Мақтан етер дүниеміз шындыққа негізделуі тиіс

22073
Adyrna.kz Telegram

Алаштану ғылымына келіп, ұлттық рух пен өзектің білім қайнары болған бұл мұраны зор ынтызарлықпен зерттей бастадық. Білгеніміз – бір тоғыз, әлі білмейтініміз – тоқсан тоғыз. Негізі соңғы жылдары Алаш мұрасын (публицистикасын, шығармашылық туындыларын, ғылыми еңбектерін, ғибратты өмір жолын) зерттеуге, оны тануға деген зор қызығушылықтың бүкілхалықтық дәрежеде оянып келе жатқанын сезініп жүрміз, бұл –  өте жақсы құбылыс. Алаштанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Ұшқын Сайдырахман мен Елдос Тоқтарбайдың дерегіне сүйенсек, 1937-1938 жылдары 25 000 адам «Жапон шпионы» деген атпен атылған, солардың ішінен бүгінгі күнге дейін тек 3000-ға жетеғабыл адамның есімі анықталған, бары-жоғы 20-дан астам  тұлғаның ғана жеке мұрасы жинақталды. Ұшқын мырза алаштықтар жазған 100 оқулықтың тізімін де дайындап қойды. Қарап отырсақ, бұл салада әлі зерттеуге тиіс объектілеріміз, танып-білеріміз, ашар жаңалығымыз, насихаттар идеяларымыз ұшан-теңіз. Тек барлығын мұқият түрде, нақты деректермен жариялап, таныту –  ғалымдар мен мемлекеттің борышы.

Инфодемия дәуірінде қазіргі қоғам жалған сөзден көп зардап шегіп жатыр. Тек мұқият фактчекинг жасалған, сараланған, салмақты, шынайы ақпаратты ұсыну – журналистердің де, қолына қалам ұстаған ғалымдар мен публицистердің де алдындағы басты парыз. Қоғам алдындағы, бұқара алдындағы міндеті. Өйткені шынайы ақпаратты ұсыну, соған сену ғана азаматтарымыздың дұрыс түсінігін, ақпараттық гигиенасын қалыптастырып, шынайы ұлттық рухты көтерері сөзсіз.

2023 жылдың 29 қаңтар күні «Адырна» сайтынан «Рухымызды көтеріп жүрейік!» - М.Дулатұлының «Оян, Қазақ!» кітабы, Түркия, Жапонияның дамуына ықпал еткен» атты тақырыптағы материалды оқып, дүдәмал күйде қалдық. Соңғы 2-3 жылдан бері «Оян, Қазақ!» феномені туралы азды-көпті зерделеп, сол тақырыпта авторлық дәрісімді жүргізіп, ғылыми мақалам жарияланғандықтан, дәл осы мәселеге келгенде біршама іздендім дей аламын. «Адырна» сайтындағы  бұл тақырыптың «Жапонияның дамуына ықпал етті» деген жерін оқып, оқырманда жалған ақпаратқа негізделген жаңсақ пікір қалыптаспауын қалап, қолыма қалам алдым. 

Ең алдымен, 100 жыл бұрын Жапония қандай еді, біз қандай едік? Иә, XIX ғасырдың ортасында ол елдің жағдайы мүшкіл еді. Сол себепті тығырықтан шығар жол іздеп, болашағын ойлап, жаңашыл император Муцухитоның бастамасымен 1868-1889 жылдар аралығында  «Мейдзи жаңғыруы» атты үлкен сілкініс жасап, бары-жоғы 21 жыл ішінде даму жөнінен орта ғасырдағы аграрлық мемлекеттен әлемнің заманауи жетекші империясына айналып үлгерді. Білім мен ғылымды, жаңашылдықты басты қару ете отырып, әскери, саяси, идеологиялық, әлеуметтік реформаны жүзеге асырып, Азияның көшбасшысына айналып, оған дейін өзіне тізесін батырып келген әлем алпауыттарына өз шартын тайсалмай қоятын субъектіге айналды. Міне, сондықтан да, Алаш арыстары Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық тәуелсіз мемлекет құрсақ деп армандады, жоспарлады. Сондықтан да Жапониямен халықаралық байланыс құруға тырысты, олардан түсіністік пен қолдау күтті. Өйткені «Мейдзи реставрациясына» дейінгі кенже қалған ауыл шаруашылығына негізделген, колония зардабын тартқан тағдырымыз ұқсас еді, ерік-жігер мен бірлік артса, мүмкіндіктер де шамалас болатын. Жапония бір ғасыр бұрын тез арада дамып кеткен болса, біздің ел оларға емес, олар бізге үлгі болған деу қисындырақ емес пе?

Ал «Адырнадағы» аталған мақалада айтылғандай, «Жапонияны дамыттық» деп өз-өзімізден шаттанып, негізсіз масаттанатын сөзге не нәрсе негіз болды, сонда? Осыдан 13 жыл бұрын, 2010 жылдың 19 қарашасында «Абай.kz» порталында «Марат Әбсемет. «Оян, қазақ» идеясы – қазақтың нағыз ұлттық идеясы!» атты материал жарияланады. (Сілтемесі: https://abai.kz/post/5743%2012.10.2018)  Ол жерде алғашқы міржақыптанушы, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсемет Бауыржан Қарағызұлына сұхбат берген. Марат ағамыздың Міржақыптың есімінің ақталуына, оның мұрасын халқымен табыстыруда, өмірбаянын зерттеуде қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жақында режиссер, киносценарист Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильміндегі Гүлнәр Міржақыпқызының жанынан табылатын Ізбасар деген кейіпкердің прототипі де – сол азамат. Алайда жоғарыда келтірілген сұхбатта Марат мырза көптеген құнды тарихи деректермен бөлісе отырып, сөз ортасында былай дейді:

«Кейбір азаматтар Міржақыпты өз іштерінен жапонның рухани ұстазы деп сайлайды. Сол кездің өзінде Жапонияда Міржақып туралы көптеген мақалалар, зерттеулер шығады. Жақаңа еліктеп «Оян, жапон!» деген кітап та шыққан еді. 1997 жылы ғалым Уямо Томохико жапон тілінде Міржақыптың саяси көзқарасынаң диссертация қорғады».

Міне, осы бір сөз одан кейінгі қате пікірдің таралуына жол ашқан секілді. Әрине, Марат Әбсемет Міржақыптың өмір жолына өзі айтатындай «оның кенже ұлындай» іңкәр сезіммен қараған соң, кейде эмоцияға берілуі заңдылық. (Оның үстіне «Оян, Жапон!» деген кітап бары рас, «Серкені» шығарған татар баспагері Жапонияға  кетті деген дерек бар,  соған орай болжам мен ниет қосылған жаңсақ тұжырым туындаған сияқты). Алайда, сол сөзін негізге ала отырып, «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайдының» кері келген. 

Алдымен Алаш тарихын зерттеушілердің бірі Алтынбек Құмырзақұлы Марат ағамен болған  сұхбатты  негізге алып,  e-history.kz  Қазақстан тарихы порталына Міржақып туралы материал жариялайды. Өз мақаласында:

«Міржақыптың «Оян, Қазақ!” кітабы әлем елдеріне қатты әсер етті. Олардың қатарында Жапония елі де бар. Міржақып өзі де өлеңдерінде жапон ерлігін, ұлтын жырға қосқан. Соған орай кейбір азаматтар Міржақыпты өз іштерінен жапонның рухани ұстазы деп сыйлайды. Жапондар Міржақып Дулатовқа еліктеп «Оян, Жапон!» деген кітап шығарған», дейді. (2021 жылдың 24 қаңтарында Алтынбектен ол деректі қайдан алғанын хат арқылы сұрағанымда, Марат Әбсеметпен болған сұхбаттан деп жауап берген еді. Бір қызығы, бірінші дереккөздегі «ұстазы деп «сайлағаннан»  – «сыйлағанға» ауысады, оған да шүкір, бірақ бәрібір негізсіз болжам күйінде қалады).

Алтынбек мырзаның ол мақаласын тура сол күйі тағы бірнеше сайт, әлеуметтік желідегі топтар бірнеше жыл бойы көшіріп басады. («Қазақ үні  сайты. 24.11.2015. https://qazaquni.kz/alash/42604-mustafa-kemal-ataturik-ustaz-tutqan-alash-arysy-mirzhaqyp-dulatuly;   «Бөрілі байтақ» тобы. 04.08.2017. https://vk.com/wall-73330358_214397 ;  «Елана» сайты. 03.12.2018. https://www.elana.kz/mustafa-kemal-atatuyrik-ustaz-tutqan-a/, т.б.) 

Мен 2020 жылы «Оян, Қазақ!» феноменін тереңірек зерттей бастағанымда, осы бір деректі оқып, көңілімде күмән пайда болды. Алғаш оқығанда әрине, мен де иландым. Бірақ көкейдегі бір күдік одан әрі зерттеп, анық-қанығын білуге жетеледі. «Алаш арыстары Жапонияны үлгі тұтты деп келдік, ал қалайша Жапонияға біз шабыт беріп, үлгі бола қалдық?» деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Деректің шынайылығын тексеру үшін, Марат Әбсемет өз сұхбатында айтып өткен танымал жапон ғалымы Томохико Уяманың өзінен тікелей сұрайын деп шештім. Негізі ол кісі Міржақып есімімен алғаш рет Жапонияда емес, Қазақстанда танысқан деуге негіз бар. Ғылыми жолмен Мәскеу, Ташкент, Алматыға саяхаттап барғанын айта келіп, ол туралы былай деп баяндайды: «1991 жылдың күзінде Алматыдағы Ғылым академиясының дүңгіршегінен Міржақып Дулатовтың «Оян, Қазақ!» атты кітабын кездейсоқ сатып алдым. Сөйтіп осы кітапты және өзге де қазақ зиялыларының шығармаларын қызығып оқи бастадым...» (Сілтеме: 21.04.2011. https://www.azattyq.org/a/kazakhstan_alashorda_khan_tomokhiko_uyama/9498919.html)  

2015 жылдан бері Алаш көсемсөзін зерттеуді мақсат еткен ғылыми тақырыбыма орай, Уяма Томохиконың әлемдік ғылыми базалардағы Алаш тарихы туралы мақалаларын оқып жүрген едім, енді әлеуметтік желі арқылы өзіне нақты сұрақ қойдым. 30 жылға жуық Міржақып Дулатұлын зерттеп келе жатқан, бірнеше тілге жүйрік, өзім екі рет жүзбе-жүз көріп, пікірлескен жапон ғалымынан басқа бұл күдікті кім сейілтуі мүмкін? 2021 жылдың 30 қаңтарында Уяма мырзадан жауап хаты келді. Онда: «Жапонияда Міржақып туралы өте аз адам біледі. «Оян, Жапония!» деген кітап бар, бірақ олардың авторларының Қазақстанмен байланысы жоқ. Жалпы, «оян» - әлемде кең тараған метафора...» деген жауап алдым. Марат Әбсемет әрине, ол болжамды пікірін жаман оймен айтпағаны анық, сондықтан «Оян, Жапон!» кітабы туралы естігенін Міржақыпқа теліген деуге негіз бар. Өйткені ол бұл тұлғаға шексіз ғашық, олай тамсануы заңды да. Алайда «Жапонияға үлгі болмағанымызға» логикалық қисынмен жауап бере алмасақ, ең болмаса Жапонияда тұратын міржақыптанушы жапон ғалымының сөзімен нүкте қоя алатын шығармыз? 

Негізінде Алаш мұрасында шынайы дерекке негізделген, бұлтартпас шындықтан тұратын, ұлтымыздың мәртебесін өсіріп, абыройын асқақтататын талай інжу-маржан бар. Бізге жалған болжам, әсіре эмоция, әбүйірсіз дақпырт әсте қажет емес. Оның алғашқы әсері масайтып, масайратқанмен, оның буы сейілген соң, досқа күлкі, дұшпанға таба етуі мүмкін. Жастарды соған сендіріп, кейін жалған екенін тағы бір жапон достарынан естісе, алаштануға құрметі қалар ма? Шындықты өзек еткеннен артығы жоқ.

Ал Міржақыптың «Оян қазақ!» туындысы қай ұлттарға әсер етті, сонда? Түркия ғалымы Хүлия Қасапоғлы Ченгел қазақ, түрік және ұйғыр халықтарындағы «оян» мотивін салыстыра отырып, оның қайнар көзі Міржақып Дулатұлы екенін дәлелдейді. Мәселен, түріктің ағартушы ақыны Мехмет Акиф Ерсойдың (1873-1936)
«Uyan!»  атты өлеңін жазуына Міржақып түрткі болған. Міржақыптан соң 6 жылдан кейін, 1915 жылы сонымен үндес өлеңін жазып тұр.  Ал 1921 жылы тарих сахнасынан сырғып бара жатқан Шығыс Түркістанның өкілі, ұйғыр шайыры Абдухалиқ Уйғур (1901-1933) Міржақыптың сарынымен жазған «Ойған!» деген  өлеңімен халқына ұран тастайды...

Сөзімізді қорытындылай келе, жастарды, әсіресе қолына қалам ұстаған журналист, тілші, тарихшы, әдебиетші буынға медиасауаттылықтың қыр-сырын үздіксіз меңгеріп, фактчекинг қағидаттарын қатаң ұстанып, халыққа тарататын ақпараттың шынайылығына аса зор мән беруге шақырар едім. Бұл – зор жауапкершілік. Эмоцияға кейде ерік берген жақсы, бірақ бірінші кезекте салқын сана тұрғаны дұрыс. «Жапонияға үлгі болдық» сарынындағы негізсіз ойды көшіріп басып, таратуды осымен доғарған жөн. «Рухымызды жоғары көтеріп жүргеніміз» біздің ұлт үшін өте керек, өйткені мәдениет мен тарихы бай, текті ұлттың біріміз. Тек сол мақтан ететін дүниеміз шындыққа негізделгенін қадағалайық. Арыстарымыздың да өмірлік ұстанымы сондай болатын. Алаш рухы жасасын!

Алма Сайлауқызы

журналист,  алаштанушы, PhD ғылым докторы

 

Пікірлер