Елдің бірнеше өңірінде су тасып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Өзендер ернеуінен асып, тұрғын үйлерді су басты. Топан судан малдар қырылып, су зиратқа жетіп, тіпті мәйіттерді шайып кетті. Аталмыш жайт елдегі экологиялық және эпидемиологиялық ахуалға әсер ете ме? Бұл туралы «Адырна» тілшісі арнайы мамандардан сұрап білді.
АҚПАРАТ РАСТАЛМАСА ДА, АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БАСЫМ
Сәуірдің 12-сінде Ақордада су тасқынына байланысты өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ықтимал эпидемиологиялық ахуалға алаңдаушылық білдірді. Сол күні су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өткізілген. Сонда сөз басында Президент бұл жағдайды «өте маңызды мәселе» ретінде атады. «Су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстау қажет,» - деген Президент Тоқаев.
Жиыннан тараған ресми мәліметке қарағанда Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге елдегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу тапсырылған. Бұған қоса көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілген.
Тағы бір назар аудартқан жайт – Ақордадан тараған ресми мәліметте «Су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады,» - делінген.
ӘЛЕМ СУ ТАСҚЫНЫНАН ҚАЛАЙ ЗАРДАП ШЕКТІ?
Су тасқыны табиғи апат болғандықтан кез келген елде орын алуы мүмкін құбылыс. Осы күнге дейін Үндістан, Бангладеш, Пәкістан, Нигерия, Шри-Ланка, Непал және т.б. елдер топан судан кейінгі жұқпалы ауру салдарынан жапа шеккен.
Мысалы, Бангладештегі 2004 жылғы су тасқынынан кейін тырысқақ пен дизентерияны қоса алғанда, диарея ауруларының жоғарылауы анықталды. Осындай жағдайлар санитарлық-гигиеналық талаптары нашар басқа елдерде де орын алған. Мәселен 1931 жылы Қытайда өзен арнасынан асып, сол уақыттағы Қытай астанасы болған Нанкин қаласын су басып қалды. Көп адамдар тырысқақ, сүзек сияқты су арқылы таралатын жұқпалы аурулар жұқтырып, қаншасы суға батып, баc-аяғы 4 миллионға дейін адам құрбан болды деп есептеледі.
ЫҚТИМАЛ ЗАЛАЛ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?
Естеріңізде болса, Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласында тасқын су мәйіттерді шайып кетіп, су басқан аймақтан ер адамның мүрдесі табылған болатын. Ал соңғы деректерге сәйкес өлген мал саны - 8,1 мың бас, оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514 бас. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында жануарлардың өлекселерін жою жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда 4,1 мың мал өлекселері жойылды.
Бұған қоса Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданы аумағындағы су қоймасындағы киіктердің өлексесі түсірілген видеолар тарап, оны көрген адамдар сол маңды қолайсыз иіс жайлағанын айтып отыр.
Аталмыш жайт эпидемиолог мамандарды бей-жай қалдырмады. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының «Эпидемиологиялық бақылау және қадағалау» бөлімінің басшысы Қорлан Нұрбатырова жағдайға қатысты былай деп жауап берді:
- Су тасқыны кезінде жұқпалы ауруларды тудыратын қолайсыз эпидемиологиялық жағдай дамуы мүмкін. Су жолымен гепатиттер, тырысқақ, ішсүзек, паротифтер, диззентерия, тулеремия яғни ауыз судың кеміргіштермен ластануы, құрттар және т.б, инфекциялар беріледі. Су арқылы берілетін жұқпалы аурулардың ішінде ішек жұқпалы ауруларының тобы, оның ішінде энтеровирустар, гепатит А және басқалары таралады. Өзендерден, ұсақ көлдерден су құйғанда, жаңбыр суымен араласқан кезде еріген сулар пайда болады. Бұл құдықтар мен ұңғымалардағы судың қазылған шұңқырлардың шаруашылық аурулардан, дәретханалардан, лас қалдықтармен жаппай ластануына әкеледі. Су тасқынына кірудің бір проблемасы – кеміргіштер. Олар көптеген аурулардың қоздырғыштары. Тұрғын үйлер мен ғимараттарға еніп, адамның жұқпалы және паразиттік ауруларға шалдығуына ықпал етуі мүмкін. Тұрғындарды аурулардан сақтандыру, су тасқыны кезінде қарапайым яғни аурудың алдын ала шараларын және тиімді ережелерді сақтау қажет, - дейді ол.
«БИЫЛ ЖАЗ ЫСТЫҚ БОЛАДЫ ДЕГЕН БОЛЖАМ БАР»
Экологиялық тұрғыдан туындайтын залал туралы тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрайымы, эколог Лаура Маликова былайша түсіндірді:
- Су тасқыны болған аймақтарда заңсыз жатқан қалдықтар полигоны, сібір жарасынан көмілген малдардың өлексесі, мәйіттер ашылып жатыр. Оның бәрі сумен араласқаннан кейін табиғатқа әлбетте кері әсерін тигізеді. Ол топырақтың ластануына және құдық суына әсер етпей қоймайды. Ал су толық шайып кетіп, теңізге түскен болса, теңіз суын да тазалау керек болады, - деді ол.
Сондай-ақ, Лаура Маликова қауіпті қалдықтардың көзін құрту жайлы айта кетті:
- Дәретхана, септик сияқты қалдықтар биологиялық қалдықтар болғандықтан олар суда тез ыдырайды. Пластик, полиэтилен, малдың өлекселері, адам мүрделері, әрине, олардың бәрін тазалау қажет болады. Олардың барлығын жинап жаға ма, әлде көме ме оны да қарастыру қажет. Бұл тұрғыда қауіп бар. Жерге сіңуіне келетін болсақ, топырақтың ылғалдануына алып келеді. Дегенмен, осы жылы жаз ыстық болады деген болжам бар. Сондықтан жоғарыда аталған органикалық қалдықтар тез ыдырауы бек мүмкін. Ал қауіпті қалдықтар теңізге барып құйса, теңіздегі итбалық, балық сияқты тіршілік иелерінің өміріне үлкен қатер төндіреді, - дейді эколог.
Дина Литпин,
«Адырна» ұлттық порталы