Күйеулерінен зардап шеккен әйелдер 1 күннен кейін өздері бөлімшеден шығарып алады - ПСИХОЛОГ

2644
Adyrna.kz Telegram

БАҚ беттеріндегі ақпараттарға көз жүгіртсек қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық өте қатты белең алуда. Балалардың зардап шегуі, күйеулерінен таяқ жеу арқылы өлім құшқан әйелдердің саны шексіз. Неліктен? Бұл туралы “Адырна” тілшісіне 7 жылдық тәжірибесі бар практик-психолог маман Ұлмекен Сәндібекқызы  пікір білдірді. 

-Тұрмыстық зорлық-зомбылық дәл қазіргі уақытта өте көп орын алуда. Балалардың зорлануы, күйеуі әйелін тірілей өртеуі, жол бойында ұруы, пышақтап өлтіруі сынды... Тіпті айтуға ауыз бармайды. Үлкен бір жауап болсыншы. Мұндай ауыр қылмыс неге отбасы деп аталатын Отаннан басталып жатыр?

-Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келетін тұлғалық факторлар: ер адамның өз бағалауының төмендігі, ішімдікке, есірткіге, құмар ойындарына тәуелді ,психикалық ауытқушылығы болған жағдайда орын алады.

Ал балалық сәтке көз жүгіртсек базалық сенім дұрыс орнамағандықтан болады.

Ал әлеуметтік факторлар, жоқшылық, табыс көзінің жоқтығы, жұмыссыздық білімі мен мәдениетінің төмендігі осындай жантүршігерлік жағдайларға алып келеді.

-Күйеуінің қолынан қаза тауып жатқан әйелдер саны жетерлік. Соңы осылай аяқталуға не түрткі болады?

-Күйеуінің аффект күйінде болған сәтінде, жинақталған ыза-кек әсерінен, мас күйінде, есірткінің әсерінен орын алуы мүмкін.

Ал кейбір жағдайда, әйелдер күйеуінің жағдайын көре, біле тұра ешбір әрекет жасамай, көмекке жүгінбей өзгеруін күтетін сәттер болады.

Тіпті полиция қызметкерлеріне шағымданып, 1 күн өтпей жатып өздері шығарып алатын жағдайлар орын алып жатыр.

Ал жағдай одан әрмен ушыға береді. Содан кейін осындай қайғылы сәтке алып келеді.

-Отбасы құрмастан бұрын “мынадай дүниелерге жол жоқ” деген сынды заң жобасы қажет пе?

-Әрине, егер заң жүзінде қолға алынып, қатаң түрде жазаланатын болса осындай жағдайлар азаяр еді.

-Ашығын айтсақ, өз ағасынан тіпті әкесінен зорлық көретін балалар да қоғамда көп. Олардың болашағы қандай болмақ? Психологиялық жара орны кейін жазыла ма?

-Өте ауыр жағдай. Психологиялық жара жазылады,-деп айта алмаймын.

Себебі, өткен жағдай ұмытылады,- деп айту қиын. Психологиялық қолдауда жүруі тиіс.

Психологиялық жаза толығымен жазылмайды. Тек жыл өткен сайын ол жағдайға басқа көзқараспен қарайтын болады. Өз ойын өмірінің басқа арналарына бөле бастайды.

-Қазақтың салты әдемі. Бізде жастар отау құрса көбіне “келін келді” деген ниетте қатты қуанатын секілді. Дәл сол келіндік өмірді көбі “тыныш жүру мен шыдау” деп қабылдайды. Дәл осы “шыдап бағу” тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеп соға ма?

-Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші әр үйдің қалыптасқан тәртібіне қарай. Кейбір отбасыда ол қасиетіңізді бағаласа, екінші отбасы ыңғайлы әйел ретінде қарауы әбден мүмкін.

Егер, эмоция-сезімдерін жасырып, ойларымен бөліспеген жағдайда жеке аймағының бұзылуына алып келеді.

Ал жеке аймақ бұзылғаннан соң, күйеуі ғана емес енесі де қысым көрсетіп жатады. Сол себепті қыз-келіншектерге кеңесім “тұрмысқа шыққан соң шыдау керек екен”- деп өз жеке аймақтарыңызды ұмытуларыңыз жөн емес.

-Пікір білдіргеніңізге рақмет!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер