Айтпаса сөз атасы өледі

3518
Adyrna.kz Telegram

Жақында Алматыда "АДЫРНА" ұлттық этнографиялық бірлестігі "Алаш арыстары және Ашаршылық" атты үлкен ғылыми конференция өткізген болатын.

Сонда сөз алып, бес тезис айтқан болатынмын.

  1. Ашаршылық, Ұлттық Апат, Зұлмат тақырыбы мәңгі тақырып. Бұл тақырып қайткен күнде де күн тақырыбынан түспейді. Жаны қазақ, жүрегі қазақ, рухы қазақ бұл тақырыпты ешқашан ұмытпақ емес.
  2. Тарихшы, архивші ғалымдар алдағы уақытта Зұлматта көз жұмған қазақ саны туралы ортақ мәмілеге келуі шарт. Бұл ұжымдық келісім - ұлттық келісім мен бірігудің шарты. Бұл келісім ортақ мұратшылдық пен саяси әрекеттердің басы болмақ.
  3. Зұлматтың мәселесін қазақ қоғамы геноцид деп тану туралы мәселе көтерген болатын. Бүгінде Жаңа Қазақстан Форумы осы мәселені өзінің алғашқы мәселелерінің бірі, тарихи әділеттілік пен рухани-саяси тұғырлық маңызы бар мәселе ретінде көтеріп отыр. Абзалы жаны мен рухы қазақ барша ұйымдар өз дәрежесінде Зұлматты қазаққа жасалған қасақана геноцид деп тануы міндет. Бұл мәселе тарихшылар мен зиялы қауым тақырыбы аясынан шығып, ұлттың саяси күн тәртібіне еніп, кешегі империямен құйрық үзісіп, ажырасудың алғышарты болуы тиіс.
  4. Егер қазақ қоғамы бұл мәселені ту етсе, билік ешқайда қаша алмайды. Өзі үшін пайдаланып, іске асырады.

Біздер бұл тақырыпты әлемге мойындатамыз. Жақында мәселені Еуропада көтердік. Енді АҚШ-та да айтамыз. Түбі әлем қазақпен бірге иық тіресіп, Зұлматты - геноцид, коммунизм-сталинизмді - қылмыстық идеология деп танитын болады.

  1. Бұл тақырып бізге біреуден кек алу үшін керек емес. Бұл біздің ұлт, қоғам ретіндегі ұйысып, бірігуіміздің нышаны. Бұл біздің ұрпақтық, адами, адамгершілік борышымыз. Екінші дүниежүзілік соғыста, Зұлматта көз жұмған әрбір қазақты айтпай, түгендемей, жерлемей біз оңған ел бола алмаймыз. Олар тыныштық таппай Қазақстанда соғыс та, ашаршылық та аяқталған жоқ. Өлі риза болмай, тірі байымайды.

 

Пікірлер