЖАППАРОВ НАЗАРБАЕВТЫ ҮЛГІ ТҰТА МА?

Орталық Азия елдерінде билікке келе салып жаңа резиденция салған президент жалғыз Садыр Жаппаров емес. Мысалы, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтан қалған Ақсарайды қомсынып, 2017 жылы өзіне Көксарай салып алды. Аталған резиденция салынып біткенше Шавкат Мирзияев сенат ғимаратында жұмысын жүргізді.

Ал Садыр Жаппаровтың бірнеше президент төңкеріс арқылы қуылған Ақ үйге барғысы келмегені түсінікті. Ал Шавкат Мирзияев 30 жыл билікте болған Ислам Каримовтың Ақсарайын неге ұнатпады?

Бір қызығы Садыр Жаппаров Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты да үлгі тұтатын секілді. Мысалы ол қырғыз қоғамы мемлекеттік туды өзгертуге қарсы болғанда бір кезде «елбасы» аталған экс-президентті еске алды.

«Ел орталығын Алматыдан Астанаға көшіру кезінде депутаттар Назарбаевтың шешіміне қарсы болды. Депутаттар «Ақмолаға көшу деген не?», «Үнемі қара суық болады» деді. Сонда Назарбаев мінбеге шығып: «Бүгін менің туған күніме байланысты бұл шешімді бір рет мақұлдауларыңызды өтінемін» деп айтты. Осыдан кейін Қазақстан парламентінің 90-95 пайызы ел астанасын Алматыдан көшіруді мақұлдап, дауыс берді», - деді Жапаров.

Жапаровтың айтуынша, қазір Астана – әлемдегі  ең озық қалалардың бірі. Қырғызстан президенті парламентке ел астанасын емес, бар болғаны елдің туын аздап өзгерту енгізу үшін осындай саудаға барды.

«Туды өзгертуге қолдау көрсете аласыз ба? Мен сіздің өзгерістеріңізді қолдаймын. Маған да қолдау көрсетіңіздерші. Ту көп өзгермейді. Біз оны аздап қана өзгертеміз», - деген ол.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел парламенті алдында Садыр Жапаров айтқандай сөзді айтқан-айтпағанын әзірге ешкім тексере қойған жоқ. Бір кезде Назарбаевтың кеңесшісі болған, кейін депутат болған Серік Әбдірахмановқа хабарласқанымызда, ол президент Садыр Жапаровтың айтқандарын жоққа шығарды.

Серік Әбдірахманов Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 6 шілде күні Парламентке келіп, астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру бастамасын көтергенін айтты.

- Алайда ол “Менің туған күніме байланысты қолдаңыздар деп айтпады. Бірақ бәрі біліп отыр ғой. Депутаттардың ішінде мен ғана қарсы мақала жаздым.  Оны ешбір газет шығармады. Тек “Жетісу” газеті мақаламды шығарды,”- дейді Серік Әбдірахманов.

Қырғызстанның алтыншы президенті Садыр Жапаров – 2020 жылы төңкеріс жолымен, түрмеде жатқан жерінен билікке келген саясаткер. Кейін сайлау өткізіп, Конституцияға өзгертулер енгізіп, өзінің билігін заңдастырып алды. Қырғызстан Конституциясы бойынша бір адам президент болып 5 жылдан екі мерзімге сайлана алады. Садыр Жапаров билікке келгенге дейінгі Конституцияда президент 7 жылдық бір мерзімге ғана сайлана алатын.

Ал жаңа Конституция ел ішінде «ханституция» аталып кетті. Резиденцияны Қырғызстанда «хан сарай» деп атайды.

Пікірлер