127 млрд теңгеге университет: Mabetex компаниясы, Пакколи мен Назарбаевтың достығы

6045
Adyrna.kz Telegram

Елімізде Ұлттық спорт университетінің құрылысын 127 миллиард теңгеге құжат бойынша, құрылыс-монтаж жұмыстарына «Saranda Building» ЖШС-не тапсырыс бермекші. Бұл компания Қазақстанға бұрыннан таңсық емес секілді. «Адырна» ұлттық порталы компания туралы, атқарылған жұмыстары мен астарына үңіліп, зерттеу жүргізіп көрді.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы» көпсалалы спорт кешені «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт университеті» нысанының құрылысы бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер кімнен сатып алынатыны анықталсын,», - делінген Үкімет қаулысының жобасында.

Құжат бойынша олар құрылыс-монтаж жұмыстарына «Saranda Building» ЖШС-не тапсырыс бермекші екені анықталды.

«Жобаны іске асыру 2022-2024 жылдарға арналған. Республикалық бюджеттен 127 311 535 758 теңге шығын шықпақ», - делінген қаулы жобасының түсіндірме жазбасында.

Mabetex Project Engineering (Mabetex group) – бұл өнеркәсіптік жоспарлаудың көптеген салаларында мамандандырылған, 1991 жылы құрылған жаһандық инженерлік-құрылыс компаниясы. Behgjet Pacolli өнеркәсіптік құрылысты жоспарлау және сату саласында тәжірибесі бар басшы. Бүгінгі таңда Mabetex - әлем бойынша 18 еншілес компанияға дейін өскен ғаламдық компания. Компанияның штаб тобы Швейцарияның Лугано қаласында орналасқан.

Осыдан 24 жыл бұрын «Мабетекс ісі» деген атышулы сыбайлас жемқорлық дауы болған еді. Алаяқтық ісіне швейцариялық құрылыс компаниясы Mabetex Engineering, оның еншілес кәсіпорны Mercata Trading & Engineering SA және Ресей Федерациясының бірінші президенті Борис Ельциннің жақын адамдары қатысты. Іс материалдарынан бұл компаниялар Мәскеу Кремлінде реставрация жұмыстарын жүргізу барысында мемлекеттік қызметкерлерге пара беру үшін тиімді келісім-шарт жасалынғаны белгілі болды. Тергеу жұмыстарымен Ресей, Швейцария және Италияның прокурорлары мен тергеушілері айналысты.

Барлығы 1998 жылдың көктемінде швейцариялық Banco del Gottardo банкінің кеңесшісі Филипп Туров Кремльді қалпына келтіру жұмыстарын қабылдау комиссиясын басқарған Ресей президентінің істері жөніндегі басқарушы директоры Павел Бородинге қарсы куәлік еткен кезде басталды. Атап айтқанда, Швейцарияның бас прокуроры Карла дель Понтемен сұхбатында ол Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің ресейлік шенеуніктерінің Mabetex-пен келісім жасау кезіндегі теріс әрекеттері туралы хабарлады. Осыдан кейін Карла дель Понте Мәскеуге барып, Ресейдің сол кездегі бас прокуроры Юрий Скуратовпен кездесіп, оған Туровердің дәлел-айғақтары туралы мәлімдеме жасаған болатын.

1998 жылдың қазан айында Туровер Мәскеуде Скуратовпен кездескеннен кейін, өзінің кеңесшісіне билігін асыра пайдаланды деген күдікпен қылмыстық іс ашуды тапсырды. Істі тергеу барысында Кремль ғимараттарын қалпына келтіру жұмыстарының сметасы 30-60 пайызға асыра көрсетілгені белгілі болды. Бородин мен оның орынбасарлары бірінші тексерілетін күдіктілер қатарынан болды. Мабетекстің кеңсесінде де, кейінірек Ресей Президентінің Әкімшілігінде де тінтулер жүргізілді. Mabetex басшысы Бехжет Паколлиден Карла дель Понте жеке жауап алды.

2011 жылдары Паколли президенттікке үміткер ретінде қатысқан болатын. Косовоның Конституциялық соты Бекжет Паколлиді ел президенті етіп сайлау процедурасын заңсыз деп таныды. Оның «Мабетекс» компаниясы Астанада көптеген нысандар салған. Одан қалса, Кремльді қалпына келтіруге қатысты жанжалдың басты себепкері де болды.

Mabetex Өзбекстан мен Қазақстанда да белсенділік танытып, Астанадағы президент сарайының құрылысын да өздері жасады. Mabetex сайтында Астана халықаралық әуежайы, концерт залы, «Арман» кешені, Radisson SAS қонақ үйі, Астанадағы президент сарайының зәулім ғимараты, сондай-ақ көптеген үкіметтік ғимараттары тұрғызылғаны туралы ақпарат берілген.

2020 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Mabetex Group компаниясының негізін қалаушы Пакколиді мемлекеттік сыйақымен марапаттаған болатын.

Биыл да Пакколидің қатысуымен ірі сауда дүкенінің сатылымы орын алды. Толығырақ айтатын болсақ, «Sine Tempore» сауда үйін Паколли отбасынан Нұр-Сұлтан әкімдігіне қарасты мекеме «Астана Экономика басқармасы» ЖШС 9,5 млрд теңгеге сатып алған.

«Ол кезде әкімдік аппараты басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қол қойған меморандумға сәйкес, барлық 9,529 млрд теңге «Sine Tempore» сауда үйін сатып алуға арналған. Әдемі, анық еуропалық атау сізді алдамасын. Sine Tempore - Целиноград қаласындағы ескі кеңестік орталық әмбебап дүкен», - деді әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі қазақстандық журналист Михаил Козачков.

«Mabetex құрылыс компаниясының иесі Паколли елордада біраз дүние салды, мысалы, әуежайдың жаңа терминалы 92 миллиард теңгеге, ЭКСПО павильондары 93 миллиард теңгеге, Барыс мұз сарайы 48 миллиард теңгеге, опера және балет театры да осындай сомаға...

Сондай-ақ «Қазақстан» концерт залы, Республикалық диагностикалық орталық және Ана мен бала орталығы. Forbes журналының мәліметінше, Паколли Қазақстанда барлығы 1,7 миллиард доллардан астам қаржыны игерген»,- деп жазды журналист.

Қорыта келе, Швейцариялық Mabetex компаниясының қазаққа сіңірген «еңбегі» көп екені мәлім. Нұр-Сұлтан қаласының барлық дерлік ірі ғимаратын құрған. Ендігі салынғалы жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылыс жұмысы да швейцариялық атауы басқа, атасы бір Saranda building компаниясы жүзеге асырмақ. Бұл компанияның да Пакколимен тікелей қатысы бар.

Saranda building компаниясының қазіргі басшысы - Дүйсенов Қуаныш Тәукенұлы.

Қызығы, Дүйсенов Қуаныш 2008 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) діни экстремизм мен терроризмге қарсы департаменттің басшысы қызметін атқарған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер