Депутаттар іздеген жікшілдік өзін-өзі басқару заңы жобасынан табыла қалды

2443
Adyrna.kz Telegram

Мәжілісте Ұлттық экономика министрлігі ұсынған «жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Вице-министр Бауыржан Омарбеков ауыл мен аудандық деңгейдегі қалада халықтың ашық дауыс беруі арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органы – кеңес құрылатынын мәлім етті. Әйтсе де Мәжіліс депутаттары кеңес құрылатын болса, рушылдық пен сепаратизм жайлауы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Ал сарапшылар министрлік ұсынған заңның өте-мөте орынды жазылғанын алға тартады.

Бауыржан Омарбеков заң жобасында кеңес мүшелерінің саны тұрғылықты азаматтардың және ауылдық округтегі елді мекендердің санына байланысты жазылғанын айтады. Бұл ретте кеңесте ауылдық округтің құрамына кіретін әрбір елді мекеннен өкілдік қамтамасыз етілетін болады.

«Кеңес төрағасы лауазымы тұрақты және жергілікті бюджеттен төленеді. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен астана деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқару органы – қалалық өзін-өзі басқару кеңесі құрылады. Қалалық өзін-өзі басқарудың кеңесін қалыптастыру үшін қалалардың аумағы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес сайлау округтері мен учаскелеріне бөлінеді. Қалалық өзін-өзі басқарудың кеңес құрамы сайлау учаскелері өкілдерінің қатарынан бір сайлау округінен бір өкілден құрылады», – дейді Бауыржан Омарбеков.

«РУШЫЛДЫҚ ПЕН СЕПАРАТИЗМ ҚОЗЫП КЕТУІ МҮМКІН»

Бір қызығы Ұлттық экономика министрлігінің ұсынған заң жобасына депутаттар шүйлігіп отыр. Мысалы, Мұрат Әбенов шекаралық аймақта сепаратизм оты тұтанып кетпей ме деп қауіптенеді. Сондай-ақ ол «кеңесті күшейтсек, мемлекеттік биліктің заңдары орындалмайды» дей келе «облысқа бағынбайтын ауылдар пайда болады» деп алаңдаушылық білдірді. Ал Еділ Жаңбыршин болса, өңірдегі рушылдық асқынып кететінін алға тартып, әр аймақтың менталитетінде мән беру керек екенін ескертті.

Әріптестерінің алаңдауына «Ауыл» партиясы атынан депутат болған Ерболат Саурықов түсіністікпен қарайды. Себебі ол заңды қабылдамас бұрын өңірдегі сепаратизм мен рушылдыққа мән беру керек деген пікірде.

«Жергілікті өзін-өзі басқару заңын министрлік ұсынғандай қабылдайтын болсақ, елімізге үлкен қауіп болады. Мысалы кеңесті тағайындайтын өкілдер өзара бірлесіп, руы көп ауылдарда өздерінің руына қатысты азаматты тағайындап қою қаупі бар. Осы уақытқа дейін аудан мен облыс әкімдіктерінің жанынан құрылған қоғамдық кеңес дегендер болды. Ашығын айтқанда қоғамдық кеңестердің көпшілігі халық үшін емес, әкімдік үшін жұмыс істеді. Себебі қоғамдық кеңесті қалыптастыратын мәслихат болса, ал мәслихат депутаттары әкімдіктің нұсқауымен өздеріне қажетті тұлғаларды кеңеске мүше етіп алды да, қоғамдық кеңестің төрағасын соның ішінен сайлады. Жаңадан құрылайын деп жатқан кеңес қоғамдықтың кеңестің бір түрі болып саналады. Бірақ кеңес төрағасы мемлекеттен жалақы алады. Сондықтан бұл кеңестің қалыптасуына облыс пен аудандық әкімдік мүлде араласпауы керек. Бұл жерде халықтың көпшілігінің дауысы бойынша, ауылдың белсенділері тағайындауы керек. Сол кезде ғана ауыл, аудан әкімдерінің есептерін, қаржыларының жұмсалуына толық жауап бере алады. Олай болмаған жағдайда олар әкімдердің ығына жығылып қалатын болады», – дейді депутат.

«СЫНАСАМ, ПАРЛАМЕНТКЕ КІРГІЗБЕЙ ҚОЯДЫ»

Депутаттардың пікіріне «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай келіспейді. Нақтырақ айтсақ, ол жергілікті өзін өзі басқару заңы қабылданғаннан кейін рушылдық қозып кетеді деп алаңдауға негіз жоқ екенін ескертті.

«Билік әкімнің қолына шоғырланған кезде рушылдық артуы мүмкін. Ал кеңес құрылса билік бірнеше бөлікке бөлінеді. Оның үстіне халық әділдікті талап етіп, өзінің әлеуметтік мәселесін көтерген кезде керісінше бірігіп кетеді. Ол кезде руға, жүзге, тіпті ұлтқа да қарамайды. Мысалы, сіздің есік алдыңызға балалар алаңшасы керек делік. Бұл кезде сіз руды ұмытып кетіп, балаңызға жайлы жағдайдың болғанын қалайсыз. Негізі авторитарлық режим бар кезде трайбализм болады. Бұл жерде мәселе басқа да болып отыр. Нақтырақ айтсам, заңда көрсетілген кеңес әкімдерге бәсекелес болады. Бірақ ол әкімнің жұмысына кедергі емес, керісінше әкімнің ұсынысын қолдауға көмектеседі. Сондай-ақ халықтың белсенділігі жергілікті жерде өсіп, азаматтық қоғам қалыптасады. 2021 жылы Атырау облысы Жылой ауданында өзін өзі басқаруға байланысты пилоттық жобаны іске асырдық. Әу баста әкімдік қиыншылықпен қабылдап еді, кейін бірлесіп жұмыс істеудің тиімді екенін түсінді. Жол, жылу секілді әр түрлі мәселеге байланысты бюджетті қарауға қолдау көрсетеді. Бұл жерде саяси емес, шаруашылық жұмыс. Министрліктің ұсынып отырған заңы өте-мөте орынды. Аталған заң баптары көп мәселені шешеді. Олар әлемдік тәжірибеге сараптама жасап, заңды дұрыс жазған деп білемін», – дейді ол.

Министрлік ұсынып отырған заң «өте орынды» деп жиында неге айтпадыңыз?

– Мен сол жерде айттым ғой. Бұл заң міндетті түрде керек деп. Сіз мені тыңдамадыңыз ба? Мен аталған отырыста екі рет сөйледім.

Мен сіздің екі сөзіңізді де тыңдадым. Сіз кеңес керек дегенсіз. Кеңестің керек екенін бәрі біледі. Министрліктің заң жобасы дұрыс екенін, ал депутаттар әкімдердің мүддесін қорғап отырғанын неге айтпадыңыз?

– Мен енді депутат емеспін ғой, жай ғана партияның өкілімін. Егер мен сынайтын болсам парламентке кіргізбей қояды ғой. Отырыс біткеннен кейін министрліктің өкілдеріне қолын алып, ризашылығымды білдірдім. Депутаттардың бәрі бұл заңға неге қарсы болып отыр? Себебі олардың бәрі кезінде әкім болған адамдар. Сондықтан да олар әкім жұмысына кедергі болатын заңды қабылдағысы келмей отыр. Бірақ біз қоғамдық ұйым, партия ретінде бұл заңды алып шығамыз. Қажет болса, адамдарды алып шығамыз. Себебі бұл заңды президент қолдап отыр.

«САЙЛАУ УРНАСЫНАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛАДЫ»

Қоғам қайраткері Дос Көшім кезінде «Жергілікті өзін өз басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы» деген кітап жазғанын айтады. Сондықтан да ол Парламент талқылап жатқан заң жобасын қуанышпен қабылдағанын жеткізді.

«Өзін-өзі басқару заңы орыс тілді аймақта сепаратизм қаупін арттырып жіберуі мүмкін. Бірақ солай екен деп жергілікті өзін-өзі басқаруды тоқтатып қоюға болмайды. Сол себепті мен бұл заңды әр аймаққа жеке-жеке енгізген дұрыс деп есептеймін. Мысалы әуелі батыс аймақ, сосын еліміздің оңтүстігінде өзін-өзі басқаруды енгізуге болады. Заң тұтас Қазақстанға енуі үшін 5-6 жылға созылуы мүмкін. Мұндай тәжірибе әлемде бар. Мысалы, қазақ тілінің мәселесін де осы тәсілмен шешуге болады.  95 пайыз қазақ тұратын Қызылорда облысында орыс тілін алып тастап, қазақ тілін дамытса, ештеңе болмайды. Себебі бұл облыс Өскемен секілді орыс көп қоныстанған өңір емес. Қазақтардың үлес салмағы 80 пайыздан асқан облыстарда мемлекеттік тілдің мәселесін 100 пайыз шешіп тастауға болады», – дейді ол.

Мұрат Әбенов жергілікті өзін өзі басқару заңы қабылданатын болса, облысқа бағынбайтын ауылдар пайда болатынын айтады. Депутат айтқандай облысқа бағынбайтын ауыл қауіпті ме?

– Жұрт менен жергілікті өзін-өзі басқаруды түсіндіріп беріңізші деп сұрағанда «Ауыл әкімі аудан басшысына сәлем бермейді. Ал аудан әкімі облыстың әкімін қағып өтіп кетеді» деп жауап беремін. Себебі жергілікті өзін-өзі басқару заңы әлемдік тәжірибеге сай қабылданса, ауыл әкімі облыс әкіміне бағынбауы керек. Ауыл әкімі Конституцияға және жергілікті өзін сайлаған халыққа сүйенеді. Мысалы, облыс әкімдігінің бюджет ақшасын бөліп бергеннен басқа жұмысы жоқ. Егер жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі орнаса, облыс әкімдігі керек пе, керек емес пе деген сұрақ туады. Билік неге өзін-өзі басқару заңын қабылдаудан қорқады? Себебі олар сайлау урнасынан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Жергілікті өзін-өзі басқару заңы қабылданса, билік сайлау урнасынан айырылады. Өйткені олар облыстық ішкі саясат басқармасының айтқанын құлағына қыстырмайтын болады. Егер біздің елде жергілікті басқару жүйесінің классикалық үлгісі орнаса, онда бізде әкімшілік, әміршілік жүйе құриды. Ал біздің билік әкімшілік-әміршілдік жүйеге сүйеніп отыр.

Халық бірінші және екінші сайлауда өз руласын сайлап, бірақ ол ештеңе істеме онда үшінші сайлауда басқаша таңдау жасайтын шығар?

– Әрине, әрине. Өз басым жергілікті өзін өзі басқаруды енгізген кезде трайбализм артып кетеді дегенге аса сенбеймін. Себебі қазақ халқы әр уақытта мына азамат алып шығады-ау деп соған дауыс береді. Ол өзінің руласы ма, басқа рудың азаматы ма, тіпті өзге ұлттың өкілі болса да маңызды емес. Белгілі бір деңгейде рушылдықтың сарқыншақтары болуы мүмкін. Бірақ өз руласы әкім болып, ол ештеңе істемесе халық өткен қателігін қайталамауға тырсады. Бұл ретте идеологиялық жұмыс жүргізуге мән беру керек. Өкінішке қарай Қазақстанда идеологиялық жұмыс мүлде жоқ.

Жергілікті өзін-өзі басқару, яғни  земствоны кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстары көтерген болатын. Алайда 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметі 1920 жылы құлағаннан кейін бұл бастама аяқсыз қалды. Алаш арыстары 100 жыл бұрын артықшылығын түсінген жергілікті өзін өзі басқаруға тәуелсіз елдің билігі неге қарсы болып жүр?

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 "Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер