«Christian Dior компаниясында модель болған қазақ қызын кітабыма қостым»

4937
Adyrna.kz Telegram

Таяуда «Еуропадағы қазақ диаспорасының тарихы және қазіргі жағдайы» атты кітап жарық көрді. Онда Еуропаға барғанына ғасырдан асқан қазақ диаспорасының тарихы мен 0аз3рг3 ахуалы айтылады. Арасында қуғын-сүргін салдарынан бертінге дейін беймәлім болып келген әлемге әйгілі тұлғалар да бар. Кітап авторы Досан Баймолда «Адырна» сұрақтарына жауап берді.  

Еуропа елдеріндегі қазақтардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігін зерттеп, қоныстану тарихына шолу жасап жүрген журналист, жазушы Досан Баймолданың «Еуропадағы қазақ диаспорасының тарихы және қазіргі жағдайы» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Германия, Франция, Чехия, Норвегия, Дания сынды бірқатар Еуропа елдеріндегі қазақ диаспорасының қалыптасу кезеңдері мен бүгінгі тұрмыс-тіршілігі баяндалған. Кітап авторымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Еуропадағы қазақ диаспорасының өмірін, тарихын зерттеп, кітап жазуға не түрткі болды?

- Бұл тақырыпқа өзім қызықтым. 1973 жылы 17 жасымда Польшаға оқуға аттанғанмын. Батыс Берлинде қазақтар тұратынын  естіп, таң қалдым. Сол қазақтарға кезіксем деп армандап жүрдім. Алдымен, «Қара жорғаны» билеп танылған Арыстан Тосын есімді қазақ азаматымен кездестім.

- Еуропаға алғаш рет көшіп барған қазақтардың тұрмысы қандай болды? Немен айналысты?

- 1992 жылы Чехияда жүргенімде екі қазақпен кездестім. Темірхан Алтын мен Қызырхан Шолпан есімді азаматтар. Елдің дәмін, әдебиетін сағынған қазақтарды көрдім. Олардың тұрмыс-тіршілігі қарапайым, қоғам өміріне жақсы араласпаған. Жан-сақтау үшін немістерден қалған тас үйлерді паналап, Түркиядан темір-терсек, киім-кешек алып, сатып жүрген.

- Еуропадағы қазақ диаспорасын үш кезеңге бөлген екенсіз. Тарихына тоқталып өтсеңіз.

- Еуропаға қазақ диаспорасы өкілдерінің алғаш келуі 1921-1930 жылдар деп айта аламыз. Ал диаспораның қалыптасуының алғашқы кезеңі 1941-1950 жылдарды қамтыған. Ал 1962-1980 жылдар қалыптасудың екінші кезеңі болды. Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін, яғни 1991 жылдан күні бүгінге дейін қазақ диаспорасы қалыптасуының үшінші кезеңі өтуде.

- Қазақ диаспорасының Еуропаға қоныс аудара бастағанына бір ғасырдың ар жақ-бер жағы болып қалған екен. Сол жылдары шетел асқан қандастарымыз туралы айтып өтіңізші.

- Мұстафа Шоқай Парижде тұрғанын білесіздер. Әзімбек Бірімжанов, Әбдірахман Мұңайтпасов, Дамолла Битілеуов, Темірбек Қазыбеков деген қазақтың аты тарихи мәліметтерде қалған. Олар – Германиядағы ЖОО-да өте жақсы оқыған студенттер.

- Шетел архивтерінде қазақтар туралы ақпарат қаншалықты қолжетімді?

- Мұстафа Шоқай туралы деректер өте көп. Ол ұлы тұлға болды. Мен Польша архивтерін зерттедім. Менің басты артықшылығым – поляк тілін білуім. Осы арқылы мен көп ақпаратқа қолжеткіздім. Одан бөлек, Жазушылар одағының төрағасы болған ағамыз Ұлықбек Есдәулет  1935-1936 жылдары Парижде өмір сүрген қазақтың қызы Алла Ильчун туралы кітабыңа қос деді. Ол – атақты Christian Dior сән компаниясының ең алғашқы модельі болған қарапайым қазақ қызы. Оның қазақ ұлтынан екенін білмеген, Харвинде туған. Бірақ оның әкесі Қуантқан деген қара теміржолшы. Алла қайтыс боларының алдында журналистерді жинап, өзінің қазақ екенін айтып кеткен.


Фотода Алла Ильчун

- Бүгінде Еуропадағы қазақтардың тұрмысы мен тіршілігі қандай? Студенттік шағыңызда байланыс орнатқан қазақ диаспорасының өкілдерімен байланыстасыз ба?

- Әрине, байланысым үзілген емес. Телефонмен хабарласып, жағдай сұрасамыз. Олар қазақ десе жүрегі соғып тұратындар. Олар қазақтардың Қазақстанда тұрып, орыс тілінде сөйлейтініне ренжиді. Алайда шетелде туған қазақ балалары өз ұлтын ұмытып жатқандай. Олар тіл білмейді, тіпті түрік тілінде де аз біледі. Бір бала французша, бірі испанша сөйлеседі.

Мен ылғи шетел қазақтарын елге шақырып отырамын. Кәсіптерін біздің елімізге әкеліп, осында еңбек етсін. Ата қонысқа оралғаны жақсы. Бәрібір біреудің елінде жүрген соң өз еліңдей болмайды. Еуропадағы қазақтар  қазақ болып қаламыз десе оның екі жолы бар. Мен оны кітапта да жаздым. Бірінші жол – мүмкіндік болса, Қазақстанға келу. Қазақстанға келуді қиынсынсаң, онда Түркияда тұр. Түркия да жаман емес, елдің мәдениеті ұқсас. Бірақ Еуропа болған соң оларда заң да, талап та жақсы. Бәріне баспана беріп, жағдайын жасайды.


- Еуропадағы қазақтар елге оралса шетелдегідей жағдай жасап бере аламыз ба?

- Біз Еуропадағы қазақ тұрмақ, өзімізді жарылқай алмай отырмыз. Жақсы нәрселер айтылады, бірақ жүзеге аспайды. Жоғары жақтан түрлі бағдарламалар, идеялар айтылады, ақша бөлінеді. Бірақ нәтиже жоқ, жүзеге аспайды.

- Еуропаның қай елінде қазақтар көптеп қоныстанған?

- Қазақтар Франция мен Германияда көп. Бір қызығы, Германияда қанша қазақ тұратынын айту, есебін шығару қиын. Түркиядан барған қазақтар бөлек жүреді, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан соң барғандар олар бөлек жүреді. Жақын араласып, қосыла бермейді. Мен Польшадағы консулдан санын сұрағанымда олар нақты санын айтқан. Чехияда он мыңдай қазақстандық бар. Олардың көпшілігі славяндар екен. Чехияның жоғары оқу орындарында үш мыңдай қазақ студенті оқиды екен. Бірақ бұл – тұрақсыз сан. Қазақтың саны Еуропа елдерінде аса көп емес.

- Бұл кітап толықтырылып, екінші рет «Ұлы Дала жобасы» бойынша жарыққа шықты ғой?

- Ең әуелі 2015 жылы жарық көрген «Европадағы қазақтар» кітабы ақпарат, анықтамалық ретінде жарияланған туындыны. Ал қазір Менің  "Еуропадағы қазақ диаспорасының тарихы және қазіргі жағдайы" атты зерттеу кітабым суреттермен, зерттеулермен толыққан.  Бұл туынды конкурстан өткен басқа 8 автордың кітаптарымен бірге " Отандастар" қоры және Қазақстан  Жазушылар Одағының  бірлескен "Ұлы Дала" жобасы бойынша жарыққа шықты. Алматыда, Жазушылар Одағында осы кітаптардың тұсаукесері болып өтті. Енді жақын арада кітапхана сөресіне жеткізіледі.


- Кітапта жазылған құнды естелікпен бөліссеңіз

- Оралдан бір жігіт хабарласты. Ол 2015 жылы жарық көрген кітабымнан өз атасы туралы ақпарат оқыған екен. «Германияда соғыс тұтқыны болып, сол жақта жерленген атам туралы өз кітабыңызда жазыпсыз. Қарыс Қанатбаев деген – менің атам» деп, Оралдан арнайы ұшып келді. Сөйлесіп, пікірлескеннен соң, атасының қайда жатқанын біліп беруін сұрады. Шетелдегі қазақтарға, әріптестеріме хабарласып, зиратты таптық. Жолын үйлестіріп, Варшаваға барды. Одан әрі тағы біраз жол жүріп, атасының зиратын көруге көмегіміз тиген болатын. Қарыс Қанатбай Мюнхендегі Вальдфриедхеф зиратына жерленген.

- Бұл кітап қанша тиражбен басылды? Оқырман сіздің кітабыңызды қайдан оқи алады?

- Бұл кітап 500 дана болып басылады. Бұл «Ұлы Дала жобасы» бойынша шығып отыр. Ол кітаптар таратылады. Жақын арада бүкіл кітапханаларға таратылады. Кез келген оқырман кітапты қолына алып, оқып, жақынырақ танысуына мүмкіндік бар.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер