Мұқтаждық пен масылдықтың ара-жігін қалай ажыратамыз?

1736
Adyrna.kz Telegram

Бұған дейін «мемлекеттен ала берсем» дейтін жатып ішер жалқауларды жағымыз талғанша сынадық, мінедік. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жайлы жолдауында айтып, саусағын қозғалтқысы келмейтіндердің саналарын сілкінтуге күш салып көрді. Қоғамды масылдықтан арылуға шақырды.

Осы тақырып төңірегінде «Адырна» ұлттық порталының тілшісі бірқатар сарапшылардың ойын сұрап көрді.

Мақсат Халық, экономист:

Сіздің түсінігіңізде әлеуметтік масылдық дегеніміз не?

– Соңғы кездері шенділер тарапынан «масылдық» жайлы көп айтылып жүр. Әсіресе, өткен жылы бұл тақырып жиі қозғалды. Жалпы менің түсінігімде масылдық дегеніміз – азаматтардың еңбек етпейтін, тіпті еңбек еткісі де келмейтін бөлігі. Үкімет мені қамтамасыз етуі керек дейтіндер... Бірақ біздің қоғамда масылдықтан гөрі мұқтаждық басым. Өйткені жұмыссыздық 12%-дан асып жығылады. Бірақ біздің қоғамымызда ондай мәселе жоқ емес. Масылдықты көрсететін, әдейі жанжал шығарғысы келетін адамдар байқалып қалады. Ал жұмыс істегісі келетін, бірақ жұмыс таппай жүрген адамға біз қалай масылсың деп айтамыз?! Міне, осындай мәселе. Сондықтан қазіргі уақытта қиын жағдайда жүрген отбасылар саны көбірек.

Үкімет «беремін» деп бәрін жаман үйретіп алған жоқ па?

– Жоқ, қайта арнаулы әлеуметтік төлемдердің көлемі өте аз. Себебі қоғам әлеуметтік көмекке мұқтаж. Біз арнаулы әлеуметтік төлемдер тағайындап жатырмыз, бірақ ол мүлде жетпейді. Мәселен, Еуропада жұмыссыз адамға жоқ деген күннің өзінде 600 евро төленеді. Ал жұмыс істеп жүрген адам айына 800 евро табады. Енді ойлап көріңіз жұмыс істейтін адам арадағы 200 евро үшін тер төгуім керек пе, деуі мүмкін. Сөйтіп ол адам масылдыққа бет бұрады. Міне, масылдықтың болу-болмауы әлеуметтік төлемдерге байланысты.

Масылдықты жою мәселесінде қай елдер бізге үлгі бола алады?

– Өткен пандемия кезеңінде 42 500 теңге төленді. Бірақ бұл аз ба, көп пе? Менің түсінігімде бұл әлдеқайда аз. Ал қазір жұмыссыз жүрген адамдарға қаншалықты ақы төленіп жатыр. Бізде осы әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу керек деп ойлаймын. Оның көлемін арттыру керек, сөз жоқ. Тұтынушылық себетке байланысты да біз 43-ақ тауар бар. Ресейдің өзінде 150 тауар бекітілген. Еуропа мемлекеттерінде 250 тауардан басталып, 600-700 тауарға дейін барады. Осы тұрғыдан келген кезде бізде соңғы рет тұтынушылық себет 43 тауар болып бекітілген. Оның өзі 2006 жылы. Одан бері қанша жыл өтті. Неге біз оның көлемін арттырмаймыз? Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс шегі 37 мың деп көрсетілген. Ұлттық экономика министрлігі мен Тағамтану академиясы келтірген кестеде адам күніне үш уақыт бүкіл дәрумендерімен жеткілікті тамағын алып, жей алады деп келтіреді. Бірақ біз білеміз ол 37 мың теңгені 30 күнге бөлетін болатын болсаңыз, күніне қанша теңге болатынын. Ондай ақшаға сіз бір асыңызды да алып іше алмайсыз ғой. Ал жол шығындарыңыз бар, басқа шығындар бар, демек ең төменгі күнкөріс шегі дұрыс есптеліп тұрған жоқ. Ауруын жасырған өледі дейді ғой. Бізге осы тұрғыда аталған мәселені қайта қарау қажет. Әрине, біз Еуропадағыдай төлем жасай алмаймыз. Ол түсінікті, бірақ осы төлемдердің көлемін қаншалықты өсіруге болады және қалай өсіруге болады? Зейнетақының ең төменгі көлемін қалай өсіруге болады? Осы мәселелер қазір уақытта өзекті деп ойлаймын.

Сапарбай Жубаев, экономист:

Әлеуметтік масылдық тереңдей бастаған тәрізді?!

– Бұл енді анықталған нәрсе ғой. Жалпы масылдық ол әлеуметтік оқиға. Себебі мемлекеттің беретін жәрдемін күтіп отыратын адамдар бар. Еңбек етсе болады, бірақ олай етпейді. Жұмыс істеп, тапқан қаржысынан гөрі атасының зейнетақысын я болмаса белгілі бір жәрдемақыны алып отыра бергенді абзал көретіндер де жетерлік... Мұның себептері көп. Ал «мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым», «бизнес ашуға несие алу қиын» дейтіндердікі жәй ғана сылтау. Олар бір-екі малға қарап, ата-әжелерінің зейнетақыларына өмір сүріп жүргендер. Бірақ мұны жалқаулық дей алмаймыз. Бәлкім, қанымызға сіңіп қалған бірдеңе бар шығар. Әсіресе, кейбір 5 баласы бар азаматтар астанадан үй бер деп айқай шу шығарып жатады. Әрине, оны да түсінуге болады. Кез келген адам астанадан үйлі болғысы келеді. Соны өз еңбегімен, өзінің жинаған қаржысымен алса, жөн ғой. Енді келіп, мемлекетке балаларым көп астанадан үй бер дейтіндердікі масылдықтың бір түрі.

Енді осы тұрғыда біздің қоғам масылдық пен мұқтаждықты айыра алмай жүр ме?

– Айыру өте оңай. 2012 жылы жергілікті биліктің маңызын арттыру туралы тұжырымдама қабылданған. Онда жергілікті биліктің еңбекке жарамды адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралған. Себебі жергілікті бюджеттің табысы сол жердегі адамдардың жұмысымен байланысты. Өйткені бюджеттің табысына тек қана жеке адамдардың табыс табуы қосылады. Ол кезде еңбек етпеген адам бірден білініп қалады. Ал шын мұқтаж адамдарды жергілікті билік біледі. Сондықтан жергілікті жерде мұқтаж адамдар мен масыл адамдардың айырмашылығын анықтау мәселесі жергілікті билікке тиесілі.

Масылдық «жасарып» бара жатқан жоқ па? Оған не себеп?

– Енді бұл барлық кезде болған. Кеңес дәуірінде көрші Беларусьте болды, естуімше әлі де бар. Ол кезде бәрі жұмыс істейтін. Қазір ше? Қазір жастар заңгер болып істер едім немесе экономист болған едім, бірақ қазір жұмысым жоқ десе оны масылсың дейміз. Мұның өзі дұрыс емес. Бірақ жастар еңбек бөліміне бардым, тіркеуде тұрмын деп өзін ақтап алуы да мүмкін.

Масылдықпен күресті кімдерден және қалай бастағанымыз жөн?

– Статистикаға сүйенсек, елімізде жәрдемақыға мұқтаж 1.2 млн адам бар. Қалған 18 млн адамның 9 млн-ы жұмыс істейді. Олар қазір өз еңбегімен табыс тауып отыр. Жалпы 18 млн халықтың табысын көбейтіп, 1.2 млн мұқтаж адамдарға жәрдем беруді ұйымдастыруымыз керек. Бұл өте күрделі мәселе. Жаңа мен айтқандай, біз Еуропа елдеріндегі сияқты өмір сүруге жеткілікті жәрдем беретін дәрежеде емеспіз. Өйткені айлығымыз 60-ақ мың. Бұл өмір сүруге жетпейді. Бірақ сен еңбек ететін, 150-200 мың алатын жерге барып, жұмыс істе. Ой жетпейді дегеннен гөрі, әрекет жаса. Қарауылдық емес бизнесіңді өркендет. Сондай нәрселерге қарауымыз керек. Ал енді Еуропадағы мысалдардың барлығы уақытша. Енді біз дамушы мемлекетпіз ғой. Өркениетті мемлекеттердікіндей масылдықты жоятын әдіс, модуль қалыптастырып үлгерген жоқпыз. Мысалы, мен Түркия моделін ұсынушы едім. Олар бізден бір жарым есе дәулеттірек. Соның өзінде Түркия билігінің еңбек етпеген адамдарға жәрдем беруі өте қиын.

Сұхбаттасқан Оралбай Мырзақұлов,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер