Мәсімов қандай кітап жазбақ?

1820
Adyrna.kz Telegram

Жұрт жылап-сықтап жүргенде, Мәсімов Елбасы туралы кітап жазбақ.

Күні кеше ғана Қазақстанның Президенті ауысып, онымен қоса қала, көше атауларының да ауысып жатқанын естіп-көріп отырсыздар. Жаңа президент - Сенаттың бұрынғы спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол кеше ел-халықтың алдында ант қабылдап, қос палата депутаттары мен Үкімет мүшелерінің, тікелей эфирде тамашалаған миллиондаған адамның алдында атақ-марапат беріп, экс-президентке, өзінің саяси ұстазына сый-құрметін де көрсетуді ұмыт қалдырған жоқ. Бұл туралы айтылды, жазылды. Қайталап жатпайық.

Парламенттің депутаттар мен Үкіметтегі министрлер Нұрсұлтан Назарбаевпен қимай-қимай қоштасты. Көздеріне жас алды. Кейбіреулері тіпті телекамера алдында көз жасына ие бола алмады да.

Біздің айтпағымыз да ол емес. Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенімен, елден кеткен жоқ қой. Ол Қауіпсіздік кеңесін, биліктегі доминант партия саналатын Нұр Отанды тізгіндеп қалды. Ал оның қызы Дариға Нұрсұлтанқызы Сенаттың спикері болып тағайындалды.

Сенаттағы 44 депутат қатысқан жасырын сайлауда 44 депутаттың дауысын түгел иемденген Дариға Назарбаева Сенатты тізгіндеп, елдегі екінші тұлғаға айналып шыға келді.

Соңғы екі-үш күннен бергі елдегі болып жатқан саяси процесстердің жылдамдығы соншалық, жұрт қорытып үлгере алмай да қалды.

Ал өзін Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі санайтын Кәрім Мәсімов ол туралы кітап жазатынын мәлімдеді. Бүгін сол кітап туралы, сол кісі туралы сөз етпекпіз.

Иә, Қазақстанның бұрынғы Үкіметбасшысы, қазіргі Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің басшысы – Кәрім Мәсімов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жазады. Өзі солай деп мәлімдеген. Оны «bnews.kz» сайты сүйінші сұрағандай қылып хабарлады.

Кәрекең, өзінің кітап жазатыны туралы Парламент кулуарында мәлімдеген. Бір білсек, ол кітаптың жасырын беттері болатын көрінеді.

«Нұрсұлтан Әбішұлы – ол Ұлы адам. Ол туралы «Елбасы – көмекшінің көзімен» атты кітап жазамын. Жасырын беттері бар, өте қызық кітап болады», депті дәлірек айтсақ.

Солай, міне. Ол неғылған жасырын беттер екені бізге де қызық, әрине. Мәсімов интрига жасаудың мәстірі болып алған ба, қалай дедік және.

Сөйтіп, кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы ант қабылдап, президенттік қызметіне кірісті. Ал Тәуелсіздік алған жылдардағы алғашқы президент Нұрсұлтан Назарбаев саяси ықпалын сақтай отырып, қызметін босатты.

Назарбаев президенттіктен кеткенде Исимбаев, Әйтімова, Перуашев, Тілеуханов қатарлы депутаттар тікелей эфирде-ақ, жылап қоя берді.

Гүлжан Қарақұсова болса, Назарбаевты әкесіне теңеді. Министр Абаев өзін жетім қалған баладай сезінетінін айтты.

Жұрт айтып жатқанда, Кәрекең жазбаққа бел буыпты. Оны да уақыты келгенде көре жатармыз.

Естеріңізге сала кетейік, Кәрекең, Кәрім Мәсімов 2016 жылдың 8-қыркүйегінде ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшысы болып тағайындалды.

Ол 2003-2006 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болды. Шын мәнінде Президенттің көмекшісі болып қызмет жасады.  Онымен қоса, премьер-министрдің көмекшісі де болды.

Екі мәрте премьер-министр креслосына отырды. 2007-2012 жылдары алғаш рет, сосын 2014-2016 жылдар аралығында екінші мәрте. Мәсімов тіпті, бір жылдары Президент Әкімшілігінің жетекшісі де болды.

Ол өзін Президенттің көмекшісі санайтын. Ол туралы өзі ашық айтқан да.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бұны алғаш рет айтып отырған жоқпын. 2007 жылы менің кандидатурамды ұсынғанда да айтқанмын. Қазір де сол сөзімді қайталағым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сіздің көмекшіңіз болдым. Қазір де көмекшіңізбін, және көмекшіңіз болып қала бермекпін. Бүгін осы сөзімді депудаттар алдында қайталаймын. Сенімдеріңізге үлкен рахмет».

Бұл Кәрім Мәсімовтің өз сөзі. 2014 жылы Қазақстанның премьер-министр болып қайта тағайындалып жатқанда айтқан болатын.

«2007 жылдың қаңтарында Нұрсұлтан Әбішұлы мені алғаш рет премьер-министр етіп тағайындады. Сол кезде мен сізге, қандай қызметке тағайындасаңыз да сіздің көмекшіңіз болып қала беретінімді айтқанмын. Бүгін және бір мәрте қайталаймын. Мен әлі күнге сіздің көмекшіңізбін. Мен сіздің шәкіртіңізбін. Қазақстанды дамытудағы келелі істерге араласуға мүмкіндік жасағаныңыз үшін мен мақтанамын. Өзімнің еңбегім арқылы мен сіздің сеніміңізден шығатынымды дәлелдеймін».

Бұл да Кәрім Мәсімовтің сөзі. Бұл сөзі Кәрекең Нұрсұлтан Назарбаевқа 2011 жылы айтқан.

Міне, солай. Өзі айтпақшы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа адал көмекші бола білген, Кәрекең, енді ол кісі туралы кітап жазбақ. Ал біз іске сәт деумен шектелейік.

Серік Айдынұлы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер