Педагогика саласына тән «ұстаз» сөзі соңғы кездері діни ортада да қолданылып жүр. Бұл дұрыс па, әлде бұрыс па? Оған кімдер келіседі, кмідер келіспейді? Себебі неде? Осы туралы педагогтер, имамдар және ғалымдардың пікірін сұрап көрдік.
Биылдан бастап елімізде ұстаздардың кәсіби мерекесі алғаш рет 5 қазан күні аталып өтілетін болды. Оқу-ағарту министрлігінің айтуынша, бұл датаны мерекелеу Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген.
«Ұстаз» дегенде көпшіліктің ойына мектепте әріп үйретіп, білім берген мұғалімі келеді. Алайда жыл өткен сайын бұл ұғымның ауқымы кеңейіп келеді. Мәселен, бүгінде «ұстаз» сөзі діни оқытушыға да қолданылып жүр. Бұл қаншалықты дұрыс?
«САНАҒА ӨЗГЕРІС ӘКЕЛГЕН АДАМ – ҰСТАЗ»
Қоғам белсендісі, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы қазіргі таңда «ұстаздардың» көбейіп кеткенін жеткізді.
- «Ұстаз» — ұлы есім, киелі сөз. Алдыңызға мыңдаған шәкірт өтсе де, әлі күнге өзімізді біреу «ұстаз» десе қысылып қаламыз. Қазір «ұстаз» көбейіп кетті. Имамның бәрін осылай деп атап жүр. Мектепте 2 жыл істеген кейбір мұғалім «ұстазбын» деп кеудесін қағып шыға келетінін де көріп жүрміз. Бұлай тек сабақ беретін адамды айтпайды, ағартушылықпен айналысып, қоғамдық санаға өзгеріс, тіпті сілкініс әкелген адам ғана ұстаз бола алады, - дейді ол.
Тағы бір мектеп мұғалімі Айман Сағидулланың бұл турасындағы пікірі мынандай.
- «Мен қанша жыл мұғалім болсам да өзімді «ұстазбын» деп атай алмаймын. Мен ұстаз емеспін, жай ғана мұғаліммін. Ұстаз болу үшін кәдімгідей еңбегің сіңуі керек қой. Ұстаздық оңай келе қоймайды».
Ал шебер-мұғалім Мейрамгүл Барказатқызының айтуынша, діни уағыз айтушыны «ұстаз» деу – білместік.
- Жалпы «ұстаз» үйретуші, тәлімгер деген мағынаны береді. Қазақ ұғымында сөз өнерін, ән өнерін, қолөнердің түрлерін үйреткен адамды «ұстаз» санаған. Жамбыл Сүйінбайды «ұстаз» санайды. Олардың сөзі халықтың жүрегіне жол тартқан. Халыққа жаққан. Ал діни уағыз айтушыны “ұстаз” деу – білместік. Білместік емес, надандық. Мұхаммед пайғамбарды күллі мұсылман ұстаз санайды, мойындайды. Ал екі ауыз уағыз айтушы сахаба емес, оны ұстаз дегендер – білімсіз әуесқойлар. Ондайлар ұстаз сөзін қолданбасын.
«ПЕНДЕНІ ЖАҚСЫ ЖОЛҒА ТҮСІРГЕН АДАМ – ҰСТАЗ»
Алматы қаласындағы «Аманқұл ата» мешітінің бас имамы Серікхан Ахмадиев ұстаздықтың қасиеті мешіттен басталған дейді.
- Бүкіл ілімнің бастауы мұсылмандардан шықты. Біздің зиялыларымыздың барлығы дерлік сауатын медреселерден ашты. Дінімізде үш қасиетті адам бар екенін айтылады: бала – үшін әке-шеше, әйел адам үшін – өзінің күйеуі, шәкірт үшін ұстазы. Біз ұстаз деп – үйретуші, дұрыс жол нұсқаушы адамды айтамыз. Бұл сөз мектеп пен жоғары оқу орындарындағы оқытушыларға да, дін жолындағы имамдар мен молдаларға ортақ. Пендені жақсы жолға түсірген, өмірлік азық болар дүние үйреткен адам «ұстаз» атана алады, - деп түсіндірді имам Серікхан Ахмадиев.
Оның айтуынша, «Нұр-Мүбарак» секілді университеттер мен медреселерде діни оқытушыларды «ұстаз» деу қалыптасқан. Ал соңғы уақытта имамдар мен мешітте сабақ беретіндерді көп адам осылай атап жүр.
- Бұл – жақсы дүние. «Ұстаз» деп айтқан сайын адамның жүрегі ізгілікке, тәрбиеге жақындай береді деп ойлаймын. Осындай жақсы сөздер жүректі нұрландырады, - дейді имам.
«ДІНИ АДАМДЫ ДӘРЕЖЕСІНЕ ҚАРАЙ АТАҒАН ДҰРЫС»
Дінтанушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Мырзахмет Жүзей мешіт пен әлеуметтік желі арқылы уағыз айтып жүрген жандарды «ұстаз» деп атамау керек деген пікірде.
- Адам біреуді ұстаз деп айтуы үшін одан арнайы тәлім алуы керек, шәкірт пен оқытушы арасында байланыс болуы тиіс. Себебі бұл өте терең мағыналы ұғым. Кейде жастар сөздің мәнін түсінбей, мешітте я ғаламторда бір-екі уағыз тыңдап, оны айтқан адамды «ұстаз» деп атап жатады. Бұл дұрыс емес. Қазіргі таңда дәл осы дүние еліктеушілікке айналып бара жатыр. Діни адамды дәрежесіне қарай имам, молда, уағызшы, мешіт қызметкері деп атаған дұрыс. Иә, бүкіл елде ұстаз — мәртебелі сөз. Ол тек ислам дінінде ғана емес, барлық салада болады. Ұстаз білімінен бөлек, мінезі, тәрбиесі, өзін-өзі ұстауы арқылы да жақсы көзге түсуі қажет,-деп түсіндірді ол.
«ҰСТАЗ» ДІНИ СӨЗ БОЛҒАН ЕМЕС»
Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, араб және парсы тілін білетін Юсуф Пилтан ел айтып жүргендей, немесе діни ортада қолданатындай «ұстаз» сөзінің араб тілінен енбегенін айтты.
- «Ұстаз» араб тілінен келген діни сөз емес. Ол тілдік қолданысқа пеһлеуи (көне парсы) тілінен енген. Ұстад (استاد) — мұғалім, жетекші, ақылшы дегенді білдіреді. Қазіргі таңда Иранда «ұстаз» деп бармағынан бал тамған шеберлер мен ақсақалдарды атайды. Жалпы ұстаз діни сөз болған емес. Парсылар діни оқытушыларды «ұстаз» деп атамайды. Оның орнына «модарес», дәріс беруші сөзі жұмсалады, - деп түсіндірді ол.
«Ұстаз» сөзі туралы 2008 жылы шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынандай анықтама беріліпті.
«Ұстаз - тәлім – тәрбие, білім беретін оқытушы, ақылшы, жетекші».
Классик ақындардан бастап, жаңа дәуір өкілдерінің ұстаз туралы өлеңдерінің бәрі де мұғалімге, немесе ғылым жолындағы жетекшіге арналған. Әдебиетте «ұстаз» сөзі педагогика және ғылым саласына қатысты қолданылып келеді. Ал аса үздік жетістіктері және мемлекетке сіңірген айрықша еңбегі үшін педагогтер «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» деген құрметті атақпен марапатталады.
Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы