Талантты ақын, Жаңаарқаның тумасы – Бақтыбай Аманжолов өмірден өтті. Ерлан Төлеутай өзінің фейсбук парақшасына ақын жайында естелік жазбасын қалдырды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Ақын Бақтыбай Аманжолов дүниеден өтіпті. Жастайынан өмір теперішін көп көрген тағдырлы ақын еді. Ол аздай өмірінің соңғы екі жылында айықпас дертпен алысты. Кеше сұм ажал аяулы ақынды алып тыныпты. Бақтыбай ағамен Қарағандыда тұрған жылдары жиі ұшырасып тұрдым; көбінесе кездейсоқ кездесіп қалатынбыз. Қарағандының жанындағы Дубовка деген орысы көп поселкеде тұрушы еді. Бір-екі рет үйіне де барғаным есімде. Қоштасып кетіп бара жатқанда, есігінің алдында шошайып қала беретін. Осылай ол өзінің жалғыздығын сездіргендей болушы еді. Жас кезінде, деген шағында абақты көрген жан еді. Меніңше, жан жалғыздығы оған осы абақтыдан кейін жабысқан сияқты. Сотталған адаммен кім жолдас болсын ол заманда, өзі ақын болса... Білетіндер «оның тағдырының бұлай бұралаң болуына, кілт қияс тартуына оның отқа, суға қарамайтын беттілігі мен ер көңілділігі жеткен» дейді. Өзің ер көңілді, жаужүрек болсаң, оның үстіне ақын болсаң – Құдайдан не тілейсің?! Мұндай жанды тағдыр аямайды ғой, тағдыр демей, қоғам дейікші. Дұрысы сол, меніңше. Қоғам демекші, Бақтыбай ақын қоғаммен, оның ішінде ақындармен араласпай, саяқ ғұмыр кешті. Ол да оның бір жұмбағы. Тек Жезқазған қаласы облыс орталығы боп тұрған кезде «Аққұс» атты облыстық Жазушылар ұйымының қолдауымен пышақтың қырындай бір-екі жинағы аз тиражбен жарық көрді. Аймақтық әдеби ортаның бір шу етіп, басыла қалғаны есімде. Сонымен ақынның өлеңдегі ғұмыры тамам болды-ау деймін, бұдан кейін бір-екі газет-журналдарда басылғаны болмаса, жыр жинағы жарық көре қойған жоқ. Ақынның жыр кештерінде, не түрлі жиындарда күркіреп өлең оқығанын да көрмеппін. Менің есімде ол өлең оқығанын көрмеген жалғыз ақын боп қалар, сірә. Ақындар әнші секілді қасиетке ие, топ көрсе өлең оқығысы кеп арқаланып тұрады. Ал Бақтыбай ақын сахнаға ұмтылмайтын, мүшәйраларға да қатыспайтын. Бәлкім, қатысқан шығар, бірақ жүлде алды деп естімеппін. Ер көңілді, батыр кеуделі ақынның сахнаға шығып, өлең оқымай кеткені – ол да бір жұмбақ. Бәлкім ақын болған соң ұмтылуы керек пе еді? Өзі батыр тұлғалы, еңселі ер, жыр кештеріне кеуделеп келіп, «мен өлең оқимын», – десе ешкім алдын кес-кестей алмас еді. Бірақ ол жыр кештерінен, жалпы жиын атаулыдан аулақ жүрді. Атын ұмыттым, оның ақындығы тәп-тәуір қызы бар еді. Студент кезінде біз оны Бақтыбай ағаның қызы деп жыр кештерінде өлең оқытатынбыз. Қазіргі тағдырынан бейхабармын. Бақтыбай ағаның бір жолы «Менің қызым ақын», – деп мақтанғаны есімде. Өзі жанына жақын осы қызынан үміт күтетін. Осылайша мен оның мақтанғанын бірінші рет әрі соңғы рет көрдім. Өзі қанша сездірмегенмен оның жүзінде әлдебір қаяудың табы сезіліп тұратын. Ол онысын жарқылдаған ер көңілімен жуып-шаятын. Қаяудың табыНовости по теме