Министрдің көз жасы. Өлеңге түскен өрт-жалын

2618
Adyrna.kz Telegram

Ел шығысынан тиген өрт қоғамды бей-жай қалдырмады. Еріктілер қол ұшын созуға аттанып, қалың ел қолында барымен бөлісуге тырысып жатыр. Жалпыұлттық Аза күні жарияланып, халықты жұмылдыруға талпыныс байқалады. Ақындар, жалпы осы оқиғаға қатардай жай ретінде қарай алмайтын адамдар көңіл, ықыласын өлеңмен де білдірген.

Абай облысындағы алапат өртті ауыздықтау үшін мүмкін болған техниканың бәрі жұмылдырылып отыр. Одан бөлек, тілсіз жаудың салдарынан зардап шеккен Семейге еліміздің әр аймағынан көмек көрсетілуде. Әлеуметтік желілерде халықтан ақша жинап, қол ұшын созып жатқан белсенділер де жетерлік. Қаржылай көмектен бөлек рухани азық беріп, халыққа сөздерімен демеу болып, елді бірлікке шақырған ақындар да баршылық.

«ШАРАСЫЗ ЖАТЫР КҮЙІП ЖАНЫМ МЕНІҢ»

Парламент мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Ринат Заитов туған жерін былай деп жырға қосты:

Семейім —  сырлы қалам, биік төрім.

Туыстарым, достарым, сүйікті елім.

Тілсіз жауды жеңе алмай саған тиген

Шарасыз жатыр жаным күйіп менің...

Ақын жерлестерін осындай қиын-қыстау күнде сынбай, бірлікте болуға шақырады:

Айтарым барша туыс, бар досыма

Бірлік керек, жау келсе ел қасына.

Рухың сына көрмесін, семейліктер

Ағайын, сен құлама, сен жасыма!

«ҚАНДАЙ ЖОҚТАУ АЙТАЙЫН ЕРІМ ҮШІН?!.»

Дарын жастар сыйлығының лауреаты, айтыскер ақын Сара Тоқтамысова да өзінің инстаграм парақшасында Семейліктерді қолдауға арналған өлең жолдарын жария етті.

Семейім, жүрегімнің бөлігісің,

Қазаққа бөліп берген көп ырысын.

Қанатымен су сепкен қарлығаштай

Қандай сөз тапсам екен елім үшін?

Шарасыздан шарқ ұрған шағаладай,

Нендей көмек бере алам жерім үшін?

Боздалада шырылдап бозторғайдай

Қандай жоқтау айтайын ерім үшін?

Азаматын жоқтаған аналардың

Көру қиын көз жас пен көрінісін...

Алладан жәрдем сұраған Сара Тоқтамысова жаңбырмен барлық ауыртпалықтың жаңа облыстан кетуін тілейді.

«СЕП БОЛАР МА ЕКЕН КӨЗ ЖАСЫҢ...»

Қаза тапқандардың жақындарымен кездесу барысында көзіне жас алған Экология министрі Зүльфия Сүлейменованың видеосы кеңінен тарады. Осыған байланысты ақын Төреғали Тәшенов өзінің фейсбук парақшасында «О, Зүлфия, Зүлфия»  өлеңімен бөлісті.

Ақын өлеңінде ел басқару жауапкершілігін мойынға алғандарды

Билігің отыр мыңқия,

Шіренген өңшең шыртия, - деп сынайды.

Үнсіз егіліп жылаған министрге мына өлең жолдарын арнады:

Жылай түс, шыңғыр, шырқыра!

Сеп болар ма екен көз жасың,

Қара орманың —

Ұлтыңа!...

«ТАҒЫ ІЗДЕҢДЕРШІ...»

Айтыс ақыны әрі журналист Бекжан Әшірбаев та еліміздің басына түскен жайды жырына арқау етті. «От биі» деп аталатын өлең өрт сөндірушілердің өрлігіне арналған:

Боздақ боп кетті бота жасында,

Үрейлі көңіл—ақбөкен.

Тағы іздеңдерші от арасында

Адасып жүрген жоқ па екен?.. деген жолдары оқыған жанның жүрегін тебірентпей қоймасы анық. Қызметін атқарып жүріп қаза тапқан бүгінгі күннің батырларына деген құрметін «орман қорғады періштесіндей, пейіштен болғай мекені!» деген сөздерінен аңғарамыз.

«ЖАНДАРЫ ЖАРЛЫ БАЛАСЫ ҚАЛДЫ»

Ақындардан бөлек ел тұрғындары да тілсіз жауды жырға қосып, қайғысын өлеңмен жеткізуде. Соның бірі Исгүл Ербаева.

Даламның төсін жайлаған өрт,

Қарағайларды жайпаған өрт,

Жандарын мынау шырқыратып,

Батырларымды жалмаған өрт.

Баласын жоқтап аналар қалды,

Жартысын жоқтап жарлары қалды,

Әкесін күтіп жолына қарап,

Жандары жарлы баласы қалды.

Инстаграм желісінде авторы Рамазанов деп көрсетілген «Семей орманы»  деп аталатын қаза тапқандардың рухына бағышталған орыс тіліндегі өлең жарияланды.

 

Мерей Мырзағалиқызы

 

 

Пікірлер