Бетке талас (сатира)

2557
Adyrna.kz Telegram

Решат Нұри ГҮНТЕКИН,

түрік жазушысы.

Қырықтың қырқасындағы бай саудагер Халит Бей бөлменің бір бұ­рышында ойнап отырған баласына:

– Жават, бері кел… Қарашы, саған бірдеме әкелдім, – дейді.

– Ол не, папа? – деп баласы кергиді.

Әкесі қолындағы шоколадты қалтасынан шығарып:

– Міне, мынау… Тоқтай тұр, тегін емес, бетіңнен сүйгізбесең бермеймін…

– Жақсы, папа… Мінекейіңіз, – деп, әкесінің тізесіне отыра қалып бетін тақайды.

Осы сәт Халит Бейдің бәйбішесі Ферхунде ханым:

– Халит, саған қанша айтамын, мына баланы сүйе бермеші!.. – деп наздана қарайды.

– Саспа, саған да бірдеме қал­ды­рамыз ғой… – дейді Халит Бей.

– Сүйе берме деген соң, қой­саңшы енді!

– Қоятын несі бар? Сүйем бе, сүймеймін бе, онда шаруаң қанша?!

– Шаруаң қанша дегенің не?! Баланы осылай құртасың ғой… Бетін әбден сорып тастадың, созып жібердің… Темекінің иісінен мен де сүйе алмай жүрмін. Баламыздың бетінен темекінің сасық иісі шығады…

– Баяғыдан бері соны айтсаң­шы… Сен өзіңді ғана ойлайсың. Ен­деше, мені тыңдап ал! Мен қырық жасымда бала сүйдім, сондықтан өле-өлгенше сүйіп кеткім келеді…

– Сен баланы сүйемін деп, бір күні мені темекінің сасық иісімен тұншықтырып өлтіресің ғой…

– Олай болса, таптым… Баланың екі бетін бөліп алайық. Оң жағы менікі болсын, сол жақ сенікі…

– Жарайды. Бірақ менің жағыма жолай көрсең… Балапаным, мынау жағың менікі, ешкімге сүйгізбе, жарай ма!

– Ал бетіңнің мына жағы менікі. Біреуге сүйгізетін болсаң саған ештеме әкелмеймін. Сондықтан, байқа, балам!

– Ал балам, бетіңнің қай жағы менікі? – дейді шешесі.

Баласы саусағымен сол жағын көрсетіп: – Мынау жақ, – дейді.

– Ал менікі ше? – деген әкесіне оң жағын нұсқап: – Міне, – деп, бетінің екі жағын екі қолымен ұстап: – Мынау жақ маманікі, мынау жақ папанікі… – дейді.

Әке-шеше, бала арасындағы бөліске түскен әңгіме осымен бітіп, кешке жақын бір өзі ғана тамақтанып отырған үйдің ерке баласы қызметші аспаз ағасына:

– Ағатай, маған құрма тәттісінен берші, мамам: “Бетің бөртіп кетеді” – деп бермейді… – дейді.

Осы сәтте елуді еңсерген толық аспаз ағасы:

– Беремін ғой, шырағым… Бірақ бетіңнен сүйсем ғана беремін, – дейді қырсыққанда.

– Болмайды, мама ұрсады.

– Мамаңа білдірмейміз.

– Онда папам маған шоколад әкелмейтін болады.

Аспаз ағасы жүгіріп жүрген баланы ұстап алып:

– Сен сүйгізбесең де мен бәрібір сүйіп аламын, – деп, баланың қарсылығына қарамай «сол жақ» бетінен сүйіп алады.

Көп өтпей үйге шақырылған қо­нақтар келіп жайғасады. Өң­кей ығайлар мен сығайлар… Ара­ла­рындағы мешіттің имамы бір әңгі­мені айтып отырғанда үйдің ерке баласы томсырайып келгенде әкесі:

– Балам, не болды? – деп шошып кетеді.

Балада үн жоқ, қабағы қату, ерні дүрдиген…

Ыңғайсыздықты сейілтпек бол­ған мешіт имамы:

– Батырым, не болып қалды? Айт­шы, кәне! – дегенде, бала бол­ғанды баяндап:

– Анау аспаз ағай… Бағана «мамамның бетінен» сүйіп алды… – деген екен


Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Пікірлер