Home » Жаңалықтар » Семейдегі жантүршігерлік өрт: екі бала қайтыс болды

Семейдегі жантүршігерлік өрт: екі бала қайтыс болды

Отбасыға осы уақытқа дейін әлеуметтік көмек көрсетіліп келген, ал үйдің кенжесін Балалар үйіне жібермек болыпты

Шығыс Қазақстан облысында Семей қаласына жақын жердегі Суықбұлақ ауылында жантүршігерлік өрттен екі бала қаза тапты. Оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, иіс тиіп уланған балалардың денесін өрт сөндірушілер жуынатын бөлмеден тауыпты. Қаза тапқан ер балалардың бірі алты жаста, екіншісі төрт жаста болған.

“Қазір өрттің бастапқы себептері қарастырылып жатыр: отты пайдалануда қауіпсіздік ережесін сақтамау, балалардың тентектігі немесе әдейі өрт қою”, – деп хабарлады төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Қанат Әбділов.

Семей әкімі Ермак Сәлімов балалардың қазасы туралы хабар шыққан бойда оқиға орнына аттанып, анық-қанығын білді.

“Қала әкімдігінің мәліметінше, балалардың анасы – 28 жастағы келіншек қазір жұмыссыз, аяғы ауыр екен. Өрт болған күні есікті құлыптап, дәрігерге қаралуға кеткен. Қырық алты жастағы отағасы Нұр-Сұлтан қаласында құрылысшы болып істейді, қайғылы оқиға кезінде Семейде болмаған”, – деп мәлімет берді Сәлімов.

Отбасыға әкімдік жәрдем көрсеткен

Қала әкімдігінің мәліметінше, отбасы әлеуметтік төлем алуға өтініш бермеген, жұмыссыз ретінде де тіркелмепті. Алайда отбасының қиындыққа тап болғанын әкімдік біліп, барынша жәрдем көрсетуге тырысқан.

“Шағын аудан №48 орта мектепке қарайды. Мектеп қызметкерлері жылына төрт рет үй-үйді аралайды. Қыркүйек, қараша және қаңтарда ата-анаға балаларды қоғамға бейімдеп, мектепке даярлау керектігі түсіндірілді. Рейдтердің бірінде үлкен ұлы әкесімен бірге елордада екені белгілі болды, ал кенжесі бөтен адамдардың қолында тұрған екен”- деді Сәлімов.

Балалар тұрып жатқан санитарлық-тұрмыстық жағдайдың төмендігіне байланысты, үйдің кенжесі Балалар үйіне жіберілуі тиіс еді. Алайда анасының арызы мен полиция органдарының өтінішіне байланысты баланы отбасыға қайтарыпты.

“Отбасы тұратын мекенжай “Жоламан” отбасылық дәрігерлік амбулаториясының учаскесіне кіреді. Мекеме отбасыға үнемі медициналық ақыл-кеңес беріп, дәрігерлер балаларды уақытылы қарап отырған. “Саламатты ана мен бала” айлығының аясында отбасы көпбалалы болмаса да, тиісті медициналық көмек алды”, – деп атап өтті әкім.

Марқұм балалардың анасы дағдарыс орталығында

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова айтқандай, жүкті әйелді дағдарыс орталығына орналастырды. Қазір психологтар көмектесіп жатыр.

Жергілікті билік өкілдері отағасымен де кездесіпті, ол қазір Семейде туыстарының үйінде тұрып жатыр. Қала әкімдігі балаларды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды мойнына алды.

Нарын Қали

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Тоқаев Жапонияның премьер-министріне көңіл айтты

Қазақстан Президенті Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэге көңіл айту жеделхатын жолдады.  Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және ...