"Біраз миллиардтар бюджетке қайтып жатыр деген ақпарат шығып жатыр. Бұл қаражаттарға байланысты нақты ашықтық болуы керек. Ол қаражат қайда жұмылдырылды? Қандай мақсатта, қандай әлеуметтік маңызы бар мәселені шешуге жұмылдырылды? Сол туралы толық есеп халыққа айтылып отыруы керек. Сол кезде ғана қазіргі Үкіметтің әрекетіне халықта сенім пайда болады". Бұл пікірді белгілі экономист, қаржыгер Мақсат Халық Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Біраз миллиардтар бюджетке қайтып жатыр деген ақпарат шығып жатыр. Әрине бұл қуантады. Көптеген азаматтардан сұрақтар келіп түсіп жатыр. Ол қаражат енді қайда жұмылдырылады? Қандай мақсатта қолданылады? Әрине, бюджетке түсіп жатса бұл ары қарай бюджеттік процессте шешілетін дүние деп айтқым келеді. Яғни бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар салаларға бағытталуы керек. Әлі шешімін таппай тұрған әлеуметтік мәселелерге жұмылдыру керек деп есептеймін. Дей тұрғанмен халықта жалпы осы біздегі бюджеттің реттелуі мен бөліну процессіне күмәнмен қарайтындар бар. Өйткені, көп жағдайда бізде бюджет қаражатының өзі жымқырылып кететін жағдайлар көп... Бұл қаражаттарға байланысты нақты ашықтық болуы керек. Ол қаражат қайда жұмылдырылды? Қандай мақсатта, қандай әлеуметтік маңызы бар мәселені шешуге жұмылдырылды? Сол туралы толық есеп халыққа айтылып отыруы керек. Сол кезде ғана қазіргі Үкіметтің әрекетіне халықта сенім пайда болады деп есептеймін", - дейді Мақсат Халық.
Қаржыгердің айтуынша, күні бүгінге дейін елден түрлі схемалармен кетіп жатқан ақша қаражаттарының ағыны тоқтап жатқан жоқ.
"Міне, осыны тоқтатудың нақты жолдары жасалуы керек. Шелектің түбі тесік болса, ол жақта су бәрібір қалмайды... Сондықтан ертең біз өзіміздің келешек ұрпаққа арнайтын қорымызда бір нәрсе қалсын десек, қазірден бастап осы мәселелерді толық қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Ол бізде Заң үстемдігі... Мысалы, екі азаматтық алуға болмайды деген Заңымыз бар. Бірақ соған қарамай ол Заңды таптап, екі азаматтығы бар азаматтар өзге елдегі азаматтығын пайдалану арқылы қаржы шығарып алудың түрлі жолдарын ойластырып жатқандар да бар. Сондықтан да құзіретті органдардың да бұл жақта нақты жұмыс жасауы маңызды деп есептеймін. Барынша блокчейн технологиясын қолдану осы жерде маңызды деп ойлаймын. Өйткені, ақшаның цифрлық іздері бәрі сақталып отыратын болады. "Қайда кетті? Қайда жұмсалды? Қандай келісімшарттар жасалынды?" деген мәселелердің барлығы... Мінекей, одан кейін барып шетел асып кеткен қаражатты қайтару бойынша нақты жұмыстар жүргізуге болады", - дейді қаржыгер.
Экономисттің сараптауынша, ел қазынасына қаражаттардың қайтып жатқанының негізгі себебі - ол осы қаражатты шығарған азаматтардың тергеуде отырғандығында...
"Шетел асып кеткен қаншама азаматтар бар. Швейцария банктерінің кодовой счеттарына, ячейкаларына ақшаларын салып қойған. Оларды қайтарудың қазіргі кезде реалдылығы төмен. Өте төмен деп айтуға негіз бар. Дей тұрғанмен Еуропалық Одақта, Америкада осы Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражатты қайтару бойынша көмектесетіндерін айтып жатыр. Бұл да кішкене болсын көңілге үміт сыйлайды", - дейді Мақсат Халық.
Зарина ӘШІРБЕК,
"Адырна" ұлттық порталы