Home » Айдарлар » Көкейкесті » Қазақстанда ұрықтандыру жасататын жұптар саны артуда

Қазақстанда ұрықтандыру жасататын жұптар саны артуда

Қазақстанда 25 жасқа дейінгі бала туатын жастағы қыздар арасында ерте жүктілік және аборт тақырыбы өзекті болып қалуда. Өкінішке орай, әйелдер қауымы арасында көпшілігі абортты қажетсіз жүктіліктің алдын алудың бірден-бір тәсілі деп санайды. Аборттан кейінгі ең қорқынышты диагноз-бедеулік. Бүгінгі таңда елімізде әрбір бесінші отбасы осындай жағдайды басынан өткереді, сондықтан репродуктивті денсаулық тәуекелі факторларының алдын алу және оларды басқарудың жүйелі тәсілін қолдану өте маңызды.

 

      Сарапшылар Алматы қаласының жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында зерттеу жүргізген болатын. Респондент-қыздардың көпшілігі, 57%, 20-25 жас аралығында отбасыларын құруды жоспарлайды екен ал, респондент-ұлдардың 30% 20-25 жас аралығында, 34% 25 жастан кейін отбасыларын құруды жоспарлайды. Сауалнама барысында респондент-қыздарда да және респондент-ұлдар да репродуктивті денсаулыққа кері ықпал ететін факторлардың қатарына зиянды әдеттерді (31% қыздар және 30% ұлдар), жыныс жолдарымен берілетін ауруларды (20% қыздар және 18% ұлдар), тәуекелді жыныстық мінез-құлықты және контрацепциялардың болмауын (9% қыздар және 21 % ұлдар) жатқызды. Қыздардың 44% және ұлдардың 27% барлық факторларды кері ықпал етеді деп санайды.

 

Алматылық репродуктивті медицина орталығының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожина жүздеген әйелге ана болу бақытын сезініп, өмірдің мағынасын табуға көмектескен жоғарғы санатты дәрігер.  Қазіргі таңда бедеулік көрсеткіші артып отырғанын ол алға тартты.

 

«Бала барлығына керек. Бедеуліктің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Бұл негізінен эндокриндік факторлардан, семіздік, труба факторы, ерлер факторы, жыныстық жолмен берілетін түрлі аурулар қатары, экология әсерінен болуы мүмкін. Дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салтын ұстанбау да себепші болып жатады. Жылына біз экстракорпоралдық ұрықтандыру бойынша 4 мың түрлі бағдарлама дайындаймыз.»-деді дәрігер.

 

Ләззат Айтқожинаның айтуынша, ұрықтандыру-  “зергерлік өнер” сияқты, сондықтан эмбриондармен барлық емшаралар микроаспаптарды қолданып, зор ұлғайтумен жасалады.

 

«ЭКО жасату бала сүюге 100% кепілдік бермейді. Нәтиже 50-50 болуы мүмкін. Алғаш рет нәтиже шықпай қалатын жағдайлар көп кездеседі. Бірақ көптеген ата-аналар берілмейді, біздің барлық ұсыныстарымызды басшылыққа алып, қажетті ем алып қайта оралады. Мысалы, менде 2007 жылдан бастап жүкті болуға тырысып жүрген пациент бар. 11 жыл бойы ол ана бақытына ие болу үмітімен бізге келуде. Біз онымен бірге осы мақсатқа қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді жасап келеміз. Үмітіміз әлі де бар.»-деді маман.

 

Қазақстанда жыл сайын шамамен 20 мың жұп баласыз болып келеді. Сол себепті әйелдердің орташа 15-20% -ы экстракорпоралдық ұрықтандыруға жүгінеді. Көп адамдар квота кезегін күтуде. Бұл ретте еліміз бойынша тегін ЭКҰ квоталарының саны небәрі 900. Емделушілер өз кезегін бір жыл немесе одан да көп күтуіне тура келеді.

 

Осы күні жыныстық қатынасқа түсіп жүрген респонденттердің басым көпшілігі контрацептивтерді пайдаланса (97% қыздар және 99% ұлдар). Оның ішінде респонденттер котрацептивтердің әртүрлі әдістерін пайдаланады. Мәселен,респондент-ұлдардың 91% презервативтер пайдаланады, респондент-қыздардың 43% бала бітірмейтін таблеткаларды пайдаланатын болып шықты.

 

«Бедеуліктің салдарларымен күресуден көрі, алдын алу жұмыстарын жүргізу және тұрғындарды ақпараттандыру барынша тиімдірек. Әрбір емделушінің өз денсаулық анамнезі бар. О бастан өз денсаулығына дұрыс қараған адам көптеген қиындықтардың алдын алады. Әрине, ЭКҰ әдісіне жүгінген жандарға біз көмекке келеміз. Алайда,процедура алдымен үлкен қаражатқа келіп тіреледі. Өйткені үнемі анализдер тапсыру, тексеруден өту қажет. Пациенттердің ыждаhаттылығына да көп нәрсе байланысты. Сенім мен үміт бар жерде, шын мәнінде, ғажайыптар болады.»-дейді маман.

 

Ляззат Айтқожинаға күніне қабылдауға 25-ке жуық адам келеді. Олардың төртеуі-жаңа пациенттер болса, қалғандары емдеу курсынан өтіп жүргендер ЭКҰ жасауға дайындалатындардың қатары. Жылына ол 500-ге жуық емделуші қабылдайтынын айтты.  Алматыдағы репродуктивті медицина орталығы орта Азиядағы ең үлкен орталық болғандықтан отбасылар тіптен Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен басқа да ТМД елдерінен келуде. 5-6 жыл ішінде 500-ге жуық әйел дәрігердің көмегімен ана болу бақытын ие болды.

 

«Біз жаңа технологияларды қолданамыз. Сапалы генетикалық талдау жасайтын арнайы аппарат бар. Егер бұрын біз тек 9 хромосомаға талдау жасай алатын болсақ, қазір эмбрионды жатырдың қуысына ауыстырғанға дейін ұрықтың денсаулығын анықтауға болатын, яғни барлық 23 хромосомалардың генетикасын тексеруге мүмкіндік бар. ДНҚ фрагментациясын тексеретін аппарат та қолданыста.»-деді дәрігер.

 

Бірнеше жыл бұрын бағдарлама бойынша 10 әйелдің тек 20-30% – ы жүкті болса, бүгінде бұл көрсеткіш 75% – ға дейін өскен. Бұл жаңа әдістермен, заманауи технологияларға да тікелей байланысты. Мамандар отбасылық жұптар дәрігерге уақытында жүгінсе дейді. Себебі уақытты жіберіп алмау өте маңызды.

ОФ “Аман-саулық”

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

БҰЛАР ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТТЕНГЕН ЕДІ…

Қазақстандағы дәл қазіргі саяси әлеуметтік жағдай 1969 жылғы Малайзиядағы саяси әлеуметтік жағдайға қатты ұқсайды. Малайзияда ...