Кербұлақ ауданы тұсындағы Көксу өзенінен темір арқан арқылы өтпек болған ер адамның мәйіті табылды. Құтқарушылар 36 жастағы ер адамды оқиға орнынан 15 шақырым төмен жерден тапқан, деп хабарлайды “Адырна”.
«15 мамырда Жетісу облысы аумағында жүргізілген іздестіру жұмыстары кезінде өзен түбінен із-түссіз жоғалған ер адамның мәйіті табылды. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Полиция азаматтарды су айдындарының маңында сақтық шараларын сақтап, ерекше мұқият болуға шақырады. Іздестіру жұмыстарына белсенді қатысқаны және көмектескені үшін ТЖД, Ұлттық ұлан қызметкерлеріне, жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне, тұрғындар мен еріктілерге алғыс білдіреміз», – деп қорытындылады облыстық ПД.
Іздеу жұмыстарына 98 адам мен 22 техника жұмылдырылған.
Еске салайық, 12 мамыр күні Жетісу облысында ер адам өзеннен арқан арқылы өтпек болғанда, қатты ағыс оны ағызып әкеткен болатын.