Назарбаевтың Әлиясы. Ісінің жоқ жариясы

2012
Adyrna.kz Telegram

Соңғы айларда экс-басшының кіші қызы Әлия Назарбаеваға айтарлықтай ауыр айыптар тағылды, бірақ олардың ешқайсысы қылмыстық іске ұласпады. Әлі күнге дейін экс-президент пен оның туыстары «қолсұғылмаушылық» құқығына ие.

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің «жаңа Қазақстанға» аяқ басқанын мәлімдеген еді. Содан бері біраз уақыт өтсе де көпшілік «ескі Қазақстан» шинелінің әлі шешілмегенін айтады.

Ал Алматы қалалық полициясы Әлия Назарбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны хабарланған.

ӨКМ-ГЕ ҮКІМ БОЛА МА?

Бұған дейін «TPK Asia» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Бимурзин мен серіктесі Медғат Қалиев Әлия Назарбаеваға қарсы арыз жазған еді. Кәсіпкерлер 2000 жылдардың басында құны 170 миллион доллар болатын жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін рейдерлік жолмен тартып алынғанын айтты.

«Барлығыңыз Назарбаевтардың Қазақстанда қандай лауазымға ие болғанын жақсы білесіздер. Біз бүгін әділдік жеңуі керек деп есептейміз. Мен қатты уайымдаймын, бірақ қанша уақыт  қорқып жүре беруге болады?  Бәрін жария етіп, шындықты айту қажет. Қазақстан халқы ақиқатты білуі тиіс», - деді Бимурзин баспасөз мәслихатында.

Ол «Курсив» басылымына берген сұхбатында компанияның активтері кейіннен Sinoil жанармай құю станциялары желісінің бір бөлігіне енгенін түсіндірді.  Кәсіпкерлер өз өтініштерін Бас прокуратураға жіберген. Одан ол Қаржы мониторингі агенттігіне  барған. Нәтижесінде шағым Алматы полициясына жолданып, кәсіпкерлерге азаматтық сотқа жүгінуге кеңес берілген.

Соңғы айларда Әлия Назарбаеваның есімі осыған ұқсас істерде бірнеше мәрте қайталанды. Рейдерлік айыптауларға дейін оның «көлеңкесі» «ӨКМ – өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы» ісінде көрінген еді. Ресейлік РБК басылымы дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Назарбаевтың кіші қызын осы компанияның алғашқы құрылтайшысы деп атады.

«ӨКМ операторы» жұмысы қазақстандықтардың көптеген шағымын туғызды. Нәтижесінде 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның утилизациялық алымға иелік етуін тоқтатып, оны мемлекеттік ұйымға беруді тапсырды. Ал басшылыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

2023 жылдың 3 шілдесінде бұрынғы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов - 7 жылға, «ӨКМ операторы» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Людмила Коротенко - 7 жылға, «ӨКМ операторы» ЖШС-нің сол кездегі директоры Медет Құмарғалиев - 7 жылға және аталған мекеменің бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот оларға бөтеннің мүлкін жымқырды және билікті асыра пайдаланды деген айып тақты.

Шілде айында халықаралық іздеуде жүрген компанияның бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды. 17 қарашада оған 7 жылға шартты жаза берілді.  Әйел 2018 жылы утилизация алымы жинағынан, 920 млн теңге мөлшерінде заңсыз дивиденд алды деп айыпталды.

Сот процесін жариялаған ulysmedia.kz сайты Мұхтарованың компанияның ресми құрылтайшысы екенін жазды. Істегі қалған айыпталушылар оны бірінші президенттің кіші қызының үй қызметкері деп атап, компанияны шын мәнінде Әлия Назарбаеваның жеке басқаратынын мәлімдеді.

Өткен жылдың күзінде депутат Ерлан Саиров Әлия Назарбаева сот алдында жауап беріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі керектігін айтты. Конституция алдында барлық азаматтардың тең екенін алға тартқан ол экс-президент қызының «ӨКМ операторындағы» қаражатты жымқыруға расымен қатысы бар болса, заң алдында жауап беруі міндетті екенін жеткізді. Бас прокуратура депутатқа берген жауабында Әлия Назарбаеваның бұл қылмыстық іс бойынша процеске қатысушы ретінде тартылмағанын және одан жауап алынбағанын атап өтті.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ КЕНЖЕ ҚЫЗЫ

Әлия — Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы. 1980 жылы 3 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Әр жылдары «Европа плюс» радиосы директорының көмекшісі, Қазақстан президенті әкімшілігінің жалпы бөлімінің кеңесшісі, «Алматыфарм» корпорациясының президенті, «Caspian Industries Ltd» ЖШС бас директоры, «Элитстрой» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол сондай-ақ 2022 жылға дейін Табиғатты қорғау ұйымдары қауымдастығы президиумының жетекшісі және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары кеңесінің төрағасы болды.

2018 жылғы Нұрсұлтан Назарбаев кіші қызын «Анаға апарар жол» толықметражды фильмін түсіруге атсалысқан еңбегі үшін әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықпен марапаттады. Ал 2021 жылы Әлия Назарбаеваның «Место силы» («Күш-қайрат мекені») кітабы жарық көрді.

Назарбаева өзін әртүрлі салада байқап көруге тырысты. Ол 2011 жылы итальяндық зергерлік үймен бірлесе отырып, Дамиани Alsara деген атпен зергерлік бұйымдар желісін іске қосты. Сол жылдары Әлия Назарбаеваны Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнар Каримовамен салыстыра бастады.

2013 жылдан кейін және қылмыстық қудалау басталғаннан кейін Гүлнар Каримова іс жүзінде бизнесі мен байлығынан айырылды. Қазір ол қылмыстық қоғамдастық ұйымдастырды, бопсалау және басқа да қылмыстар жасады деген айыппен Ташкент маңындағы колонияда жазасын өтеп жатыр.

Ал Әлия Назарбаева, керісінше, соңғы кезге дейін даулы мәселелерде бой көрсетпеді. Батыстық зерттеуші журналистер де оны емес, әпкесі Дариға Назарбаеваның мүлкін зерттеумін болды. Бірақ 2022 жылғы қаңтардағы қанды оқиғадан кейін жағдай өзгерді.

ЗӘУЛІМ САРАЙ, ЛЮКС ҰШАҚ...

Британдық «The Telegraph» басылымы 2022 жылдың 8 қаңтарында Әлия Назарбаеваның елден 300 млн доллар қаржыны шығарғанын жазды. Әйелдің қаржылық операцияларының егжей-тегжейі оның екі бұрынғы қаржы менеджерімен жүргізген ісіне байланысты белгілі болды.  Қазақстанның экс-президентінің қызы оларды алаяқтық пен қаржыны ысырап етті деп айыптап, британдық сотқа берген еді. Назарбаева қызметкерлерінен 165 миллион фунт стерлинг талап етті, бірақ шағым тараптардың келісімімен шешілді.

Сот құжаттарына сәйкес, Әлия Назарбаева қаржы менеджерлерінің біріне 2006 жылы белгілі бір бизнестегі үлесін сату арқылы шамамен 325 миллион доллар алғанын мәлімдеді. Оның 312 миллион доллары Қазақстаннан шығарылды, себебі қоғам қайраткері өз Отанында қаражат сақтауды қауіпті деп санаған.

Кейіннен Әлия Назарбаеваның 18 миллион фунт стерлингке люкс ұшақ пен 8,75 миллион фунт стерлинге Лондоннан зәулім үй сатып алғаны белгілі болды.

Экс-президенттің кенже қызы Қаңтардағы қақтығыс кезінде Назарбаевтар әулетінің ішінен өзінің жағдайын айтқан алғашқы адам болды. Ал оның әкесі мен туыстары 2 аптадан астам уақыт бойы ешқандай мәлімдеме жасап, ел алдына шықпаған еді.

13 қаңтарда Назарбаева өзінің Facebook және Instagram парақшаларында қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Алайда ол жазбаны жариялағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң барлық аккаунтын жауып тастады. Себебі желі қолданушылары Әлияның геолокациясы Біріккен Араб Әмірліктерін көрсетіп тұрғанын жарыса жазған еді.

Қазір Әлия Назарбаеваның қайда екені белгісіз. Өткен жылдың күзінде журналистер Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевкк бұл сұрақты қойған болатын. Ол «білмеймін»,-деп жауап берді.

«ЕСКІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ»

Экс-президенттің кенже қызын рейдерлік шабуыл жасады деп айыптаған оқиға әлі аяқталмады. 4 сәуірде кәсіпкерлер, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері Алматыда «Ескі Қазақстанның құрбандары» деген атпен қоғамдық бірлестік құрғандарын айтты.

Баспасөз конференциясында  Нұрлан Бимурзиннен бөлек Алматыдағы Hilton қонақ үйіне иелік еткен «Абли Құрылыс» ЖШС өкілдері сөз сөйледі. Айтуларынша, қонақ үйді тұңғыш президенттің жиені Қайрат Сатыбалды заңсыз иемденген. Кейіннен ол бұл активті мемлекетке сыйға тартқан. Бірақ Сатыбалды сол кезде түрмеде отырған.

Сондай-ақ қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік қызметтен кеткеніне қарамастан, «ескі Қазақстанның» әлі тамырын жайып отырғанын хабарлады. Осыған байланысты олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, мемлекет басшысынан жеке көмек сұрау үшін ұжымдық түрде кездесуге жазылғылары келетінін мәлімдеді.

Билік жариялаған бағытқа қарамастан, Назарбаевтың отбасы мүшелері өздерін «ескі Қазақстанның» ең жарқын өкілдері ретінде сенімді сезінеді. Қаңтар оқиғасы кезінде өкілеттігін асырды деп айыпталған экс-президенттің жиені Самат Әбіш шартты түрде 8 жыл мерзімге сотталды. Түрмеде отырған Қайрат Сатыбалды енді ақшаны жылыстатудың жаңа эпизоды бойынша сотпен мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасамақшы.

Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаевқа қатысты құқық қорғау органдарында ешқандай сұрақ жоқ.

Ал Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев Forbes-тің миллиардерлер рейтингінде жаңа орынға көтерілді. Өткен жылы 636-орында болған ерлі-зайыптылар биыл 612-ші орынға табан тіреді. Қазір Құлыбаевтардың әрқайсысының байлығы 5 миллиард долларға бағаланып отыр.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер