Кітапханашы неге сауатсыз? Ахмет пен Ғалидың "араб тілінде жазылған кітабы"

7415
Adyrna.kz Telegram

Кітапхананың Сирек қорындағы мамандыр тапшылығы бірден байқалады. Өйткені қанша кітапханда қанша мамандар қаншама сауатсыздықтың куәсі болып жүр. Кітапханалардың Сирек қорында жұмыс істейтін мамандар, араб, парсы және түркі тілдерін білмеген соң, күлкілі жағдайға қалып жатады. Бұған төте жазуды және қосыңыз. Алайда уақыт тарихшылардың ғана емес, кітапханашылардың да жан-жақты болуын талап етеді. Соны байқаған Әділет Ахметтің жанайқайы сайтқа жарияланып отыр.

Іс жүзінде Ахмет Байтұрсынұлының араб тілінде жазылған немесе араб тіліне аударылған кітабы жоқ болуы мүмкін. Өткен ғасыр орта шенінде Түркия түріктері Алаш тақырыбын аздап аударғаны болмаса,  ал араб әлемі Ахметті және Алаш орданы өз тілдеріне аударуға мұрсасы болмады. Егер Ахметтің басқасы емес,  бір ғана араб әліпбиіндегі ескі қазақ жазуын ықшамдап,  қазақтың төте жазуын жасағанын арабтар білсе,  мүмкін қазақ деген халықтан осындай бір ғажап ғалымның шыққанына таңқалар ма еді?! Қалай деген күнде де арабтар реформатор Ахмет Байтұрсынұлын зерттеп көрсе еш уақытта өкінбесі анық.

ЫҢҒАЙСЫЗ ЖАҒДАЙЛАР

Жә,  көптеген адамдар араб әліпбиі мен араб тілін ажырата алмай жүр. Оған төте жазуды қоссаңыз, тіпті түсіне алмай қалады. Латын әліпбиіне көшуді де латын тіліне көшеді екенбіз деп жүргендер бар. Ешкім өзге халықтың тіліне көшпейді. Тіл өз күйінде қалады. Бар болғаны таңбаларды ауыстырады.

Мен жүрген жерімде сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына кіруді әдетке айналдырғанмын. Сирек кітаптар мен қолжазбаларды қызғыштай қорғап отырған аруларымызға қашан да алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен  еліміздегі кейбір сирек кітаптар қорында көне кітаптардың аңдатпасы (аннотациясы) қате жазылып жүр. Оның себебі,  төте жазу,  қадім жауы,  араб және парсы тілдері арасындағы айырмашылықтарды білмеуден болып отыр.

Мен әлдебір кітапханаға барғанда,  "Араб тілінде жазылған кітап"  деген аңдатпамен тұрған екі кітапты қолыма алып көрдім. Ішін ашсам,  ешқандай да араб тіліндегі кітап емес,  біреуі Ахмет Байтұрсынұлының 1926-1928 жылдары қолданыста болған,  алаштанушылар жақсы білетін – "Әліпбій - жаңа құралы" екен. Екіншісі,  Ғали Орманұлының бертінде шыққан "Өмір дастаны". Бар болғаны – екеуі де төте жазумен басылған(суретке қараңыз).

Осындай қызықты әрі ыңғайсыз жағдайлар көп. Басқа бір сирек кітаптар қорынан Ахмет пен Міржақыптың кітаптарының бірге түптеліп,  аңдатпасы да  қате бірлігенін көргенбіз. Осы ағаттықтарды сол жерде жауапты адамдарына айтып түзетіп жүрміз.

КӨҢІЛ БӨЛІНБЕГЕН САЛА

Кеңес кезеңінде,  Тәуелсіздік қарсаңындағы кітапханада қызмет істейтін кісілер арасында араб тілін,  парсы тілін,  қадім жазуын,  төте жазуды және 1930-1940 жылдары Қазақстанда қолданылған латын әліпбиін жақсы білетін кісілер көп болған сияқты. Ол кісілер іріктеп,  реттеп жазып кеткен әр жапырақ қағазда аңдатудан ағаттық кездесе бермейді. Солардың бірі деп Есім Байболұлын айтуға болады. Орталық ғылыми кітапханада өткен ғасырдың екінші жартысында қызмет еткен Есім марқұмның өзі аңдатпа жазып,  өзі зерттеген,  өз қолымен қайта көшіріп шыққан қолжазбалары өте көп. Мен ол туралы "Есім Байболұлының еңбектері" атты мақала жазып,  Massaget сайтында жариялаған болатынмын.

Жасырары жоқ, тәуелсіздіктен кейін елімізде  кітапхана саласына көңіл бөлінбеді. Содан да болар көне жазу танушы мамандар ондай киелі жерлерде жұмыс істеген жоқ. Сан мыңдаған көне қолжазбалар қоры бар кітапханада да қызмет істеп көрдік. Айлығы – жетпіс сегіз мың теңге болатын. Бұл осыдан үш жыл бұрынғы жағдай. Қазір «Жаңа Қазақстанда» ол жағдай өзгерген шығар деп ойлаймыз. Егер әлі  өзгермесе, өзгерту керек. Алдымен кітапхана құрылысын, әсіресе сирек кітаптар мен қолжазбалар қорын күтімдеу керек. Заманауи технологиялар арқылы күннен-күнге шіріп, кетеуі кетіп бара жатқан көне кітаптарды емдеп, қалпына келтіру керек. Кітапханашылардың айлығын көтеріп, қолжазбатанушы, көне кітаптарды көзіндей сүйетін мамандарды жоғары еңбекақымен жұмысқа алу керек. Әйтпесе, аузың қайсы десе құлақты  көрсетіп, қазақтың төте жазудағы кітаптарын арабтікі, парсынікі, бәлендікі, түгендікі... деп қате жазып, күлкіге қалып жүре береміз.

Өз тарихына, өзінің мыңжылдық мұрасына, тіпті болашақ тағдырына немқұрайлы қарайтын біздей бейғам, біздей бейбақ ел жоқ-ау, сірә?!

Әділет АХМЕТ

Пікірлер