AmalBooks баспасынан тағы да екі кітап жарыққа шықты. Бұл ерекше еңбектердің өз айтары бар. Баспагердің бұл кітаптарды іріктегендегі пайымы қандай?
Баспаның негізін салушы Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша тарихи туындыларға сұраныс артып келеді.
«Меломан» дүкені жыл сайын Қазақстандағы Топ-50 кітаптың тізімін жариялайды. Өткен жылы «Таза тарих» бойынша шыққан екі кітабымыз сол тізімге енді. Сондықтан сұраныс, қызығушылық бар», - дейді ол.
Жақында аталған бағыт бойынша баспадан ерлі-зайыпты ағылшын саяхатшылары Томас, Люси Аткинсондардың «Семь лет Казахии» (Қазақ жеріндегі 7 жыл) кітабы және Мұхаметжан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» басылып шықты.
ОСЫ ЖҰРТ АЛАТАУ АТКИНСОНДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
1848-1855 жылдары қазақ даласына келіп, жеті жыл өмір сүрген ағылшын саяхатшылары Шығыс Қазақстан, Лепсі, Жоңғар Алатауы аймақтарында болған. Күйеуі де, әйелі де көрген-білгендерін естелік етіп жазып, бөлек-бөлек еңбек ретінде қалдырған. Олар тек Қазақстанды емес, Сібір аймақтарын да аралаған. AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай «олардың жазбаларынан қазаққа қатысты тұстарын алып, жинаққа қосып шығардық» дейді. Кітап он тоғызыншы ғасырдың елуінші жылдары қазақ даласын мекендеген адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен көзқарастарынан хабар береді.
Томас Аткинсон ақсақалдар, сұлтандар мен ру басшылары ауылдардың өмірін қалай ұйымдастырғанын егжей-тегжейлі сипаттаған. Оның жазбаларынан дәстүрлі өмір салты мен орыс әкімшілігінің ықпалы арасындағы қақтығыстарды аңғаруға болады. Ал Люси Аткинсон сол кезеңде зерттеушілер арасында сирек қозғалатын қазақ қоғамындағы әйелдердің орнына ерекше мән берген. Ол әйелдердің тұрмыс-тіршіліктегі атқаратын рөлін, отбасы мен шаруашылықтағы қызметін жан-жақты сипаттап жазған.
Ерлі-зайыпты саяхатшылар Алматы облысының Қапал ауылында жүргенде ұлдары дүниеге келген. Туған жеріне орай оған Алатау-Тамшыбұлақ деп ат қойған. Алатау-Тамшыбұлақ Аткинсон Гавайи АҚШ-қа қосылғаннан кейін сол аумақтағы қоғамдық білім беру департаментінің жетекшісі қызметін атқарған. Бүгінде Гавайиде «Алатау» есімі өте танымал. 2016 жылы Алматыда Томас пен Люси Аткинсондардың қазақ даласындағы тұрмысты сипаттаған еңбектерінің таныстырылымына олардың Ұлыбритания мен АҚШ-тағы ұрпақтары келіп қатысқан. Олар Алматы мен Астанаға және Алатау-Тамшыбұлақ Аткинсон дүниеге келген Қапал өңіріне барған.
ТЕМІРЖОЛШЫ ЕҢБЕГІ – ТАРИХ БАСТАУЫ
Келесі жарық көрген кітап Алаш арысы, тарихшы, инженер, Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Түркістан (Қоқан) автономисының алғашқы басшысы – Мұхаметжан Тынышбайұлының еңбегі. Бұл 1925 жылы «Материалы к истории киргиз-казакского народа» атауымен Ташкентте орыс тілінде жарық көрген. Биыл аталмыш туындыға бір ғасыр толып отыр.
«Жүз жыл өтсе де қазақшаға әлі аударылмағанын білдік. Бұл біз үшін жаңалық болды. Сосын оның орнын толтырайық деп жаз мезгілінде аударуға кірісіп, өткен жылдың аяғында басып шығардық» - дейді Бақытжан Бұқарбай.
1925 жылы шыққан нұсқасынан аударылған кітапқа қосымша Мұхаметжан Тынышбайұлының бірнеше мақалалары қосылып басылған. Автор қазақ халқының қалыптасуына қатысты тың деректерді өзіне дейінгі ғалымдарға сілтеме жасай отырып жазған. Мәселен, қазақтың рулары жайлы жазғанда Плано Карпини мен Рубруктың, Бартольдтың, Иран тарихшысы Рашид-ад-Диннің, моңғол тарихшысы Санан-Сесеннің еңбектеріне сүйенген. Нәтижесінде үш жүзге бөлінген рулардың пайда болу тарихынан бастап Қазақ хандығының құрылуына дейін толық әрі нақты дәлелдермен баяндаған. Сонымен қатар, әр рудың ұраны мен таңбасы кесте түрінде берілген.
Бұл еңбекте Керей мен Жәнібектен бөлек, Есім, Жәңгір, Тәуке хандардың да есімі аталып, билік еткен жылдарындағы ерліктері жазылған. Әбілқайыр хан тұсындағы қазақ жерінің Ресей құрамына қосылуы жайлы да кітапта сөз қозғалған.
«Қазақ халқының тарихы» кітабына Мұхаметжан Тынышбайұлының 1927 жылы жазылған «Ақтабан шұбырынды» мақаласы және 1926 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамының тарих секциясында жасалған «Көксудың қирандылары және Қойлық қаласы» баяндамасы енгізілген. Сондай-ақ, «Краснореченск қирандылары және Баласағұн қаласы» атты мақаласы да қоса басылған.
Баспагер «Таза тарих» сериясы аясындағы кітаптарды шығару кезінде алғашқы дереккөздермен жұмыс істеген маңызды екенін алға тартты. Оның айтуынша, кітапты шығарар алдында Мұхаметжан Тынышбаевқа қатысты тұңғыш диссертация жазған ғалым Гүлбану Жүгенбаеваның ақыл-кеңесіне жүгінген.
«Мұхаметжан Тынышбайұлының еңбегін қазақ тіліне аударып, толыққанды әзірлегеннен кейін Гүлбану ханым сүзгіден өткізіп шықты. Біз тарихшының мақұлдауынан кейін ғана кітапты баспаға бердік. Сонымен қатар баспагерден архивтегі тарихи деректермен жұмыс істеу процесі жайында сұрастырдық» - деді Бақытжан Бұқарбай.
Өз мамандығы темір жол инженері Мұхаметжан Тынышбаев 1905 жылы Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы жол қатынасы инженерлері Императорлық институтын бітірген. Оның диплломдық жұмысының тақырыбы Түрксіб теміржолы болған. Кейін 1927-30 жылдары осы теміржол желісі құрылысын Мұхаметжан Тынышбаевтың өзі жүргізеді. Темір жол құрылысы аяқталғаннан кейін совет билігі Тынышбаевты Воронежге жер аударғаны белгілі. Алашорда үкіметінің мүшесі, саяси қайраткер, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Түрксіб теміржолын салған айтулы маман Мұхамеджан Тынышбаев 1937 жылы репрессия құрбаны болды.
AmalBooks баспасы нон-фикшн, іскерлік әдебиет және тарих бағыттары бойынша кітап шығарады. 2021 жылдан бері «Таза тарих» сериясының аясында тарихқа қатысты тың деректерді ұсынып келеді.