«Қуғын-сүргін құрбандары мұражайларын шаң баспауы керек»

2024
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 31 мамыр - саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қазақстанда бұл қаралы күнді атап өту Совет одағы ыдырамай тұрып басталған. Алайда 1997 жылдан бері ресми аталып келеді.  

Тарихи деректерге сүйенсек, 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мың адам қатаң жазаға кесілді.

Қазақстан аумағында лагерлер мен қамау орындары бас басқармасы жүйесінің  11 мекемесі жұмыс істеді. Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кингир және Өскемен лагері бүгінде тарихи мұражайға айналды.

«Халық жауы», «отанды сатқандар» деген айып тағылып, тамұқ отына түскен сан мыңдаған адамдарды тек рухын жасытып, қарсылықсыз, үнсіз бағынатын тобырға айналдыруды мақсат тұтқан саяси лагерлерлердің бүгінгі күйі туралы Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы, тарихшы Темірғали Аршабеков айтып берді.

- Үкімет саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайларды дамытуға қаншалықты көңіл бөледі?

- Кешегі Кеңес Одағының кең байтақ территориясын шырмауықтай шырмаған әрбір азап лагерлерінің өзіндік тарихы бар. Қазақ халқының ХХ ғасырдың басында өткізген зардабы, мұңы, қайғысы  мемлекет тарапынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейлерде қойылған болатын. Солардың ішіндегі ең  үлкен екі мұражайды айтып өткен жөн. Бірі – Қарағанды лагерлерінің орталығы болған Долинка кентіндегі КарЛаг мұражайы, екіншісі - Ақмола облысындағы АЛЖИР.

2010 жылдан бастап Қарағанды облысы әкімдігінің басқармасының ұйытқы болуымен осы жерде КарЛаг мұражайын құруға шешім қабылданды. 2011 жылы бұл іске асты. Екі қабаттан тұратын ескі ғимарат 1933-35 жылдары тұтқындардың күшімен салынған болатын. Мұражайдың аумағы 3326 шаршы метрді құрайды. 13 экспозициялық залдан тұрады. Онда КарЛагтың құрылуынан бастап, тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихына дейін тұтас қамтылған.

60-80 жылдар аралығында КарЛагқа қатысты көп құжаттарды Мәскеу мен Ленинградтан, Ресейдің басқа да өңірлерінен келген зерттеушілері алып кетіп қиындық туғызды. Алайда, еліміздің ғалымдары тарихты зерттеп, бүгінгі күні бізге құнды ақпараттар беріп отыр.

- Елімізде саяси-қуғын-сүргін құрбандарына арналған бірнеше мұражай бар. Ал сол мұражайлар жастарға қалай дәріптеліп жүр? Бұл туралы тарихшы ретінде не айтасыз?

- Бұл аталған саяси қуғын-сүргіндерді ақтауға арналған музейлердің жастарға беретін тәлім-тәрбиесі өте мол. Біз тек қана ғаламтордан немесе басқада әртүрлі ақпарат көздерінен оқып алмай, оларды барып көруіміз керек.  Экскурсиялар арқылы жастар, оқушылар, студенттер өте көп мағлұмат алады. Мұндағы берілген ақпараттар кеңестік заманның ең ауыр кезеңін зұлмат заманды жастарға көрсетіп, тарихты ұмытпауға шақырады. Мұражайлардан Қазақстанның тәуелсіздігі үшін жандарын берген күрескерлердің еңбегін көріп, өткенге тағзым етуге болады. Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайларды шаң басып қалмауы керек.

- Алаш арыстарының азаттық жолындағы күресі бір бөлек. Мұражай экспозициясында олар туралы қандай тың мағлұматтар бар?

- Алаш арыстарының азаттық жолындағы күресін біз ешқашан ұмытпаймыз. Атап өткен Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайында Алаш зиялыларына жеке зал арналған. Бұл бөлмеде сол тұлғалардың өздерінің айнымайтын мүсіні бар. ХХ ғасырға үңіліп, зиялылардың түр-әлпетін, олардың қайтпас қайсарлығы мен ұшқыр мінезін, сұлбасын өте жақсы бейнелеген. Мұражайға келушілерге ерекше әсер етеді. Сол залдағы көріністен бір ғасыр бұрын Алаш елінің автономиясын алуға ұмтылған арыстардың бейнесін көре аламыз. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан басталған қуғын-сүргін ұлт-зиялыларының басына түскен үлкен нәубет болды. Олардың еңбектері мен есімдері ұмытылмақ емес. Үлкен залдағы көз аударарлық экспозиция Алаш арыстарына арналған.

- Лагерлер тарихы толықтай зерттелді деп ойлайсыз ба?

- Саяси қуғын-сүргінге құрбандары отырған лагерлер тарихы толық зерттеліп болған жоқ. Қарағандыдағы лагерлер жүйесі өте күрделі болды. Бұл мемлекеттің ішіндегі мемлекет саналды. Оның экономикасы, басқармасы, саяси жүйесі, әскери күзеті тек қана бір Мәскеуге бағынатын. Өте сақ және құпия түрде сақталған лагерь жүйесі болды. Оның ішіндегі дербес ғылыми зерттеу саласы ,жеке ауыл шаруашылық саласы, өнерге байланысты салалары болды. Қарағанды қаласында әскери тұтқындар осы қаланың құрлысына да қарсы шыққан. КарЛаг-қа байланысты онға жуық жинақ бар. Бірақ бұл жинақпен тұтқындардың тарихын толық зерттеп болдық деп айта алмаймыз. Қаншама академиктер осы жерде еңбек жасады?! Ауыл шаруашылығында жаңалықтар ашты. Бұның барлығы болашақта әлде де болса зерттеуді қажет етеді. Меніңше, бұларды ұмытпас үшін болашақта қазіргі талапқа сай мұражайлардың 3D нұсқасы жасалғаны жөн. Лагерлердің виртуалды жобасын жасау қажет. Сондықтан лагерлердің тарихын әлі де зерттеу қажет деп санаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер