Хиджап пен сақал. Атрибутты алға тартқандарға арналған заң

1882
Adyrna.kz Telegram

Орталық Азияда киім, пайымымен «мұсылманбыз» деп зайырлы білім мен жергілікті дәстүрді жатырқайтындар қарасы молайды. Бұл әрекет оларды бақылау талабын тудырған. Теріс уағыз бен қисынсыз пайымнан кейін аймақ елдері бірінен соң бірі тиісті заңнаманы күшейтуге кірісті.

Қырғызстан билігі елде бетті тұмшалайтын діни киім мен сақал қоюға тыйым салды. Шешім Жоғарғы кеңес басшысы Шарапатқан Мәжитованың қолдауымен қабылданды. Оның пайымдауынша, мұндай шара ел қауіпсіздігі үшін маңызды. Ұсынылған заң Қырғызстанда қызу талқыға түсуде.

Орталық Азияның өзге елдеріндегі жағдай қандай?

«БЕТТІ ТОЛЫҚ ТҰМШАЛАУ ӨТЕ ҚАУІПТІ»

«Соңғы күндері паранжа киетіндер көбейіп кетті. Орамал тақпау керек деп отырғаным жоқ. Бірақ, кім екеніңізді біле алмайтындай бетті толық тұмшалау – өте қауіпті дүние. Бізге осыған қатысты мемлекет тарапынан шара қолдану қажет», - деген депутат Шарапатқан Мәжитова 8 қыркүйекте Жогорку Кенеш (жоғарғы кеңес) отырысында.

Екі айдан кейін ол осы мәселе бойынша заң жобасына бастамашы болып, 14 қарашада құжат қоғамдық талқылауға жіберілді. Онда азаматтың тұлғасын анықтауға мүмкіндік бермейтін, бетін жауып тұратын киім киюге тыйым салынатыны айтылған.

Заң жобасында ұзын сақал қоюға да тыйым салынған. Жобада сақалдың тыйым салынған ұзындығы көрсетілмеген, тек «азаматтың келбетін анықтауға мүмкіндік бермейтін ұзын сақал қоюға» тыйым салынатыны айтылған.

Депутат мұндай шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет деп есептейді. Заң қабылданса, заң бұзушыларға 2 мың сом (шамамен 10 мың теңгеден аса) көлемінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке қоғамдық жұмысқа тартылады. Тәртіпті бұзу қайталанса, айыппұл екі есеге өседі.

ХИДЖАБТАН БАСҚА КӨП ӘЙЕЛ АЛУ МӘСЕЛЕСІ ДЕ БАР

«Діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ұлттық құндылықтарды қорғау мақсатында» паранжа мен сақал киюге қарсы шаралар Орталық Азияның басқа елдерінде де қарастырылған.

Үстіміздегі жылдың 5 қыркүйегінде Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы қоғамдық орындарда хиджаб кигендерді әкімшілік жазалауды қарастыратын заң жобасын мақұлдаған. Өзбекстан көп әйел алуды насихаттап, әйел мен еркектің теңдігін мойындамайтындарға жазаны күшейтуді ұсынып отыр. Енді құжатты Сенат мақұлдап, президент қол қойған жағдайда заң күшіне енеді.

Бұған дейін Өзбекстан мүфтиі Нуриддин Холикназаров Исламда киім-кешек пен сыртқы келбетке қатысты қатаң ережелер жоқ екенін айтқан болатын.

Мүфтидің айтуынша, бет пен басын толық жабу әйелдердің ниқаб атты киіну формасына жатады. Ниқаб бетті және денені толық жауып жүретін киіну үлгісі.

Сондай-ақ, ол исламда барлық нәрсе қалыпты болуы керектігін – толық жамылып, қара киім киіп, ұзын сақал қойып, кең шалбар киюдің қажеті жоқ екенін атап өтті.

САҚАЛДЫЛАРҒА АРНАЛҒАН РЕЙД

Ал Тәжікстанда осыдан бес-алты жыл бұрын халықтың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүріне сай келмейтін киімдер мен оның бұйымдарын киюге қарсы науқан басталды. Содан кейін мемлекеттік қызметкерлер арасынан арнайы топтар құрылып, жүздеген әйелдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тіпті, үкімет басындағы әйелдер және отбасы істері комитетінің өкілдері базарларды аралап, рейд жүргізген жағдайлар да болды.

Кезінде ел президенті Эмомали Рахмон да ел азаматтарын сақал қоймауға, хиджаб кимеуге шақырған болатын. Тәжікстан басшысы, атап айтқанда, «дінді тақия мен сақал тақпай-ақ ұстануға болатынын» баса айтқан.

2012 жылдың қарашасында Тәжікстанның ғұламалар кеңесі сақал өлшеміне қатысты стандарттарды қабылдады. Онда «Ханафи мәзһабындағылардың сақалының ұзындығы бір түйілген жұдырықтан аспауы керек» делінді.

Тәртіп сақшылары сақал қойған адамдарды ұстау үшін республикада да рейд жүргізіп тұрады. Олардың жеке басы анықталып, саусақ іздері алынғаннан кейін ұсталғандардың сақалын күштеп болса да қырып тастайды.

Тәжікстанда сақал қоюға алғашқы шектеулер 2009 жылы енгізіле бастады, бірақ кейін бұл ережелер тек мұғалімдерге қатысты болды. Атап айтқанда, жасы 50-ге толмаған мұғалімдерге сақал қоюға рұқсат етілмеді, ал жасы үлкендер сақал өсіретін, бірақ үш сантиметрден асыруға болмайтын.

АЗАМАТТЫҚ ЗАҢДАР ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ

Соңғы бірнеше жылда хиджаб мәселесі біздің елді де айналып өтпеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу мәселесін талқылау мүмкіндігін қарастыруда.

6 қазанда Астанада өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «міндетті түрде» шешім ұсынылатынын, бірақ оның айтуынша, «бұл мәселе қоғаммен бірге зерттелетінін» айтты. «Мен бүкіл әлемдегі тәжірибені көріп отырмын. Өйткені бұл –   ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орындарда беті жабулы күйде адамды [жеке басын] тану өте қиын», - деп түсіндірді ол.

Қыркүйек айының басында Аида Балаева «мектептерде хиджаб кию мәселесі өзекті болып отыр» деген түсініктеме берді:

«Қазақстан Конституцияға сәйкес діннен бөлінген зайырлы мемлекет. Бұл ретте мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік береді. Мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни нормалармен емес, азаматтық заңдармен реттеледі. Ал ережелер мектеп формасын кию стандарттарын сақтауды талап етеді» деді ол.

Кейбір жылдары елімізде мектептерде орамалға тыйым салынған соң ата-аналардың қыздарын мектепке жібермеген бірнеше фактілері тіркелді. Бұған жауап ретінде аталған оқушылардың ата-аналары сотқа жүгінген. Бұл ретте оқу орындарының басшылығы бұл тиісті ведомствоның талабы екеніне сілтеме жасады. Бірақ оқушы қыздардың ата-аналары мұндай тыйымдар Конституцияда белгіленген діни сенім бостандығы құқығын шектеу деп санайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы дінді ұстанушыларды 10 жасқа дейінгі қыздарға хиджаб кию міндетті емес шарт екенін есте ұстауға шақырды:

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз құзыреті шегінде осы мәселе бойынша мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман қауымының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп сенеміз» делінді ҚМДБ жауабында.

Мектептегі орамал мәселесі биыл оқу жылы басталғалы бері қызу талқыға түсуде. Депутаттар, қоғам белсенділері хиджаб тақырыбын түрліше талқыға салып, билік иелеріне мәлімдемелер жасады. Тіпті бұл дауға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласты.

Президент Астанада өткен мұғалімдердің республикалық съезінде мектеп – білім алуға келетін оқу орны, ал діни сенім азаматтардың жеке ісі екенін айтты.

"Елімізде діни сенім бостандығына заңмен кепілдік берілген. Менің ойымша, бала өскенде өз таңдауын жасап, дүниетанымын қалыптастырса дұрыс болар еді", - деді Тоқаев. Сондай-ақ, ол Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және зайырлы болып қала беретінін баса айтты.

Бұл мәселе көпшілік арасында теріс уағыз, қисынсыз қисса кең тарай бастаған соң қолға алынып отыр. Әлеуметтік желіде тараған түрлі мәліметтерді талғамсыз тұтыну қалыптасқан.

Өз ортасында «ұстаз» аталатын уағызшылардың ғасырлар бойы қалыптастан дәстүр мен зайырлы білімді бір-ақ сөзбен жоққа шығарып, ортағасырлық догманы тықпалауы дін мәселесіне назар аудартып отыр. Бір жағы қоғамда зайырлы дінтанушылардың да орны да үңірейіп тұр. Қазіргі қоғамда дінтанушы дегендердің көбі дінді уағыздаушы болып шығып жатыр.    

Жағдайға бей-жай қарамау керек дегендердің ішінде сенатор Нұртөре Жүсіп те бар.  Ол діни идеологияның дамуына ықпал етуші білімнің жетіспеушілігі мен жұмыссыздық мәселесін себеп қылды:

«Бүгінгі таңда азаматтарды осындай сыртқы күштерден арылтуға көмектесетін сауатты дінтанушылар мен имамдар жетіспейді. Ал шетелде бейресми білім алып жатқан азаматтардың саны артып келеді. Олардың білімінің идеологиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі күмәнді. Себебі жоғарыда аталған жайттардың алдын алу бойынша құзырлы органдар арасында өзара үйлестірудің жоқтығынан жүйелі жұмыс жүргізілмейді,» - дейді Нұртөре Жүсіп.

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер